Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақтөбеде су тасқынынан зардап шеккендер арасында өтемақыға несие жауып, көлік мініп алғандар бар

Жарияланған күні:

саяжайдағы үй
Саяжай үйі. Фото: KAZ.NUR.KZ

Ақтөбе қаласында су тасқыны кезінде 200 үй апатты деп танылды. Зардап шеккендердің 163-іне пәтер кілті табысталды. Әлі жатақхана паналап жүрген тұрғындар да бар. Ал үйін жөндеуге өтемақы алғандардың кейбірі берілген ақшаға несие жауып, көлік сатып алған. Бұл туралы қала әкімдігінен белгілі болды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Тақырып бойынша жаңа жарияланым:
140 мың қадам: Астана тұрғыны бір тәулікте 105 шақырым жаяу жүрді

Ақтөбе қаласында су тасқыны кезінде жалғыз баспанасы апатты деп танылған 200 үйдің 163-іне пәтер кілті табысталды. Қазір қаладағы жатақханада 13 отбасы тұрып жатыр. Олардың бәрі өтемақы алып, үйлеріне жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқандар.

"Мен қазір жатақханада жатырмын. Келген залалға байланысты маған 4,2 млн теңге төленді. Ол ақшаны үйдің жөндеу жұмысына жараттық. Ақша жеткен жоқ. Қазір бәрі қымбат. Жұмысшы жалдадым. Үйге су кірген соң, көптеген зат бүлінді. Еденді, есікті, төбені, түсқағазды жаңарттым. Үйге техника алдым. Қазір сыртқы жұмыстарым тұр. Бәріне ақша керек", - дейді АЗФ-6 бау бақша ұжымының тұрғыны Бақтыханым Каренбаева.

су тасқынының салдары
Су тасқынының салдары. Фото: KAZ.NUR.KZ

Ақтөбе қаласы әкімдігі өкілдерінің хабарлауынша, бүгінде 3351 отбасына 10 млрд теңге өтемақы төленді. Бағалау комиссиясының өтемақы көлеміне байланысты шешімімен келіспеген 19 тұрғынның мәселесіне қатысты комиссия қайта тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

"Су тасқынынан зардап шеккендердің ішінде үй жөндеуге берілген өтемақыны өзге мақсаттарға жұмсаған тұрғындардың бар екені рас. Әлі күнге дейін эвакуациялық пункт ретінде пайдаланылған жатақханаларда қалып отырған тұрғындармен Алматы ауданы әкімдігі өкілдері әңгіме өткізу кезінде осындай факттер анықталды. Тұрғындардың арасында үйлерін жөндеуге берілген өтемақы есебінен несиелерін жапқан немесе өзге жерден баспана алуға жұмсаған жағдайлар кездесті", - дейді Ақтөбе қаласы әкімдігінің өкілдері.

Ал Ақтөбе қаласы Алматы ауданының әкімі Асланбек Шүйіншалиев өтемақы мөлшеріне келіспеген тұрғындар дауының сот арқылы шешілетінін айтты. Қазіргі уақытта Ақтөбе қалалық сотына су тасқынына қатысты жүзден аса шағым түскен.

"Барлық дау сот арқылы шешіледі. Шағымның артында дәлел болуы керек. Әр нәрсенің сұрауы бар. Қазіргі уақытта сотта 110 арыз бар. Олардың бәрі уақытында құжат тапсырмағандар. Төтенше жағдай жарияланғаннан кейін бір ай ішінде құжат тапсыру уақытын қалада болмай, не ауырып құжат әкеле алмағандардың сұрағы сотта шешіледі. Басқа елде жұмыста болғандар бар. Сот шешімі арқылы қайта комиссия жіберіп жатқан жағдайлар бар. Қазір біздің облыста "Отбасы банк" арқылы 5 пайызбен несие алу мүмкіндігі қарастырылған. Ол су тасқыны кезінде үйіне зақым келген саяжай тұрғыны болу міндетті. Несие тарихы дұрыс болуы және төлем қабілеті болуы қажет. Кез келген баспананы таңдап, 15 млн теңгеге дейін несие ала алады. Қазіргі уақытта 300-ден аса тұрғын кеңес алып кетті. Көпшілігінде несие тарихы бүлінген. Тұрғындар арасында берілген өтемақыға көлік алып алғандар бар. Өзім үш жағдайды кездестірдім. Олардың шағымы жоқ", - дейді Асланбек Шүйіншалиев.

Еске сала кетейік, көктемгі су тасқыны кезінде саяжай тұрғындары қайықпен жүрді. Ақтөбеде тасқынмен күрес жұмыстарын ұйымдастыру үшін тендер төтенше жағдай жарияланған күннен 10 күн бұрын ғана өткенін жазған едік. Залалды анықтау комиссиясының жұмысына шағымданған тұрғындар туралы осыған дейін де айттық.

Автор: Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2144965-aqtobede-su-tasqynynan-zardap-shekkender-arasynda-otemaqyga-nesie-zhauyp-kolik-minip-algandar-bar/