Атырауда қызына балабақша күтушісі қол көтерді деген ана оқиғаға қатысты тың дерек айтты
Жарияланған күні:
Балабақшада қызын бала күтуші ұрды деген атыраулық ана Құралай Еділбаева оқиғаға қатысты тың дерек айтты. Оның сөзінше, мекеме барлық бейнежазбаны жоқ қылған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Қыздың анасы тексеріс кезінде құқық қорғау органы қызметкерлері балабақшадағы бейнежазбаларды көре алмағанын айтады. Онымен қоса жекеменшік мекеменің заңгерімін деп таныстырған бейтаныс адам бүлдіршіннің анасына телефон шалып, "қолындағы бейнежазбаларды кетір" деп қоқан-лоқы көрсеткен көрінеді.
"Баламды ұрды, барлық дәлел қолымда бар. Тәрбиешісінен сұрағанымда кереуеттен секіріп құлап қалды деді. Бірақ қызым түнімен қызуы көтеріліп, құсып шықты. Сол кезде ана жүрегім басқа нәрсені сезді. Таныстарым арқылы балабақша ішіндегі камераның видеоларын сұраттым. Соны көріп шошып кеттім. Камерада бәрі анық көрініп тұр. Одан бөлек бала өздігінен тамақ жей алмайды. Қасықпен тамағын былғап ойнап отырған, кейін аузына бір қасық салғаннан соң, бала күтуші алдындағы тәрелкесін алып кетеді. Оның да бейнежазбасы бар. Қызым үшін соңына дейін барамын", - дейді ана.
Атырау қалалық білім бөлімі басшысы Айнагүл Дүйсекенованың айтуынша, бөлім жанынан комссия құрылып, сараптау жүргізілген.
"Болған жайтты естігеннен кейін құрылған арнайы комиссия балабақшаға барып, тексеріс жүргізді. Бұл мемлекеттік тапсырысы бар жеке меншік балабақша. Директордың айтуынша, бала күтуші жұмыстан шеттетілген. Құқық қорғау органдары тергеу жүргізіп жатыр. Солардың берген нұсқамасымен шара қолданамыз", - деп жауап берді қалалық білім бөлімі басшысы Айнагүл Дүйсекенова.
Осыған дейін Атырау облыстық полиция департаменті қазіргі кезде қылмыстық іс қозғап, тергеу-амалдарын жүргізіп жатқанын мәлімдеді.
Автор: Әйгерім Сайқын
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2150935-atyrauda-balabaqsha-kutushisi-qyzyna-qol-koterdi-degen-ana-oqigaga-qatysty-tyng-derek-aitty/