Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Күн-түн демей жұмыс істейміз": бірнеше ауылға жауапты мейірбикелер мен фельдшерлердің жалақысы қанша

Жарияланған күні:

ауыл медицинасы
Ауыл медицинасы. Фото: KAZ.NUR.KZ

Қостанай облысында ауылдық жерлерде дәрігер тапшы. Бірнеше ауылға жауапты фельдшер мен медбикелер аптаның жеті күні демалыссыз, тәулік бойы жұмыс істеуге мәжбүр. Сол қызметіне алатын жалақысы 200 мың теңгенің айналасында көрінеді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.

Күләш Шакиева Меңдіқара ауданында Қаратал фельдшерлік акушерлік пунктінде 40 жылдан астам акушер болып істейді. Бұл медициналық пунктке Ұзынағаш тұрғындарынан бөлек 20-30 шақырым жердегі Байқожа, Төлеңгіт, Құлшығай ауылдарындағы 500-ден астам тұрғын қосылған. Ауылдағы ағайын дәрігерге көбіне ауруы асқынып, үйінен шыға алмай төсек тартып қалғанда хабарласып жатады. Фельдшер мен медбике, акушер аптаның жеті күні тәулік бойы қызмет етуге мәжбүр.

"Байқожа, Төлеңгіт, Құлшығай ауылдарының тұрғындары "бізге бөлек фельдшерлік-акушерлік пункт ашсын, жеке дәрігер берсін" деп сұрап жатады. Оларға бөлек-бөлек болмайды. Себебі маман тапшы. Біздің өзіміз фельдшерсіз қалып қоя жаздадық. Ол кісі зейнеткерлік жаста, отбасы жағдайына байланысты осы ауылдан қалаға көшетін болды. Орынына адам табыла қойғанына қуанып отырмыз. Себебі ауылға жас маман келе қоймайды, қайта кетіп жатыр. Мейірбике де қалаға ауысып жатыр. Оның бес баласы бар. Күн-түнге қарамай жұмыс істейміз, көмек береміз, қабылдау жүргіземіз. Үлкен кісілер жиі ауырады, аяқ асты сырқаттанғандар, ауруы асқынғандар болады, жаңа туған нәрестелер бар, бәріне үлгеруге тырысып жүрміз", - дейді Қаратал фельдшерлік акушерлік пунктінің акушері Күләш Шакиева.

Күләш Шакиева
Күләш Шакиева. Фото: KAZ.NUR.KZ

Бүгінде аймақта денсаулық сақтау саласында 550 маман тапшы: 250 дәрігер, 300 орта медицина қызметкері жетпейді. Соның 71-і ауыл дәрігері. Әсіресе облыс орталығынан 400-560 шақырым қашықтағы Арқалық қаласы мен Амангелді, Жанкелдин аудандарында маман өте тапшы. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы мәслихат депуттарына бұл аудандарға баратын медицина қызметкерлеріне біржолғы көмектің көлемін көтеру жөнінде ұсыныс жасаған.

"Қалаға келген мамандарға 5 млн теңге, ал Арқалық қаласы мен Амангелді, Жанкелдин аудандарына барғандарға 7 млн теңге көлемінде біржолғы көмек беру туралы ұсыныс айтылды. Олар бір ауданда, басқа жерге көшпей 7 жыл еңбек етуге тиіс. Яғни Қостанай облысынан басқа аудандарына ауысуға рұқсат берілмейді", -дейді Қостанай облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Данияр Жандаев.

Алыстағы ауылдарға жас мамандар бара бермейді. Төрт ауылға бір маманнан жұмыс істеп жатыр. Көбі зейнеткерлік жаста не зейнет жасқа таяған қызметкерлер. Алдағы уақытта ауылдағы медицина саласында кім қалады деген сұрақ көпті алаңдатып жүр.

Жақында Ақжол Шаданов облыс орталығынан 160 шақырым жерде орналасқан Қаратал ауылына Түркістан облысы Байдібек ауданынан көшіп келіп, фельдшерлік қызметінке кірісіп жатыр. Оны Меңдіқара ауданына қоныс аударуына медицина қызметкерлеріне жасайтын жағдай қызықтырды деп ағынан жарылды.

ауыл амбулаториясы
Ауыл амбулаториясы. Фото: KAZ.NUR.KZ

"Менің бір жерлесім осы Меңдіқара ауданында жұмыс істейді. Сол өзіне жасалған жеңілдіктер мен төлемақылары туралы айтқанда қатты қызықтым. Осыған орай, бұл елді мекенге көшіп келуге бел будым. Маған бұйрық жақында шықты. Ауыл әкімдігіне барып, маған да берілетін жеңілдіктер туралы біліп жатырмын. Енді құжаттарын жинаймын. Айтуларынша, баспана алсам соның жартысын мемлекет төлейді екен, отбасы мүшелерінің әрқайсына 275 теңгеден беретін жәрдемі бар. Тағы да жәрдемақылар бар екен", - дейді Қаратал фельдшерлік акушерлік пунктінің фельдшері Ақжол Шаданов.

Бір өкініштісі, алыстан ат терлетіп келген дәрігерлер осы біржолғы көмекті ғана қанағат тұтуы тиіс. Ал әрі қарай күн-түн демей төрт ауылдың арасында жүріп атқарған еңбегіне 200 мың теңге жалақы алады.

Автор: Айнұр Нұрмағамбетова

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2148915-kun-tun-demei-zhumys-isteimiz-birneshe-auylga-zhauapty-meiirbikeler-men-feldsherlerding-zhalaqysy-qansha/