"Не айтып жатқанын түсіну қиын": алматылықтар төтенше жағдайды хабарлайтын құлақтандыру жүйесіне шағымданды
Жарияланған күні:
Читать на русскомТөтенше жағдайлар жөніндегі вице-министр үкіметте өткен брифингте ТЖ кезіндегі дабыл жүйесінен хабарланған сөздерді түсіну неліктен қиынға соғатынын түсіндірді. Бұл мәселені алматылықтар көтерген еді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
БАҚ өкілдері бұл ескерту Алматыдағы төтенше жағдайларды алдын ала хабарлау жүйесін сынақтан өткізу кезінде айтылғанын атап өтті. Қала тұрғындары әлеуметтік желіде құтқарушылардың нені ескертіп жатқанын анықтау қиын деп шағымданған.
"Сөздері түсініксіз дегенге келер болсақ, онда әрбір сөйлеу қондырғысының өз қамту аймағы бар. Бұл жерде үй қабаты әсер етеді, кей қабатта сөздер анық естілмеуі мұмкін", - деді Бауыржан Сыздықов.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта қызметкерлер тек Алматыда ғана емес, Қазақстанның түкпір-түкпірінде осы қондырғылардың қамту аймағын егжей-тегжей тексеріп жатыр.
"Нүктелерді нақты анықтап, қазірдің өзінде қондырғыларды орнатып немесе керісінше, оларды алып тастайды, яғни бұл – техникалық мәселе", - деді спикер.
Еске салсақ, 26 шілдеде Алматыда жер сілкінісі болған жағдайда тұрғындарды хабардар ету мақсатында кезекті командалық-штабтық оқу-жаттығу өтті. Кейбір алматылықтар сол күні президент атынан хабарлама алған еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2141958-ne-aityp-zhatqanyn-tusinu-qiyn-almatylyqtar-totenshe-zhagdaidy-habarlaityn-qulaqtandyru-zhuiesine-shagymdandy/