Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Абай Құнанбайұлының екіжүзділік пен надандық туралы нақыл сөздері

Жарияланған күні:

Абай Құнанбайұлы
Абай Құнанбайұлы. Сурет: kazaknews.kz

Абай Құнанбайұлы – қазақ халқының ұлы ақыны, ойшылы және ағартушысы, өзінің шығармашылығында қоғамның кемшіліктерін қатты сынаған тұлға. Ол өз заманындағы надандық пен екіжүзділікті сынға алып, халықты оятып, дұрыс жолға салуды мақсат етті. Абайдың бұл мәселелерді көтеруі оның шығармаларында терең орын алады.

Маңызды тұстар
close
Бұл мәтін автоматты түрде ЖИ көмегімен жазылған және редактор тексермеген, сондықтан фактологиялық және грамматикалық қателер болуы мүмкін. Толығырақ жарияланымда.
  • Абай Құнанбайұлы өз шығармаларында надандық пен екіжүзділікті қатты сынға алып, оларды қоғамның дамуына кедергі келтіретін басты қауіптер ретінде көрсеткен.
  • Ақын надандықты білімсіздік пен қараңғылықтың себебі ретінде қарастырып, оның адамның рухани өсуіне кедергі келтіретінін атап өткен, ал екіжүзділікті адамның рухани тазалығына кері әсер ететін, қоғамның моральдық құлдырауына себеп болатын құбылыс ретінде сипаттаған.
  • Абайдың надандық пен екіжүзділікті сынауы қазіргі күнде де өзекті болып отыр, себебі олар әлі де қоғамның дамуына кедергі келтіреді, ал ақынның ойлары мен насихаттары адамдарды осы кемшіліктерден арылып, рухани байлық пен шынайылыққа ұмтылуға шақырады.

Надандықты сынауы

Абайдың надандықты сынауы оның өлеңдерінде, қара сөздерінде айқын көрінеді. Ол надандықты білімсіздік пен қараңғылықтың себебі ретінде көріп, оның адам мен қоғамға тигізетін зиянын жақсы түсінді. Надандық – адамның рухани өсуіне кедергі келтіретін, оны төмендетіп, өз-өзін тануға мүмкіндік бермейтін құбылыс. Абай өз шығармаларында надандықтың адамды төмендететінін, оны аздырып, өмірін мәнсіз ететінін талай рет айтты. Оның ойынша, надандық адамды тек материалдық пайдаға ұмтылуға итермелеп, рухани байлықтан алыстатады.

Абайдың отыз сегізінші қара сөзінде надандықты сынау ерекше орын алады. Онда ол: «Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар, сонан қашпақ керек. Әуелі – надандық, екінші – еріншектік, үшіншісі – зұлымдық» деп, надандықты ең басты қауіптердің бірі ретінде атап өтеді. Бұл сөздерінде ол надандықты тек жеке адамның мәселесі ретінде емес, бүкіл қоғамның дамуына кедергі келтіретін үлкен қауіп ретінде сипаттайды.

Абай Құнанбайұлының ел ішінде сақталған кітабы
Абай Құнанбайұлының ел ішінде сақталған кітабы: egemen.kz

Біздіңше, надандық – тек білімнің жетіспеушілігімен немесе сауатсыздықпен шектелмейтін күрделі құбылыс. Қазақ халқында надандық атадан балаға мұра болып келген халықтық салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты, тілді және ұлттық құндылықтарды терең түсінбеу, тіпті оларды ұмыту ретінде қарастырылады. Бұл ұғым кейде өз ортасынан алыстап, өз халқының мәдениеті мен дәстүрлерін ұмытып кеткен адамдарға да, тек өз ауылынан асып, сыртқы әлемді танымаған, томаға-тұйық қалыпта өмір сүретіндерге де қатысты қолданылады.

Надандық – адамның рухани өсуіне кедергі келтіретін білімсіздік пен қараңғылықтың көрінісі. Ізденіс пен білімге негізделген ақыл ғана адамды бұл қараңғылықтан алып шыға алады. Себебі, кемелденген ақыл надандықтың ең үлкен дұшпаны. Бұл тұрғыда қазақтың ұлы ақыны Абайдың ойлары өте өзекті. Абай өзінің отыз сегізінші қара сөзінде: "Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар, сонан қашпақ керек. Әуелі – надандық, екінші – еріншектік, үшіншісі – зұлымдық" деп, надандықты басты қатерлердің бірі ретінде атайды.

Надандықтың тағы бір қауіпті көрінісі – мәңгүрттік. Мұндай адам өз халқының мәдениеті мен тарихына, ата-ана мен бабаларына деген құрмет сезімін жоғалтады, тек жеке пайдаға ғана мән береді. Абай бұл туралы: "Естілер де ісіне қуанбай жүр, ел азды деп надандар мұңаймай жүр" деп, надандықтың қоғамға тигізетін зиянын ашып көрсетеді.

Бұл құбылыс қазіргі заманның да ең үлкен қауіптерінің бірі болып табылады. Қоғамның озық ойлы азаматтары надандықтан құтылудың түрлі жолдарын іздеуде. Надандық жеке адамнан бастап, мемлекет саясатына дейінгі барлық деңгейлерде көрініс табуы мүмкін. Сондықтан оны тек жеке мәселе ретінде ғана емес, қоғамның толықтай дамуына кедергі болатын жүйелі мәселе ретінде қарастыру қажет.

Екіжүзділікті сынауы

Абайдың екіжүзділікті сынауы да ерекше назар аударуға тұрарлық. Екіжүзділік – адамның сырттай бір нәрсені жақтап, ішкі жан дүниесінде басқа нәрсені ойлауы немесе айтқан сөзінен кері іс-әрекет жасауы. Мұндай мінез-құлық Абайдың түсінігінде адамның рухани тазалығына кері әсер етеді және қоғамның моральдық құлдырауына себеп болады.

Абайдың бұл мәселеге деген көзқарасы оның "Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман" атты өлеңінде жақсы бейнеленген. Бұл өлеңінде Абай адамдық қасиеттің жоғалуын, екіжүзділіктің өрістеуін қатты сынайды. Ол өз өлеңдерінде екіжүзділіктің адамды аздыратынын, оны өз мүддесін көздейтін қулыққа, алдамшылыққа итермелейтінін ашық айтады. Абай үшін екіжүзділік – бұл қоғамның рухани дерттерінің бірі, оны жою үшін адамның ішкі тазалығын сақтап, шынайы болу керек деген ойды насихаттайды.

Абай Құнанбайұлы және оның ұл-қыздары
Абай Құнанбайұлы және оның ұл-қыздары. Фото: aikyn.kz

Мысалы Абай Құнанбайұлының шығармашылығында екіжүзділікке сын айтылған бірнеше өлеңі бар. Кейбіріне тоқталсақ:

"Бір дәурен кемді күнге – бозбалалық" өлеңінде Абай адамның жас кезінде жіберетін қателіктерін, соның ішінде екіжүзділік пен алаяқтықты сынайды. Ол екіжүзділіктің адамды аздыратынын, достықты бұзатынын, адамгершіліктен алыстататынын айтады. Абайдың ойынша, мұндай мінез-құлық адамның болашақта қадірін түсіреді, шынайы достық пен өзара түсіністіктің орнын алдамшылық пен пайдақорлық басады.

"Менсінбеуші ем наданды" өлеңінде Абай надандықпен қатар екіжүзділікті де сынайды. Ол қоғамдағы білімсіз адамдардың екіжүзді болатынын, сырттай көрініп тұрған адалдықтың ішкі әлемінде шындыққа жанаспайтынын айтады. Абай екіжүзділіктің зиянды екенін, ол адамды арсыздыққа итермелейтінін және нағыз адамгершілікке кереғар екенін көрсетеді.

"Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да" өлеңінде Абай өзінің достарынан көңілі қалып, екіжүзділіктің салдарынан шынайы достықтың жоғалғанын білдіреді. Абай шындықты айтуға қорқатын, пайдакүнемдікке негізделген достықты сынайды. Өлеңде екіжүзділікке қарсы күрес, адалдықты сақтау тақырыптары қозғалады.

Ад "Бойы бұлғаң" өлеңінде Абай екіжүзді адамдардың сыртқы келбеті мен ішкі дүниесінің айырмашылығын сынайды. Өлеңде мұндай адамдардың сырттай үлгілі көрініп, бірақ іс-әрекеттерінде шындықты бұрып, арсыздыққа баратындары көрсетіледі. Абай екіжүзділіктің қоғамға қауіпті екенін және адамды рухани аздыратынын атап өтеді.

Бойы бұлғаң, Сөзі жылмаң Кімді көрсем, мен сонан Бетті бастым, Қатты састым, Тұра қаштым жалма-жан. Өз ойында, Тұл бойында Бір міні жоқ пендесіп, Түзде мырзаң, Үйде сырдаң, Сөзі қылжаң еркесіп. Бас құрасып, Мал сұрасып, Бермегенмен кетісер. Адам аулап, Сыпыра саулап, Байды жаулап жетісер. Сөз қыдыртқан, Жұрт құтыртқан, Антын, арын саудалап. Бұтты-шатты, Үй санатты, Байдан атты алмалап. Кедейі — ер, Кеселі зор, Малды байдан сорлы жоқ. Аш көмектің, Жемдемектің, Босқа әлектің орны жоқ. Ел қағынды, Мал сабылды, Ұрлық, өтірік гу де гу. Байы — баспақ, Биі саспақ, Әулекі аспақ сыпыра қу. Ақы берген, Айтса көнген, Тыныштық іздер елде жоқ. Аққа тартқан, Жөнге қайтқан, Ақыл айтар пенде жоқ. Әз тұтуға, Сыйласуға Қалмады жан бір татыр. Сыпыра батыр, Пәле шақыр, Болдың ақыр тап-тақыр. Су жұғар ма, Сөз ұғар ма, Сыпыра жылмаң желбуаз? Айтты — көндім, Алды — бердім, Енді өкіндім — өзіме аз.

"Өлсе өлер табиғат, адам өлмес" өлеңінде Абай адам баласының мәңгілік рухани болмысын сөз ете отырып, екіжүзділік пен материалдық құндылықтарға ғана ұмтылатын адамдардың қателігін сынайды. Ол шынайы адамгершілік пен рухани байлықтың маңызын дәріптеп, екіжүзділіктің өткінші, уақытша пайда ғана әкелетінін көрсетеді.

Абайдың бұл өлеңдері оның қоғамдағы екіжүзділікке қарсы өткір сын айтқанын, шынайылық пен адалдықты насихаттағанын көрсетеді. Оның шығармалары қазіргі күнге дейін өзекті болып қала беріп, адамгершілік құндылықтарды жоғары қоюға шақырады.

Абай Құнанбайұлы надандық пен екіжүзділікті сынға алып, халықты рухани оянуға шақырған. Оның шығармалары тек қана қазақ қоғамының мәселелерін көтеріп қана қоймай, сонымен қатар жалпы адамзаттық құндылықтарды дәріптейді. Абайдың осы мәселелерді көтеруі бүгінгі күнде де өзекті болып отыр, себебі надандық пен екіжүзділік кез келген қоғамның дамуына үлкен кедергі келтіреді. Абайдың ойлары мен насихаттары бізді осы кемшіліктерден арылып, рухани байлық пен шынайылыққа ұмтылуға шақырады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2147098-abai-qunanbaiulynyng-ekizhuzdilik-pen-nadandyq-turaly-naqyl-sozderi/