"Орнына демалыс саябағы тұрғызылады": Қостанай қаласында 110 үй сүрілетін болды (фото)
Жарияланған күні:
Қостанай қаласында тасқын сайын ішіне тобықтан белуарға дейін су жиналатын жеке сектордағы үйлердің орынына демалыс саябағы салынады. Қалалық әкімдік барлығы 110 үйді бұзуды жоспарлаған. Соның алғашқысын экскаватордың қиратқанына өңірдегі KAZ.NUR.KZ тілшісі куә болды.
Жарты ғасыр бұрын салынған ескі, шағын үйді экскаватор 10 минутта тас-талқанынын шығарды. Бұл үйдің иелеріне қалалық әкімдік "Қонай" шағын ауданынан жеке сектордағы аумағы 80 шаршы метр, 3 бөлмелі су жаңа баспана берген. Тұрғындары сонда көшіп алған соң, үйді газдан, электр желісінен ажыратып, бұзып тастады. Мұндағы қоқысты арнайы полигонға тасиды, содан соң орынын залалсыздандырып, тегістеп, топырақ төсейді.
Биыл 6 сәуірде Тобыл өзені арнасынан 10 метрге көтеріліп, тасығанда 1500-нан астам саяжай үйі мен 300 тұрғын үйге су кірген еді. Арнайы комиссия 202 баспана тасқыннан зақым келдеген шешім шығарған.
"Барлық 202 баспана иесінен түскен өтініштер қаралып, шешім қабылданды. 19 шілдеде 14 үй иесіне "Қонай" шағын ауданында жеке сектордан жаңа баспаналар бердік. 96 үй иесіне пәтердің кілті табысталды. Олардың су басқан үйлерін мемлекеттік қорға қабылдап алдық. Барлығы 110 баспананы бұзамыз. Бүгінде соның 98-нің құжаттары утилизация жасауға әзір. Тамыз, қыркүйек айларында бұзып, қазан айының біріне дейін құрылыс қалдықтарын полигонға шығару, орынын залалсыздандыру секілді барлық жұмысты аяқтау керекпіз. Қысқа қалдыруға болмайды. Инфекция ошағына айналуы мүмкін", - дейді Қостанай қаласының әкімі Марат Жүндібаев.
Картада қызылмен белгіленген баспаналар қауіпті аймақта тұр. Бұл баспаналар міндетті түрде сүрілуге тиіс. Бірақ сондағы 41 баспана иесі басқа жаққа көшуге, үйін мемлекетке сатуға келіспеген. Қала әкімі Марат Жүндібаев олардың жылжымайтын мүлігін нарықтағы бағамен сатып алу жөнінде келіссөздер жүргізуді келесі жылы жалғастырамыз дейді. Егер келіспесе тағы көктемде тасқын су басқан жағдайда мемлекеттік төлемақы өтелмейтінін айтып, заңды құжаттарын жасатып алмақшы.
"Биыл жөндеу жұмыстары үшін оларға 7 миллион теңге шамасында төлем берілді. Олар бұл қауіпті аймақтағы баспаналарында 1-2 жыл тұруы мүмкін. Содан соң мемлекеттік қорға сатып аламыз. Бұл жердегі үйлердің бәрін сүріп, орынына демалыс саябағы тұрғызылады. Бұл қызыл су басатын қауіпті аймақ. Мұнда тұрғын жайларды қалдыруға болмайды. Бүгінде мемлекеттік бюджет есебінен бір үйді бұзу құны 1,7 миллион теңгеден есептелді. Қаржы төтенше жағдайдың салдарын жоюға бағытталған ақшадан бөлінді", - дейді Қостанай қаласының әкімі Марат Жүндібаев.
Осы қауіпті аймақта тұратын үй иелерінің бірі Азамат Тілеумұрзин. Қалалық әкімдік оған баспанасын мемлекеттік қорға өткізуді сұрағанда келісім бермепті.
"Әкімдік баспанамды 22,6 миллион теңгеге бағалады. Мен мұндай бағаға беруге келіспедім. Жөндеп аламын деген соң, өтемақыға 7 миллион теңге аударды. Қала әкімі Мұрат Жүндібаев жаңа келіп, тағы сөйлестік. Бұл үйді бұзу керек дейді. Келесі жылы нарықтағы құнына сай баға ұсынбақшы. Егер 29-30 млн теңгеге бағаласа, әрине сатамын. Себебі бұл үйді енді су тасқынынан кейін кім алсын?!", - дейді Азамат Тілеумұрзин.
Қала тұрғындары шаһар басшысының Тобыл жағалауындағы үйлерді ысырып тастап, саябақ салу жөніндегі идеясын бірден қолдап әкетті. Өзен бойында ескен самал жел мен әсем табиғаты адам жанына шипа, тынығуға келгендерге ерекше күш-қуат береді. Қалың бұқара енді бұл жүйелі жоспар аяқсыз қалмаса игі деген ниетте.
Авторы: Гүлнұр Нұрмағамбетова
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2145444-qostanai-qalasynda-tobyl-ozeni-zhagalauynda-tasqyn-su-basqan-uiler-surile-bastady/