Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Шымкентте бұралқы иттер қауіп төндіре бастады

Жарияланған күні:

қаңғыбас иттер
Қаңғыбас иттер. Көрнекі фото: pixabay.com

Шымкенттің 15-шағынаудан тұрғындары бұралқы иттер мен үйсіз адамдардан құтыла алмай әлек. Жаз басталғалы қаңғыбас жануарлар үріп мазаны алатыны аздай, адамдарға шабуылдауға көшіпті. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Otyrar.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Телеарнаның айтуынша, Фосфоршылар сарайының жанында иттердің шәуілдеп үргені таңертеңнен-кешке дейін жалғасатын көрінеді. Кейде түскі уақытта тоқтап қалады дейді Әл-Фараби ауданының тұрғындары. Осы маңда 4 жылдан бері тұратын Жамал Бейсенбі қаңғыбас жануарлар адамдарға шабуыл жасайды дейді. Әрі-бері жүрген балаларға тарпа бас салама деп уайымдап жүрген әйел, төрт аяқтылардың күн санап көбейіп келе жатқанын айтады.

"Қолымда 3 және 4 жасар немерелерімді жетектеп, "Көктем" базарынан келе жатқан бетімде, 7-8 ит алдымнан шықты. Аңтарылып, не істерімді білмей қалдым. Сөйтіп артқа кеттім. Артқа кетіп, әшейін былай келе салатын, тез жететін үйге автобуспен айналып келдім", — дейді тұрғын Жамал Бейсенбі.

Жібек жолы даңғылында орналасқан 43-ші үйдің тұрғындары бұл мәселе "Фосфоршылар" сарайын қоршағалы бері басталғанын айтады. Тұрғындардың сөзінше, олар мәселені көтеріп бірнеше рет жауаптыларға жүгінген, алайда нәтиже болмапты.

"Фосфоршылар" сарайын қоршаған соң, иттер көбейіп, сол жерді мекендей бастады. Кемі 20 шақты ит жүреді. Барлығы бір жерге жиналып үргенде мүлдем тыныштық бермейді. Бұған дейін бұл мәселені неше рет айттық, ешкім келмеді", - дейді Шымкент қаласының тұрғыны Владимир Чиркин.

"Мына иттер бәле болды. Біздің ауламызда балалар көп. Бұның біреуін ит талап өлтірсе, кім жауап береді?" - дейді тағы бір тұрғын Өркен Әбдреев.

Мұндағы тұрғындарды мазалайтын мәселе бір бұл ғана емес. Жергілікті халықтың айтуынша қазір үй маңын, ауланы үйсіз-күйсіз адамдар жайлап алған. Олар тіпті қолдан шатыр құрып, төсек салып, көпқабатты үй ауласын өз меншігіне айналдырып алған дерсің. Ең қорқыныштысы, қураған шөп пен ағаштардың ортасында отырып, от жағып өздеріне тамақ істейді деген тұрғындар. Олар бір күні ауланы өртеп жібере ме деп алаңдайды. Ал ауладағы жиналған қоқыстың иісі қолқаны қабады.

"Түнімен жатады, ішеді, төбелеседі, айғайлайды. Төсектеріне дейін салып алған. Қоқыс шашып тастаған. Бала-шаға шыға алмайды", — дейді тұрғын Гүлнар Есенгелдиева.

"Үш топ бар, соның бір тобы мына жерде тамақ пісіреді, шай қайнатады, қорықпайды. Бұрын бұл жерге отырып салқындап демалатын едік, қазір мүлдем келе алмай қалдық", - дейді Шымкент қаласының тұрғыны Жамал Бейсенбі.

15-ші шағынаудан тұрғындарының мәселесіне жауаптылар жұмыс жүргізіліп жатқанын айтады. Ветеринария бөлімінің басшысы айтулы аумақтағы қаңғыбас иттер мәселесімен таныс екен. Сөзінше, екі күннен бері аулау бригадасы жұмыс істеп, 7 ит ауланыпты. Жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады дейді ол.

"Ол жерден бізге шағымдар 109 «IKomek» орталығы арқылы келіп түскен болатын. Түскен өтініштер бойынша біздің №3 аулау тобы аулау жұмыстарын жүргізген. Қазіргі таңда жануарларды жауапкершілікпен қарау туралы заң шыққандықтан қазіргі аулау жұмыстары жануарларға зиян келтірмейтін тәсілдермен ауланады. Бір бригада екі адаммен барады, ол жерде топырлап жүрген иттер бір-екеуін ұстап жатқан кезде, басқа иттер қашып кетеді. Сол себепті бір барған жеріне қайтадан баруға тура келеді", - деп жауап берді Шымкент қаласы ауылшаруашылығы және ветеринария басқармасының бөлім басшысы Ерлан Әденов.

Ал ауланы мекендеген бір топ үйсіздер мәселесін полицейлер өз бақылауына алғанын мәлімдеді.

"Әл-Фараби ауданы полиция басқармасының учаскелік полиция инспекторларымен әкімшілік аумақта құқық бұзушылықтардың алдын алуға және оларды болдырмауға бағытталған рейдтік іс-шаралар күнделікті жүргізіліп жатыр. Аталған аумақ учаскелік полиция инспекторларымен қатаң бақылауға алынғанын хабарлаймыз", - деді Шымкент қаласы ПД баспасөз қызметінен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2142285-shymkentte-qanggybas-itter-qauip-tondire-bastady/