Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Түркістан облысында байқауда жеңімпаз атанған жас ісмер екі айдан бері сыйақысын ала алмай жүргенін айтты

Жарияланған күні:

Сертификат
Сертификат. Фото: Facebook/Гульмира Абыкай

Түркістан облысында шеберлер байқауында жүлдегер атанған жас ісмер екі айдан бері 400 мың теңге сыйықысын ала алмай жүргенін айтып, журналист Гүлмира Әбіқайға жүгінген. Әлеуметтік желіде жарық көрген бұл ақпаратты Түркістан облысы әкімдігі өкілдері жоққа шығарды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Түркістан облысы Қоғамдық даму басқармасына қарасты Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен жас кәсіпкерлер мен шеберлерді қолдау мақсатында арнайы байқау өткізілген. Бұл байқауда 17 жастағы Әнелі Тұрғанбек бірінші орынды иеленген. Облыстық "Үздік шебер-2024" байқауында аяқ киім тоқып, топ жарған жас ісмер уәделі 400 мың теңге жүлдесін әлі күнге дейін ала алмай жүргенін айтқан. Бұл туралы журналист Гүлмира Әбіқай Facebook-тегі парақшасында жазды. Жазбаға сүйенсек, ұйымдастырушылар Жастар ресурстық орталығы басшысының қолынан 400 мың теңгенің сертификатын алған жеңімпазға жүлденің 20 мыңы ғана берілетінін айтқан. 

"Осы жеңімпаздарға ақшалай сертификат, анау-мынау сыйлық деп қазір қолдарына қолақпандай жазуды ұстата салатын болды ғой. Ел көзінше қошеметке ие болған мұндай марапат шынында жеңімпазға жете ме? Басқа жақты қайдам, Түркістан облысында жетпей қалыпты. Алдарыңыздағы ісмер қыздың есімі Әнелі, жасы 17-де. Өңірлік шеберлер арасынан аяқ киім тоқудан үздік атанып, еңбегі жанып  бірінші орын иемденді. Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен  өткен байқауда Облыстық қоғамдық даму басқармасы атынан  Е. Бектаев Әнелінің  қолын алып, "Үздік шебер-2024" атағы мен 400 теңгелік сертификат табыстаған. Ақшалай марапат ертесіне картасына түседі деп шегелеген. Алайда содан бері екі ай өтті, ақшадан хабар жоқ. Әмиянын күнде тексеріп үздіккен қыздың ата-анасына ұйымдастырушылар хабарласқан.  "20 мың теңге береміз, қалғаны бізде қалады" деген. Ол 20 мың теңгенің өзі жоқ", - деп жазады журналист.

Бұл жайтқа қатысты портал тілшісі Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне хабарласып, жазбадағы ақпараттың қаншалықты шындыққа жанасатынын сұрады. Әкімдік өкілдерінің сөзінше, ақша Әнелінің шотына емес, оның танысына 23 шілде күні аударылған. "12 шілдеде Қазығұрт ауданында "Үздік шебер-2024" байқауы өткен болатын. Аталған байқауда "Үздік қолөнерші" номинациясы бойынша I орын жеңімпазы Тұрғанбек Әнелі атанды. Жеңімпазға тағайындалған қаражат Айнеляның жеке есепшоты болмағандықтан оның келісімімен, жетекшілерінің ұсынысымен 23 шілдеде танысының есепшотына аударылды. Дәлел ақпаратты назарларыңызға ұсына отырып, тапсырыс беруші мен жеңімпаздар арасындағы түсініспеушілік үшін кешірім сұраймыз"- делінген әкімдік таратқан ресми мәлімдемеде. 

Ал жас ісмер Әнелі Тұрғынбек ұйымдастырушылар бүгін ғана өзіне қолхат жаздырып алғанын айтты.

"Осы уақытқа дейін ақша түсіп қалар деп күттім. Ешкімге ешқандай қолхат жазып бермген жоқпын. Олар Ақмарал Талғатқызы деген қыздың атына аударып жіберген. Ол қызды мен мүлде танымаймын. Оны маған бүгін ескертіп тұр. Бүгін хабарласып, қыдырып жүрген жерімнен Қазығұртқа әкеп қолхат жаздырып алды. Ақшаны аударамыз саған деді", - деп мәлімдеді Әнелі Болатбекқызы.

Автор: Жанар Пердешқызы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2148307-turkistan-oblysynda-baiqauda-zhengimpaz-atangan-zhas-ismer-eki-aidan-beri-syiaqysyn-ala-almai-zhurgenin-aitty/