Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Түркістан облысында дәретханадан табылған үш жасар қыздың өлімі: күдікті анықталды

Жарияланған күні:

Полиция қызметкері
Полиция қызметкері. Көрнекі фото: polisia.kz

Үш ай бұрын Түркістан облысында көрші ауладағы дәретханадан табылған үш жасар қыздың өліміне қатысты тың дерек шықты. Оқиғаға кәмелетке толмаған күдіктінің қатысы болуы мүмкін, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оқиғаның егжей-тегжейі туралы Instagram-да белгілі журналист Гүлмира Әбіқай жазды. Оның мәліметінше, үш ай бұрын көршінің дәретханасына түсіп қайтыс болды деген үш жасар қыз кісі қолынан қаза тапқан болуы мүмкін.

"Сарыағашта сот-медициналық сараптама қорытындысы бойынша бүлдіршіннің тек беті сырылған, артынан соққы алған. Онда бұл соққы "дәретхана тесігіне ұрылғаннан болды, туалетке өзі түсіп кеткен" деп көрсетті. Арада ай өтіп, қырқына дайындалып жатқанда көрші үйдің тағы бір қызы дәретханаға құлай жаздап, құтқарып қалыпты. Кішкентай қыздарды қинап, өлтіріп, дәретханаға лақтырып жүрген ересек адам бар деген сөз Сіргеліде желдей есті. Бір ажалдан аман қалған бес жасар қыз өзін кім қорқытқанын, қайда шақырғанын, ұрғанын бәрін айтып берген. Қыздың көйлегінің ұшын көріп қалған 7 сынып оқушысы мұнда не болып жатыр деп құтқарған. Содан іс қайта ашылып, тергеу басталды", - деп жазады журналист парақшасында.

Айтуынша, көрші тұратын күдікті кәмелетке толмаған.

"Қазір үш жастағы қыздың ата-анасына қиын тиіп жатыр. 40 жыл арасын көше бөлген аралас-құралас, жақын туыс болып кеткен көршінің үйіне қараса жүрегі сыздайды. Оларды көрмеу, бетпе-бет кездеспеу мүмкін емес", - дейді журналист.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметі өкілдері үш жасар қыздың қайтыс болу фактісі бойынша тергеу жүріп жатқанын мәлім етті. Кәмелетке толмаған күдікті психологиялық жағдайына байланысты медицина мекемесіне орналастырылған.

"Тергеу іс-шаралары барысында бұл оқиғаға кәмелетке толмаған күдіктінің қатысы болуы мүмкін екендігі анықталды. Анықталған жағдайларға байланысты және күдіктінің психологиялық жағдайын ескере отырып, ол мамандандырылған медициналық мекемеге орналастырылды. Қазіргі уақытта істің барлық мән-жайын толық және жан-жақты анықтауға бағытталған сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жалғасып жатыр", - делінген хабарламада.

Полиция өкілдері ақиқатты анықтауға және заңды шешім қабылдауға бар күшті саламыз деп сендіріп отыр.

Еске сала кетейік, 16 мамырда Сарыағаш ауданы Сіргелі ауылында Асылым есімді қыздың жоғалып кеткені туралы хабарланды. Бүлдіршін анасы үй шаруасымен айналысып жатқан кезде есіктің алдында ойнап жүргенде жоғалып кеткен.

Қыз баланың денесі үш күннен кейін әжетханадан табылды.

Артынша полицейлер қайғылы оқиғаның мән-жайын айтты. Олар жоғалған кішкентай қыздың денесі көрші үйдің дәретханасынан табылғанын, зорлық-зомбылықпен өлім белгілері жоқ екенін мәлім етті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2150467-turkistan-oblysynda-darethanadan-tabylgan-ush-zhasar-qyzdyng-olimi-kudikti-anyqtaldy/