Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Маңғыстау облыстық тұтынушылар құқығын қорғау қоғамы техрегламент талабына сай емес қытай өнімін анықтады

Жарияланған күні:

Сорпа қосылған кеспе
Көрнекі фото: pixabay.com

Соңғы уақытта Қазақстан нарығында әртүрлі елдерден, соның ішінде Қытайдан импортталатын азық-түлік өнімдері жиі кездеседі. Танымал өнімдердің бірі дайын тез дайындалатын сорпалар екені анық. "Маңғыстау облыстық тұтынушылар құқығын қорғау қоғамы" қоғамдық бірлестігі дайын сорпаны зерттеуге бастамашы болып, өнім таңбалаудағы сәйкессіздіктерді анықтады.

Сорпа – қазақ ұғымында малдың, аңның, балықтың, құстың қайнатып пісірілген етінің суға шыққан сөлі, маңызы, яғни еттің ең күшті нәрі. Ең дәмді сорпа – сиыр етінің сорпасы, содан кейінгі орынды қой және ешкі етінің сорпасы алады. Жас жылқы мен сиырдың, сондай-ақ, қойдың сорпасы өте дәмді болады.

Сорпаның құрамында кальций, магний, фосфор, адамға қажетті дәрумендердің барлығы қамтылған. Сүйек сорпасы шаштың, тырнақтың саулығына тікелей әсер етеді. Сонымен қатар асқазан-ішек жолдарын қалпына келтіріп, ішек ауруларының алдын алады. Буын, аллергия, қан аздық, өт жолы ауруларына да ем.

Бұдан бөлек, ыстық күйдегі тауық сорпасы ас қорыту жолының, асқазан мен аш ішектің жұмысын жақсартады. Тауық сорпасының гастритпен ауыратындарға көмегі зор. Ол асқазандағы артық қышқылды шығарады. Сондай-ақ сүйектердің бітіп кетуін тездетеді. Яғни, сорпадағы элементтер сүйек, шеміршек және дәнекер тіндерге, көкбауырдың қызметіне жақсы әсер етеді.

Салауатты өмір салтын ұстану үшін дене шынықтырумен қатар, табиғи өнімдерді пайдаланған дұрыс. Халқымыз "Ас – адамның арқауы" деп, қашаннан тамақтануға ерекше мән берген. Адамның тамақтану рационында ет, сүт, жеміс-жидек өнімдері алғашқы орындардың бірінде тұратыны белгілі.

Дастарханымыздың нәрін кіргізетін осы өнімдердің денсаулығымызға ешбір зиянсыз, сапалы болуын бәріміз қалаймыз.

Бұл күнде сыртқы саудаға шекарамыз да, есігіміз де ашық. Елімізге киім-кешек, азық-түлік, жемістер, цитрус және т.б. тамақ өнімдерінің басым көпшілігі өзге мемлекеттерден, яғни Қытай, Ресей және т.б. тасымалданады.

Соның ішінде баршаға қолжетімді Қытай елінен келген тез дайындалатын құс сорпалары, дайындаудың қарапайымдылығымен, бағасының арзандығымен және дәмінің алуан түрлілігімен ерекше. Бұл қытайлық "сорпалар" Қазақстанда 90-жылдары өте танымал болды. Сонымен қатар мұндай тағам түрлері гастриттен онкологияға дейінгі ауыр ауруларды тудырады деген қауесет те пайда болды.

Тез дайындалатын құс еті кеспесін жеудің артықшылықтары: арзан өнім, тез дайындалатындықтан уақытты үнемдейді, дәмді, ескірген тамақ сияқты улану мүмкін емес.

Кемшіліктері: жоғары калориялы, асқазан-ішек жолдарының жұмысына теріс әсер етеді, құрамында консерванттар мен дәм күшейткіштері бар, сонымен қатар тұз бен дәмдеуіштердің көптігіне байланысты метаболизмді баяулатып, дененің ісінуін туғызады.

Олардың сапасын тексеру мақсатында "Маңғыстау облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамы" қоғамдық бірлестігінің өкілі Ақтау қаласында орналасқан дүкендерінің бірінен Қытай елінен шығарылған "Dong Jao HIG HOODS Китайский куриный бульон Қытай тауық сорпасы" тез дайындалатын құс сорпасы өнімін жасырын сатып алушы әдісімен сатып алды.

Сатып алынған өнім Кеден одағының 005/2011 "Қаптаманың қауіпсіздігі туралы" және 022/2011 "Тамақ өнімдерін таңбалауға қатысты" техникалық регламенттеріне сәйкес зерттеулер жүргізу үшін Маңғыстау қаласы бойынша ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті "Ұлттық сараптама орталығы" ШЖҚ РМК зертханасына тапсырылды.

№193/PO-24-02564 санды хаттамасы негізінде ҚО 022/2011 техникалық регламентінің талаптары сақталмағаны анықталған, яғни жоғарыда аталған ТР 4-бабы 2-тармағына сай тамақ өнімдерінің таңбалануы Кеден одағына мүше мемлекеттің мемлекеттік тілінде, бұл дегеніміз – тамақ өнімдерінің атауы, тамақ өнімдерінің саны, тамақ өнімдерінің жарамдылық мерзімі, тамақ өнімдерін сақтау шарттары, тамақ өнімдерін дайындаушының атауы және орналасқан жері, тамақ өнімдерін дайындаушы тұлға туралы мәліметтер, тамақ өнімдерін пайдалану, оның ішінде дайындау жөніндегі ұсыныстар және шектеулер, тамақ өнімдерінің тағамдық құндылығы туралы көрсеткіштер, тамақ өнімдерінде гендік-модификацияланған организмдерді қолдана отырып алынған компоненттердің бар-жоғы туралы мәліметтер жазылуға тиіс дегенді білдіреді.

Тауық сорпасы
Фото: Биятан Жанна

Тұтынушылар құқығын қорғаушы Жанна Биятан Қытай елінде өндірілген аталмыш өнімнің таңбаламасында топтама саны, жарамдылық мерзімі, тауарды қалай сақтау жағдайы туралы мәліметтер мемлекеттік тілде көрсетілмегенін алға тартты.

Таңбалама арқылы сіз өнімнің түпнұсқалығын тексере аласыз, сонымен қатар оның өндірістен сөреге сатылымға әкелген уақытына дейінгі жолын қадағалай аласыз.

Қазақстан Республикасы "Әкімшілік құқықбұзушылық туралы" кодексінің 203-бабында жеке кәсіпкерлердің және сауда қызметiн жүзеге асыратын ұйымдардың тауарды шығарған ел туралы, дайындаушы, беруші немесе сатушы туралы қазақ және орыс тiлдерiндегі мәліметтерсіз не тауар (көрсетілетін қызмет) туралы анық және жеткiлiктi ақпаратты қамтитын құжаттарсыз сатуы – шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 45 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 70 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 150 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғатыны айтылған.

"Зерттеу хаттамасы негізіндегі материалдар шешім қабылдау үшін тиісті мемлекеттік органдарға жолданды", – деді Тұтынушылар құқығын қорғау қоғамының сарапшысы Сакен Медетұлы.

Бұл материал Маңғыстау облысындағы өнімдірдің қауіпсіздігі мен сапасын қамтамасыз етуге арналған әлеуметтік жоба аясында дайындалған.

"Маңғыстау облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамы" тауарлардың (жұмыстардың, қызметтердің) сапасын зерттеу нәтижелеріне қатысты және тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін іске асыруға ықпал ететін басқа да ақпараттарды тарата отырып, бұл ақпараттардың жарнама болып табылмайтынын ескертеді.

Осыған ұқсас сұрақтар бойынша жүгінуге арналған байланыс нөмірі 87054222739 немесе Instagram парақшасы: OZPP.KZ

Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына қатысты сәйкессіздіктер анықталған өнімдер туралы, заң бұзушылықтары анықталған өндірушілер мен сатушылар туралы, сондай-ақ оларға қолданылатын шаралар жайында хабардар болғыңыз келсе, біздің жарияланымдарды қарай жүріңіз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2148424-manggystau-oblystyq-tutynushylar-quqygyn-qorgau-qogamy-tehreglament-talabyna-sai-emes-qytai-onimin-anyqtady/