Жаңа бірыңғай уақыт белдеуіне қарсы петиция қашан қаралатыны белгілі болды
Жарияланған күні:
2 тамызда Астанада бірыңғай уақыт белдеуіне қарсы петиция бойынша шешімнің жобасын қоғамдық талқылау өтеді. Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігі ресми сайтында хабарлады.
Ведомствоның ақпаратынша, іс-шара 2024 жылғы 2 тамызда сағат 9:00-де Астана қаласындағы "Астанагенплан" ҒЗЖИ ЖШС ғимаратында өтеді.
"Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 90-5-бабы 2-тармағының 2-тармақшасына сәйкес өтініш беруші Р.М. Лепскийді немесе оның өкілін, сондай-ақ мүдделі тұлғаларды уақыт белдеуіне қатысты петиция шешімінің жобасын ашық талқылауға шақырады", - делінген хабарламада.
Өтінімдер бүгін, 1 тамыз сағат 18:30-ға дейін 8 778 269 37 20 нөмірі бойынша қабылданады. Іс-шараның онлайн-трансляциясы министрліктің Facebook-тегі ресми парақшасында көрсетіледі.
Еске салсақ, биыл 1 наурызда Қазақстан бірыңғай UTC +5 уақыт белдеуіне ресми түрде ауысты. Еліміздің бірнеше өңірінде уақыт бір сағатқа артқа жылжыды.
Атап айтқанда, Астана, Алматы, Шымкент қалаларында, Ақмола, Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Шығыс Қазақстан, Абай, Жетісу, Ұлытау облыстарында жергілікті уақыт бір сағатқа артқа қойылды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2143069-erteng-astanada-birynggai-uaqyt-beldeuine-qarsy-petitsiia-qaralady/