Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Жеке бақылауымда": Ақтөбе облысының әкімі жол апатынан қаза тапқандардың отбасына көмек көрсетілетінін айтты

Жарияланған күні:

Асхат Шахаров
Асхат Шахаров. Фото: t.me/aqtobe_oblysy_akimdigi

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров өңірдегі жантүршігерлік жол апатына байланысты пікір білдірді. Ол Facebook желісіндегі парақшасында марқұмдардың жақындары мен туыстарына көңіл айтты, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Өңір әкімі өз сөзінде білім беру мекемелеріндегі қауіпсіздік шараларына тоқталды.

"Өңіріміздегі орын алған жантүршігерлік оқиға туралы баршаңыз хабардарсыздар. Марқұм болған жандардың жақындарына, ағайын-туыстарына өзімнің және Ақтөбе облысы әкімдігінің атынан көңіл айтамын. Оларға қажетті материалдық және моральдық көмек көрсетіледі.

Бұл оқиға білім беру мекемелеріндегі қауіпсіздік шараларының маңыздылығын тағы бір рет еске салды. Әрбір оқушының өмірі бағалы және кез келген іс-шарада олардың қауіпсіздігі бірінші орында болуы тиіс", - деді облыс басшысы.

Асхат Шахаров қазір орынбасары Жолдас Батырхан жұмыс тобымен бірге оқиға орнына аттанғанын да атап өтті.

"Орынбасарым Жолдас Батырхан жетекшілік ететін облыстық жұмыс тобы құрылды, қазір олар оқиға орнында. Облыстық жұмыс тобы, құзырлы органдар заң аясында бұл жағдайды мұқият тексеріп, тиісті шаралар қабылдайды.

Оқушылардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында мектептерде қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау міндетті. Жарыстар мен басқа да іс-шараларды ұйымдастыру кезінде белгіленген алгоритмге сәйкес, қауіпсіздік талаптары толықтай орындалуы тиіс. Бұл жағдай жеке бақылауымда", - деді ол.

Осы ретте оқиға орнына аттанған Жолдас Батырхан да көз жұмған балалардың отбасына көңіл айтты. Ол балалардың жеке ұйым ұйымдастырған жарысқа кетіп бара жатқанын алға тартты.

"Бүгін Хромтау ауданы аумағында жан түршігерлік жол апаты болды. Салдарынан бірнеше жерлесіміз жарақат алды. Өкінішке қарай, араларында жас жеткіншектер, кәмелетке толмаған балалар да бар. Алдын ала мәліметтерге қарағанда, балалар жеке ұйым ұйымдастырған жарысқа қатысуға шыққан. Оларды ата-аналары жіберген.

Спорт басқармасы, білім басқармасына қарасты жарыстар кестесінде жоқ. Қазіргі таңда қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Барша көз жұмған балалардың отбасына, жақындарына облыс әкімдігі атынан қайғырып, көңіл айтамыз",- деді Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Жолдас Батырхан.

Айта кетейік, бүгін Ақтөбедегі Самара-Шымкент тас жолында жол апаты болып, алты адам қаза тапты. Артынша тағы екі баланың денесі алынып, қайтыс болғандар саны 8-ге жетті. Олардың бесеуі бала.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2145898-zhumys-toby-quryldy-aqtobe-oblysynyng-akimi-8-adam-qaza-tapqan-zhol-apatyna-qatysty-pikir-bildirdi/