Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"117 баллмен оқуға түспей қалдым": биыл білім грантын ала алмаған түлектер жанайқайын айтты

Жарияланған күні:

Білім гранты
Түлектерге арналған білім гранты: freepik.com

Ұлттық тестілеуде жоғары балл жинағанына қарамастан көптеген талапкер биыл оқу грантынан тыс қалғанын айтып жатыр. Ал су басқан өңірлердегі түлектерге биыл артықшылық берілді, жалпы гранттың 20 пайызы соларға бөлінген. Ата-аналар бұған наразылық танытып, петиция жазуға кірісті, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Бір жарым жыл бойы тынбай дайындалған Айзере Кеңесбай ұлттық тестілеуден жоғары балл жинап, армандаған университетіне грантқа түсемін деп үміттенген еді. Оның жинаған 117 балы еңбекқорлығының дәлелі болды. Ол жоғары көрсеткіш үшін Жаркенттен Алматыға келіп арнайы курстар оқыған. Алайда грант нәтижелері жарияланған кезде Айзере күтпеген жағдайға тап болды – оның есімі грант иегерлері тізімінде болмай шықты.

Айзере таңданысын жасыра алмады. Бірақ оны құлазытқаны – кейбір төменірек балл жинаған жандардың грантқа ие болуы. Өйткені оларға су басқан аймақтан болуы себепті жалпы гранттың 20 пайызын бөлген. Әрі қаңтардағы ақылы оқуға арналған ҰБТ көрсеткішін де тегін оқуға жарамды деп қабылдай берген дейді түлек. Бұл жаңалықтан көңілі түскен Айзере мұны әділетсіз деп санайды.

"Отбасым мен достарым қаншама ұйқысыз өткен түндерімді біледі. Сабақ оқимын деп қаншама жүйке мен көз жасым кетті. Онымен қоса, TOEFL тесттің өзіне 2 жылдай дайындалдым. Бір жарым миллиондай қаражат кетті бәрін қосқанда. Соншама еңбегім зая кеткені ме? Менің таңдаған мамандығыма өте төмен балл жинаған балалар түсіп кетті. Көбі ТЖ аймақтардан. Неге осылай болатынын біліп тұрып, оларға жеке грант бөлмеді?", – дейді Айзере.

Айзере Кеңесхан
Бітіруші түлек Айзере Кеңесбай: Жеке мұрағатынан

Грантты әділетсіз бөлінді деп санайтын тек Айзере емес. Қазір әлеуметтік желіде көптеген талапкерлер өз оқиғасын айтып жатыр. Олар су басқан аймақтар үшін жеке гранттар бөлінуі керек еді деп санайды.

"ТЖ деген квота қосылып, кейбір оқушылар жоғары баллдан 20-30 балл төмен алса да түсіп кеткен. Әрине, балаларда кінә жоқ, бірақ неге сол ТЖ квотасы үшін басқа 700-ден аса бала зардап шегу керек? Осы мәселе бәріміздің ішімізді жегідей жеп барады", – дейді өз аты-жөнін атамауды өтінген талапкер.

PhD докторант, ұстаз Аятжан Ахметжан министрліктің шешімін заңсыздық деп санайды. Өйткені жалпы гранттың бір бөлігін су басқан аймақтарға бөлу туралы ешқандай заң жобасы жоқ. Сарапшының сөзінше, ақылы бөлімге арналған көрсеткіштерді грантқа жарамды деп тану да әділетсіз дүние.

"Биыл грант бөлуде әділ емес дүниелер көп. Су басқан аймақтарға жалпы гранттың 20 пайыз бөлу туралы заң жобасы жоқ. Бірақ солай грантты бөлу әділетсіз шешім. Әрі оларға грант ҰБТ-ның емес, ақылыға арналған тестілеу көрсеткішін де жарамды деп есептеу де заңсыз. Өйткені құжат бойынша, көрсеткіштер тек ақылы оқуға арналған. Сондықтан құжатты реттемей тұрып жасалған шешімді заңсыз деп ойлаймын", – деді Аятжан Ахметжан.

Қоғамда бұл мәселе грант конкурсының нәтижесі шыққаннан бері талқыланып жатыр. Ата-аналар петиция жазып жатқан тұста министрлік те өз жауабын беріп үлгерді. Министр Саясат Нұрбек алда 3 мыңнан аса талапкер гранттан бас тартуы мүмкін екенін айтып, тегін оқудың басқа мүмкіндіктерін пайдалануды ұсынды.

"Біз жоғары білім алуға гранттардың аз ғана бөлігін зардап шеккен өңір түлектеріне бөлдік. Саны көп те емес – 5 112 грант. 20 мыңнан астам түлек су басқан өңірден бітірсе, соның 10 мыңнан астам түлегі өздеріңізбен бірдей жалпы конкурспен өтті. Үміт үзбеңіздер! Грант алу мүмкіндіктері әлі де бар!" – деді ол.

Министрлік әкім гранттарын ұтуға мүмкіндік барын айтқанымен, Айзере Кеңесбайдың мамандығына мұндай грант бөлінбеген.

'Қалтамызда тұрған грантты ТЖ аймағының балаларына ұстатып қойды. Ал бізді әкім мен ректор гранттарымен алдап қоя салды. Ал менің мамандығыма әкім гранты бөлінбеген де", – дейді түлек.

Грантқа түспей қалған балалардың ата-аналары қазір петиция жазып жатыр. Олардың сөзінше, оқу ақысы қымбаттаған тұста әркім баласын ақылы оқытуға шамасы жете бермейді.

"Қазір университеттердің оқу бағасы шарықтап кеткен. Миллион, миллион жарым теңгеге баласын кім оқыта алады? Қалтасы көтеретін отбасы бар, көтермейтін отбасы бар. Айлықтан айлыққа жүрген ата-аналар да бар. Пәтерде тұрып, екі студент оқытып жатқандар бар. Солардың бәрін үкімет ескерсе болады ғой", – деді ата-ана Насиба Әлімбекова.

Енді грантқа түсе алмай қалған түлектер министрлікті сотқа бермек. Бұл туралы әлеуметтік желіде адвокат Халида Әжіғұлова жазды.

"Мен түлектерге министрлікке қарсы коллективті талап арыз жазуға көмектесемін. Егер сот жүйесі мұны қабылдамаса, БҰҰ-ның бала құқықтары жөніндегі комитетіне жүгінеміз", – деп жазды адвокат.

Еске сала кетейік, бұған дейін Ғылым және жоғары білім министрі жоғары балл ала тұра грантқа ілінбей қалғандар туралы пікір білдірген еді. Саясат Нұрбектің сөзінше, түлектер мамандық таңдайтын кезде грант санына мән бермеген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2146435-117-ballmen-oquga-tuspei-qaldym-biyl-bilim-grantyn-ala-almagan-tulekter-zhanaiqaiyn-aitty/