"Жұмысқа алмайды не мүгедектік тағайындамайды": өндірісте екі саусағынан айырылған атыраулық мұнайшы мұңын айтты
Жарияланған күні:
Атыраулық Артур Баймұханов мұнай компанияларының бірінде қызмет еткен кезінде жарақат алып, екі саусағынан айырылған. Салдарынан 31 жастағы азамат бір жылдан бері еңбекке жарамсыз. Алайда осы күнге дейін компания тарапынан да, үкіметтен де тиісті материалдық көмек алмай отырғанын айтып шағымданды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Артур Баймұханов мұнай компаниясында 10 жылға жуық мұнайшы болып қызмет еткен. Алғашында мұнай бұрғылау маманының көмекшісі қызметін, кейін мұнай бұрғылау маманы болып жұмыс істеген. Өндірістегі жұмыс ауыр екенін, техника да жиі істен шығатынын айтады. Кезекті вахта кезінде жүк көлігінің тежегіші ұстамай қалып, көлік артқа қарай жүріп кеткен. Сол кезде жұмысшының оң жақ қолы техниканың астында қалып қойған.
"Біз далалықта жұмыс істейміз. Бұл жағдай бір кен орнынан екінші орынға құралдарымызды көшірген кезде болды. Шебердің бұйрығымен үш жұмысшы болып заттарды көшірдік. Сол кезде машинаның тежегіші ұстамай артқа жүріп кетіп, қолым астында қалып қойды. Жағдайдан кейін сол маңдағы ең жақын амбулатория орналасқан Бейнеу ауылына бардық. Сол жерден бір саусағыма ампутация жасалды. Кейін Атырауға үйіме келгеннен кейін екінші саусағым іріңдей бастады. Осылайша екінші саусағымды да кесіп алып тастады. Бір қолым түгел жұмысқа жарамсыз болып қалды",- дейді Артур.
Зардап шегушінің айтуынша, мұнай компаниясы өкілдері отаға кеткен шығындарды жапқанымен, моральдық көмек көрсетпеген. Осы күнге дейін мүгедектік статусын да ала алмай жүргенін айтады.
"Ота шығындарынан бөлек, төрт ай жұмысқа жарамсыздық бойынша ақы төленді. Кейін компания басшылығы мүлдем хабарсыз қалды. Әне-міне деп сылтауратып, бір жыл өтіп кетті. Мені мамандық бойынша жұмысқа алмайды, өйткені алып тастаған екі саусағымның қасындағы саусақтар бүгілмейді, яғни олар да жарамсыз. Мүгедектік те тағайындалмайды. Ондай статус алу үшін бір қолда төрт саусақ болмау керектігін айтады. Не мүгедектік ала алмай, не еңбекке жарамсыз болып үйде отырмын", - дейді тұрғын.
Артурдың айтуынша, 25 пайыз жұмысқа жарамсыз деген анықтамасы бар. Жұмыс орны еңбекақысының 25 пайызын төлеп отыруға тиіс, алайда ешқандай өтемақы алмай отырғанын алға тартады. Ол әйелі және баласымен пәтер жалдап жүрген көрінеді. Қазіргі кезде өзі үйде, әйелі ғана жұмысқа шығып жүргенін айтады.
"Мен қызмет кезінде аяқастынан жұмысқа жарамсыз болып қалдым. Отбасым бар. Қазір әйелімнің тапқан ақшасына өмір сүріп жатырмыз. Компания ең болмаса пәтер алып берсе деген талабым бар. Осыған дейін өздері бір шешімге келер деп үміттендім, күттім. Бірақ шыдамның да шегі бар. Барлық заң органдарына арызымды жаздым", - дейді атыраулық азамат.
"Мунай Сервис ЛТД" компаниясының техникалық қауіпсіздік маманы Ақниет Оразовтың айтуынша, қызметкерге заң аясында барлық көмек көрсетілген. Дегенмен қазіргі кезде іс қайта көтеріліп, тергеу жүргізіліп жатқан көрінеді.
"Біз бұрынғы қызметкеріміздің айыбымен келіспейміз. Қызмет кезінде оқиға орын алғаннан кейін компания өкілі бастан аяқ жұмысшының қасында болды, ота шығындары компания тарапынан өтелді. Жағдайдан кейін арнайы комиссия құрылды. Оған облыстық еңбек қорғау департаментінің инспекторы төрағалық етті. Заң аясында көрсетілуге тиіс көмекті бердік. Қазір іс қайта қаралып, тексеретін арнайы комиссия құрылды", - деп жауап берді тілші сауалына "Мунай Сервис ЛТД" компаниясының техникалық қауіпсіздік маманы Ақниет Оразов.
Бір жылдан бері еңбекке жарамсыз болып қалған Артур заң органдарына, прокуратураға арыз жазған. Ол компания өкілдері талабын орындағанша соңына дейін күресетінін айтады.
Автор: Әйгерім Сайқын
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2144772-zhumysqa-almaidy-ne-mugedektik-tagaiyndamaidy-ondiriste-eki-sausagynan-aiyrylgan-atyraulyq-zhas-munaishy-mungyn-aitty/