Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қызылордада техникалық талаптарға сай келмейтін балалар косметикасы сатылған

Жарияланған күні:

Тырнақ бояуы
Көрнекі фото: pixabay.com

"Маңғыстау облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамы" қоғамдық бірлестігі тұтынушылардың құқықтарын түсіндіруге және қорғауға көмектесетін ақпараттық-ағарту жұмыстарын жүргізеді.

Ұйым тұтыну тауарларын зерттеу мақсатын жүзеге асыруға және олардың нәтижелерін бұқаралық ақпарат құралдары арқылы таратуға құқылы.

"Маңғыстау облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамы" қоғамдық бірлестігінің өкілі мемлекеттік тапсырыс шеңберінде Қызылорда қаласы сауда орындарының бірінен "құпия сатып алушы" әдісімен Қытай елінде өндірілген "Poopsie" балаларға арналған маникюр жиынтығы үлгісін сатып алып, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің "Ұлттық сараптама орталығы" ШЖҚ РМК Қызылорда облысындағы филиалына сараптамаға тапсырды.

Косметика
Фото: Биятан Жанна

2024 жылғы 02 шілдедегі №1240011002884049 хаттамасына сәйкес, тауар Кеден одағының 008/2011 "Ойыншықтардың қауіпсіздігі туралы" техникалық регламентінің талаптарына сай келмейтіндігі белгілі болды. Атап айтар болсақ, ойыншықта:

  • партия нөмірі көрсетілмеген;
  • өндірілген мерзімі көрсетілмеген;
  • жарамдылық мерзімі көрсетілмеген;
  • бұйымдар жасалған материалға қатысты нормативтік құжат көрсетілмеген;
  • үлгінің жазбаша сипаттамасы мемлекеттік тілде көрсетілмеген.

Балаларға арналған ойыншықтар қауіпсіз, гигиеналық тұрғыда таза болуымен қатар, баланың жасына және ақыл-ой қабілетіне сәйкес келуі керек, ол балалардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірмейтіндей етіп жасалуы тиіс.

Ойыншыққа қойылатын негізгі талаптардың бірі – ол экологиялық таза материалдардан жасалуы қажет, яғни өнімді зиянды материалдардан шығармаған жөн.

Сондай-ақ ойыншықтардың жиектері, бұрыштары, шығыңқы жерлері өткір болмауына және онда жарықтар мен ойықтардың болмауына назар аударылуы тиіс.

Тұтынушылар құқықтарын қорғау жөніндегі сарапшы Жанна Биятан табиғи ағаш, мақта сияқты таза экологиялық материалдардан жасалған ойыншықтарды таңдауға кеңес береді. Ол жоғары сапалы ойыншықтардың бояуы өшіп кетпейтінін, олар жағымсыз иіс шығармайтынын, бөлшектері тегіс әрі ұқыпты бекітілетінін атап өтті.

Сонымен бірге сарапшы жеке кәсіпкерлер мен сауда орындарының тауарды шығарған ел туралы, дайындаушы, беруші немесе сатушыға қатысты қазақ және орыс тiлдерiндегі мәліметтер не тауар (көрсетілетін қызмет) туралы анық әрі жеткiлiктi ақпаратты қамтитын құжаттарсыз сатуы – шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 45 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 70 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 150 АЕК мөлшерінде айыппұл салынуы ықтималдығына апарып соғатынын айтып, ескерте кетті.

Бақылаушы орган тарапынан заңбұзушылық фактісі расталған жағдайда, заң бұзушыларға келесі шаралар қолданылуы мүмкін:

1. Айыппұл: өнімді сертификаттау/декларациялау талаптарын бұзғаны үшін әкімшілік айыппұл салынады, оның мөлшері заң бұзушылықтың ауырлығы мен қайталануына байланысты өзгереді.

2. Өнімді алып қою: қажетті декларациялары жоқ тауарлар кәсіпкердің айналымынан шығарылуы мүмкін. Бұл – заңнаманың барлық талаптары орындалғанға дейін өнімдер сөрелер мен қоймалардан алынады деген сөз.

3. Қызметті тоқтату: кейбір жағдайларда заңбұзушылықтар жойылғанға дейін кәсіпкерлік қызмет уақытша тоқтатылуы мүмкін.

4. Сенімділікті жоғалту: сертификаттар мен декларацияларды ұсынбау тұтынушылар мен серіктестердің сенімсіздігін тудырады, бұл кәсіпкердің абырой-беделін түсіруі және жалпы бизнесіне кері әсерін тигізуі мүмкін.

5. Заңды салдары: егер тұтынушылардың денсаулықтарына өрескел зиян келтірілсе, кінәлі тұлғалар қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

Әрбір азамат жарамдылық мерзімі өткен, жалған, контрафактілік тауарлардың сатылуына, тауарлар контрабандасына қарсы күреске қатыса алады.

Бұл материалды әлеуметтік жобаның орындаушысы – "Маңғыстау облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамы" қоғамдық бірлестігі дайындады. "Маңғыстау облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамы" қоғамдық бірлестігі тарататын тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) сапасын зерттеу нәтижелері туралы кез келген ақпарат жарнама болып табылмайды және тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін іске асыруға ықпал етеді.

Осыған ұқсас сұрақтар бойынша: 87054222739 байланыс нөмірі немесе OZPP.KZ Instagram парақшасы арқылы жүгінуге болады.

ҚР "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" заңының 41-бабы 8 және 14-тармақтарын басшылыққа ала отырып, Маңғыстау облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамы Қызылорда қаласында сатылатын азық-түліктік және азық түліктік емес өнімдердің 20-дан астам түрін зерттеуге ұсынды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2148202-qyzylordada-tehnikalyq-talaptarga-sai-keelmeitin-balalar-kosmetikasy-satylgan/