Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Салмағы 200 келіге дейін жетеді": Түркістан облысында сирек кездесетін қошқарлар сайысы өтті

Жарияланған күні:

Облыстық көрме сайысы
Облыстық көрме сайысы. Фото: gov.kz

Арыс қаласында тұқымы сирек қошқарлардың облыстық көрме сайысы өтті. Қошқар баптаған үміткерлер 200-ден аса қошқар әкеліп, өзара бақ сынасты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Түркістан облысын әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Шараның ашылу салтанатына қала әкімі Гүлжан Құрманбекова қатысып, көрменің маңыздылығына тоқталды.

"Еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ауыл халқының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту мен мал шаруашылығының экспорттық әлеуетін арттыруда дәстүрлі сала – қой шаруашылығын өркендетудің маңызы ерекше. Ендеше, шаруаларымыздың ісі берекелі болсын", - деді қала басшысы.

Көрмеге алыстан арнайы келген құрметті қонақтар, асылтұқымды қой өсіруші шопандар мен ірі шаруа қожалықтары қатысты.

"Мұнда құйрықты қылшық жүнді, қисары және арашан қой тұқымдары әкелінген. Бұл қошқарлар өзінің сұлулығымен көз сүріндіреді. Айталық, қисары қойлары алқымы кең, арқасы тегіс, аяғы жуан. Қылшық жүні ажарларын аша түссе, дөң тұмсықтары айбат береді. Ал батпан деп бағаланған айыр құйрығы салмақтарына сән қосады", - делінген әкімдіктің хабарламасында.

Көрмені арыстық кәсіпкер Алмаз Шүкірбеков пен қаланың белсенді шаруа қожалықтары ұйымдастырған. Көрме сайыстың ережесі бойынша қазылар алқасы қойлардың салмағы мен бойына және экстерьеріне қарай бағалады. Көрмеде екі тіс қошқардың салмағы 145, сақа қошқарлардың салмағы 200 келіге дейін жетті.

Қошқар
Қошқар. Фото: gov.kz

Сайыс соңында екі тіс бойынша әрі ең жоғарғы салмақ көрсеткен, Берік Сұлтанның салмағы 144 келілік "Мүсін" қошқары дара шықты. Белгілі арыстық қойбегі Ақылбек Әлжанның "Гектар" атты қошқары 105,5 см бойды көрсетіп, биіктігі бойынша чемпион атанды. Ал абсолютті салмақта Бақберген Әлжановтың "Куба" атты қошқары экстерьер бойынша үздік болды. Шымкенттен келген Бақтияр Балажанның әйгілі "Тұран" қошқары 195 келімен жеңімпаз болып танылды. Қазылар алқасының шешімімен салмағы, бойы және келбеті ескеріліп, үздік қошқар иелеріне алғыс хаттар мен чемпиондық белбеу және кубоктар табысталды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2150314-salmagy-200-kelige-deiin-zhetedi-turkistan-oblysynda-sirek-kezdesetin-qoshqarlar-saiysy-otti/