Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Павлодар облысындағы шұңқырға құлаған автобус: сотта "Майқайыңалтынның" кінәсі расталды

Жарияланған күні:

"Майқайыңалтын" АҚ аумағы
"Майқайыңалтын" АҚ аумағы. Фото: Валерий Бугаев

Сотта Павлодар облысында шұңқырға құлап кеткен автобус апатына "Майқайыңалтын" АҚ кінәлі екені расталды. Бұл туралы Астана соттарының Telegram-дағы арнасында хабарланды.

Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы Астана мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 16 сәуірдегі шешімін өзгеріссіз қалдырды (арнайы тергеу актісінің бөлігін заңсыз деп тану және күшін жою туралы).

Сот өкілдерінің ақпаратынша, жазатайым оқиға жұмыс уақытында "КӘАҚҚ РОШ" ЖШС қызметкерлерінің еңбек міндеттерін орындау кезінде болған. Актімен жұмыс берушінің кінәсі 100 пайыз анықталған.

"Майқайыңалтын" АҚ жазатайым оқиғада өзінің кінәсін жоққа шығарып, бұл актіні даулаған.

"Сотта жазатайым оқиға "Майқайыңалтын" қауіпті өндірістік объектісінде технологиялық жолдың жоғарғы қабатының шахтаның тазарту кеңістігіне құлауы және "КӘАҚҚ РОШ" ЖШС құтқарушыларымен бірге автобустың құлауы салдарынан орын алғаны анықталды.

Соттар комиссия актіде "Майқайыңалтын" АҚ-ның 100% кінәсін негізді түрде көрсетті деген қорытындыға келді, өйткені болған жазатайым оқиға талапкердің өндірістік қызметімен тікелей байланысты.

Соттардың қорытындылары сотта зерттелген тергеу материалдарымен, оның ішінде сараптама ұйымдарының қорытындыларымен расталды.

Елорда соттары арнайы тергеу актісінің даулы қорытындылары заңды және негізді деп тапты, ал "Майқайыңалтын" АҚ-ның талабын қанағаттандырудан бас тартылды", - делінген хабарда.

Жергілікті соттардың сот актілері заңды күшіне енген жоқ.

Еске салсақ, 2024 жылғы қаңтарда Павлодар облысындағы "Майқайыңалтын" АҚ аумағында автобу шұңқырға құлап кетті. Оның ішнде "КӘАҚҚ РОШ" ЖШС үш құтқарушысы мен бір жүргізушісі болған.

Қаңтар айында шұңқырдан екі құтқарушының денесі жер бетіне шығарылды. Сондай-ақ үшінші құтқарушы мен автобус жүргізушісін іздеу жалғасып, кейін тоқтатылды.

19 шілдеде 70 метр тереңдіктен құтқарушының денесі табылды.

Ал 25 шілдеде шұңқыр аумағынан құлаған автобус табылған. Әкімдік өкілдері көлік құралының алдыңғы бөлігіне бару мүмкін болғанын, бампері мен дөңгелегі көрінгенін хабарлады. Сол күні жоғалған төртінші адамның денесі 75 метр тереңдіктен табылды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2142114-pavlodar-oblysynda-avtobus-shungqyrga-qulady-sotta-maiqaiyngaltynnyng-kinasi-rastaldy/