Қостанай облысында сібір жарасы анықталған ауыл карантинге жабылды
Жарияланған күні:
Қостанай облысының Денисов ауданындағы Приречное ауылы карантинге жабылды. Ресеймен шекаралас осы ауылдағы 505 ірі қарасы бар жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің 13 бас сиыры арам қатқан, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
26 шілдеде Денисов ауданы Приречное ауылының "Алтай" ЖШС ірі қара малдары белгісіз дерттен қырылып жатқаны туралы хабар келіп түскен. 27 шілдеде Ветеринария басқармасы басшысының облыстық аумақтық инспекция қызметкерлері барып, мән-жайды анықтауға кірісіпті.
"Патологиялық материал іріктеліп, сібір жарасына зерттеу үшін облыстық ветеринариялық зертханаға жіберілді. 2024 жылғы 31 шілдедегі сынақ хаттамасына сәйкес облыстық ветеринариялық зертхана бактериология және ПТР әдісімен ІҚМ-дан сібір жарасына патологиялық материалдың оң нәтижесі бар сараптама актісін берді. Свердлов ауылдық округі әкімінің 2024 жылғы 2 тамыздағы № 9 шешімімен Приречное ауылының аумағында, оның ішінде "Алтай" ЖШС карантин белгіленді, - дейді Облыстық ветеринария басқармасының бас маманы Аяз Дәненов.
Ауру малдың қасында болған жануарларды оқшаулап, залаласыздандыру жұмыстарын жүргізген. Ауыл мен кәсіпорынға кіру-шығу жолдарына блок посттар қойылды. 2021 жылы Приречное ауылында дәл осы жұқпалы індеттің ошағы анықталып, сол кезде 41 бас мал арам қатқан еді. Ауру қайта қозды ма деген қауіп бар. Мамандар бірақ бұл болжамға күмәнмен қарайды. Себебі бұл серіктестіктің бар малына сібір жарасына қарсы сәуір айында вакцина жасалған. Сондықтан вакцина қан құрамында сібір жарасын көрсетуі мүмкін. Тағы бір болжам бойынша жануарлар пастереллёз жұқтырған болса керек.
"Биыл 27 сәуірде "Алтай" ЖШС барлық жануар түрлері сібір жарасына қарсы егілгенің еске отырып, сібір жарасы диагнозын саралау үшін (далалық немесе вакциналанған) ІҚМ материалы Астана қаласының ветеринария жөніндегі ұлттық референттік орталығына жіберу туралы шешім қабылданды. Соңғы 5 күн ішінде өлім-жітім жануарлар арасында тіркелген жоқ. Жағдай облыстық, аудандық ветеринаралардың тұрақты бақылауында", - дейді Облыстық ветеринария басқармасының бас маманы Аяз Дәненов.
Мамандар бүгінде Ұлттық референттік орталықтың нәтижесін күтіп отыр. Егер сібір жарасы вакцинадан туындаған деген қорытынды болса, карантин 15 күнге жетпей алынады.
Авторы: Гүлнұр Нұрмағамбетова
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2144794-qostanai-oblysynda-sibir-zharasy-anyqtalgan-auyl-karantinge-zhabyldy/