Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Тұтынушы үшін ақпараты жоқ өнімдер заңға сәйкес келе ме: сарапшы кеңесі

Жарияланған күні:

Балық консервілері
Көрнекі фото: pixabay.com

Консервіленген балықты сүйіп жейтіндерге азық-түлік өнімдерінің қаптамасындағы таңбаламаны мұқият оқып шығудың маңыздылығы туралы ескертеміз. "Маңғыстау облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамы" қоғамдық бірлестігі Қостанай қаласындың дүкендеріндегі консервіленген балық өнімдерінің техникалық регламентіне сәйкес келмейтінін анықтады.

Таңбалама азық-түлік өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігіне кепілдік беретін басты элементі болып табылады, себебі онда өнімнің тұтынушылар үшін қауіпсіздігіне әсер ететін бүкіл қажетті ақпарат, атап айтқанда, оның құрамы, жарамдылық мерзімі, сақтау шарттары және тағы басқа аспектілері туралы мағлұматтар қамтылады.

Жуырда Қостанай қаласындың дүкендеріндегі азық-түлік өнімдерімен жасалған зертханалық зерттеулер олардың қызанақ тұздығына салынып консервіленген балық өнімдерінің техникалық регламентіне сәйкес келмейтінін көрсетті.

«Килька балтийская неразделанная с овощами и гарниром в томатном соусе "по-болгарски"» өнімі Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің (ҚР ДСМ ҚСЭК) "Ұлттық сараптама орталығы" ШЖҚ РМК Қостанай облысындағы филиалының аккредиттелген зертханасына жіберілді.

Мақсат – Қазақстан Республикасының өнім қауіпсіздігі туралы заңнамасының талаптарына кешенді зерттеу және сәйкестігін, яғни Кеден одағының "Тағамдық өнімдерді таңбалауға қатысты" 022/2011 және "Азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігі туралы" 021/2011 техникалық регламенттеріне сәйкестігін тексеру.

Зерттеу хаттамалары бойынша мемлекеттік тілде ақпараттың жоқтығы, сонымен қатар өнімді пайдалануға шектеулер туралы ұсыныстар мен ақпараттың жоқтығы анықталды.

Қарапайым сөзбен айтқанда, орыс тілін білмейтін тұтынушылар өнімнің құрамы, оны сақтау шарттары, жарамдылық мерзімі және пайдалану нұсқаулары сияқты маңызды ақпаратты оқи алмайды. Бұл өнімді дұрыс пайдаланбауға апарып соғып, соның нәтижесінде денсаулыққа қауіп төндіруі ықтимал.

"Мемлекеттік тілде ақпарат бермейтін өндірушілер мен сатушылар бұл әрекетсіздігін өнім сапасы үшін жауапкершіліктен жалтару үшін пайдалануы мүмкін", – дейді тұтынушылар құқықтарын қорғау жөніндегі сарапшы Жанна Биятан.

Саналы түрде ме, жоқ па, бірақ сатушы тұтынушыларды өнімнің құрамы, қасиеттері туралы, сондай-ақ өнімнің сапасы мен қауіпсіздігін тікелей немесе жанама түрде сипаттайтын және оларды дұрыс таңдау мүмкіндігін қамтамасыз ететін басқа да мәліметтерге қатысты жаңылыстыруға жол бермейтіндей, толық, қажетті, анық, түсінікті әрі сенімді ақпаратпен қамтамасыз етілмеген өнімдерді айналымға шығарып, "Өнімдерді таңбалауға қойылатын талаптар" техникалық регламентінің 6-бабын бұзған.

Алайда "заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайды" деген.

Бұл заң бұзушылық үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында төменде көрсетілген айыппұлдар қарастырылған:

  • ҚР ӘҚБК 203-бабына сәйкес, жеке кәсіпкерлер мен сауда қызметін жүзеге асыратын ұйымдардың тауарды шығарған елі туралы, өндіруші, жеткізуші немесе сатушы туралы мәліметтерді немесе өнім (қызмет) туралы қазақ және орыс тілдерінде берілген шынайы әрі жеткілікті ақпаратты қамтитын құжаттарсыз тауарларды өткізуі 45 АЕК-тен (166 140 теңге) 150 АЕК-ке (553 800 теңге) дейінгі мөлшерде айыппұл салынуна апарып соғады;
  • ӘҚБтК 415-бабының 1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасын бұзу, оның ішінде. техникалық регламенттерде және нормативтік құқықтық актілерде белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін өнімді айналымға шығару 90 АЕК (332 280 теңге) – 600 АЕК (2 215 200 теңге) мөлшерінде айыппұл салынуына апарып соғады;
  • өнімнің сәйкестік туралы декларациясының жоқтығы расталған жағдайда, кәсіпкерлік субъектісі 195 АЕК (719 940 теңге) мөлшерінде айыппұл салумен жазалануы мүмкін.

КО 021/2011 ТР 40-бабының 1-тармағына сәйкес, КО мүше-мемлекеттер ТР талаптарына сәйкес келмейтін азық-түлік тауарларының КО кедендік аумағында айналымға шығарылуына жол бермеу үшін, сондай-ақ оларды айналымнан шығару үшін барлық шараларды қабылдауға міндетті.

"Техникалық регламентке сәйкес, қаптамадағы ақпарат мемлекеттік және орыс тілдерінде берілуі, түсінікті, оқуға жеңіл, шынайы әрі тұтынушыларды жаңылтпайтын болуы тиіс. Таңбаламаны салу тәсілі өндіруші белгілеген сақтау шарттарын сақтай отырып, тағам өнімінің бүкіл жарамдылық мерзімі ішінде оның қауіпсіздігін қамтамасыз етуі керек", – деп түсіндірді сарапшы Биятан Жанна.

Балық консервілері
Фото: Биятан Жанна

Сіздің құқықтарыңыз бен денсаулығыңызды қорғау үшін сарапшылар мыналарды ұсынады:

  1. Өнімнің қаптамасында толық әрі шынайы таңбаламаның бар-жоғын үнемі тексеріңіз. Біздің елімізде өнімнің таңбалануы туралы ақпараттың қазақ тілінде берілуі және өнім туралы толық, шынайы және уақтылы ақпарат болуы аса маңызды.
  2. Заң бұзушылықтар анықталған жағдайда қорықпай, осы мәселе бойынша хабарлау және Қазақстан Республикасының заңнамасы шеңберінде қажетті шараларды қолдану туралы бастама көтеру үшін тиісті органдарға хабарласыңыз.

Бұл қадамдар тұтынушылардың құқықтарын қорғауға ғана емес, сонымен қатар нарықтағы өнімдердің қауіпсіздігі мен сапасының жоғары деңгейін қамтамасыз етуге көмектеседі.

Бұл материалды әлеуметтік жобаның орындаушысы – "Маңғыстау облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамы" қоғамдық бірлестігі дайындаған.

"МОТ ҚҚҚ" ҚБ тауарлардың (жұмыстардың, қызметтердің) сапасын зерттеу нәтижелері туралы таратқан ақпарат, сондай-ақ басқа да ақпарат жарнама болып табылмайды және тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін іске асыруға ықпал етеді.

Осындай фактілер бойынша сұрақтарыңыз болса, 87054222739 нөміріне немесе https://www.instagram.com/ozpp.kz/ сілтемесі бойынша OZPP.KZ Instagram парақшасына хабарласуыңызға болады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2148697-qostanaida-konservilengen-balyq-onimderi-aqparaty-tehnikalyq-reglamentke-saikes-bolmai-shyqty/