Қазақстанда аса қауіпті төрт ұйымдасқан қылмыстық топтың жолы кесілді (видео)
Жарияланған күні:
Ішкі істер министрлігі ұйымдасқан қылмысқа қарсы жұмыстың нәтижесі туралы айтты. Ведомство мәліметінше, Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесе отырып, Шымкент, Қарағанды және Қызылорда облыстарында 4 аса қауіпті ұйымдасқан қылмыстық топ өкілдерінің іс-әрекетін тоқтатты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ ведомствоға сілтеме жасап.
- ІІМ мен ҰҚК Шымкент, Қарағанды және Қызылорда облыстарында 4 аса қауіпті ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекетін тоқтатты.
- Биыл ұйымдасқан қылмыстық топ құру, басшылық ету және қатысу фактілері бойынша 36 қылмыстық іс тіркеліп, 150-ден астам криминалитет өкілдері жауапқа тартылды.
- ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің басқарма бастығы Қуандық Алпыстың айтуынша, кәсіпорындардың мүлкін ұрлаумен байланысты топтардың қылмыстық әрекетінің жолын кесу негізгі бағыт болып қала береді.
Ведомство ақпаратынша, Ішкі істер министрлігі ұйымдасқан қылмыспен күресу бойынша кешенді шараларды қолға алуда.
Ішкі істер министрлігі ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимыл бойынша кешенді шаралар қабылдап келеді.
Ұйымдасқан қылмыстық топ құру, басшылық ету және қатысу фактілері бойынша биыл 36 қылмыстық іс тіркелді, оның ішінде үшеуі трансұлттық топтар бойынша. Оларды қаржыландыру және қылмыстық жолмен алынған мүлікті заңдастыру фактілері тергеліп жатыр.
Қылмыстық кодекстің әртүрлі баптары бойынша 150-ден астам криминалитет өкілдері жауапқа тартылды.
"Таяу шет елдердің құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимыл жасай отырып, шетелдік қылмыстық элементтерге тосқауыл қойылды. Олардың біздің елге ену әрекеттері дер кезінде тоқтатылды. Қазақстан аумағында олардың қатысуымен қылмыстық қақтығыстарға жол берілмеді. ҰҚК-мен бірлесіп, Шымкент қаласында, Қарағанды және Қызылорда облыстарында аса қауіпті төрт қылмыстық топ өкілдерінің қызметі тоқтатылды", - деді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің басқарма бастығы Қуандық Алпыс.
Сондай-ақ Қаржы мониторингі агенттігімен бірге ұйымдасқан қылмыстық топтарды қаржыландыруға және көлеңкелі экономикаға қарсы шаралар қабылданып келеді.
Мемлекетке 11 млрд теңгеден астам залал келтірген құқық бұзушылықтар анықталды. 12,5 мың литр және шамамен 2 млн бума акцизсіз өнімдер, 5 тоннадан астам балық және 5 мыңнан астам ақбөкен дериваттары тәркіленді.
Құрамында алтыны бар материалдарды қайта өңдеу бойынша 19 заңсыз цех жойылып, ондаған тоннадан астам кен табылды. Жасөспірімдер арасында қылмысты болдырмауға ерекше назар аударылады.
Мектеп, колледж және жоғары оқу орындары жастарынан ақша бопсалап, бұзақылық жасаған және қару сақтаумен айналысқан 19 топтың жолы кесілді.
"Негізгі бағыт қала құраушы кәсіпорындар мен тау-кен байыту комбинаттарының мүлкін ұрлаумен байланысты топтардың қылмыстық әрекетінің жолын кесу болып қала береді. Ұлттық қауіпсіздік комитеті және Мемлекеттік күзет қызметімен бірлесіп, компаниялардың жұмыскерлерімен сөз байласып, кәсіпорындардың, оның ішінде Qarmet, "Қазақмыс", "Қазақалтын" алтындарын, металл сынықтарын және басқа да өнімдерін ұрлау бойынша заңсыз схемаларын жасаған бірнеше қылмыстық топтарды ұстау жүргізілді. Қылмыстық істердің, оның ішінде ұйымдасқан қылмыстық топ құру, басшылық ету және қатысу фактілері бойынша ондаған эпизодтар тергелуде", - деді Қуандық Алпыс.
Мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, адам саудасына және онымен байланысты құқық бұзушылықтарға қарсы іс-қимыл бойынша дәйекті жұмыс жүргізілуде.
Адам саудасының 137 фактісі, оның ішінде 9 адам ұрлау және қанау мақсатында заңсыз бас бостандығынан айыру жағдайлары анықталып, жолы кесілді.
Айта кетсек, 5 шілдеде мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасында адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы" заңға қол қойды, ол бұрын заңнамалық деңгейде құқық бұзушылық ретінде қарастырылмаған әрекеттер үшін жауапкершілікті көздейді. Жалпы аталған бағыттар бойынша жұмыс ведомство басшылығының ерекше бақылауында
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2146719-qazaqstanda-asa-qauipti-tort-uiymdasqan-qylmystyq-toptyng-zholy-kesildi-video/