Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Мал-құстарының санын, неше түп жеміс ағашы барын білеміз": елімізде ауыл шаруашылығы санағы басталды (фото)

Жарияланған күні:

санақ
Сауалнамашылар. Фото: KAZ.NUR.KZ

Елімізде пилоттық ауыл шаруашылығы санағы басталды. Сауалнама жүргізушілер мал, құстың санынан бастап, неше түп жеміс ағашы, неше гектар көкөніс егетініне дейін жазып алып жатыр, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Пилоттық ауыл шаруашылығы санағы елімізде 20 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында өтеді. Қостанай облысы бойынша Қарабалық кенті мен Тобыл қаласы, Садчиков ауылындағы 450-ден астам жекеменшік кәсіпорын мен 1500-ға жуық үй шаруашылығы осы санаққа қатысады. 40 сауалнамашы бүгін үй-үйді аралауды бастады.

"Ең басты сұрақтар туралы айтып өтсем: үйінде қанша адам тұрады, үй шаруашылығына қанша адам тартылған, соның нешеуі ересек, нешеуі бала екенін анықтаймыз. Содан соң үйі мен қора-қопсысының аумағын нақтылап, мал-құстарының санын білеміз. Бау-бақшада не өседі, қанша түп жеміс ағашы, қанша гектар көкөніс бар, түрлері, бәрін жазып аламыз", - дейді облыстық статистика басқармасының бас маманы Раушан Мұстафина.

санақ  жүргізу
Ауыл шаруашылығы санағы. Фото: KAZ.NUR.KZ

Алынған мәліметтер осы жолы ешқандай базаға енгізілмейді. Бұл 2025 жылы өтетін республикалық жаппай ауыл шаруашылығы санағына әзірлік іспеттес. Сауалнама сұрақтарын пысықтап, қажет емесін алып тастау немесе санақ жүргізу әдістемесін өзгертулер енгізу үшін сараптамалық мақсатта жүргізіліп жатыр. Бүгінде елімізде ауыл шаруашылығы статикасының екі базасы бар. Бірақ екеуіндегі ақпараттарда алшақтық көп, бір-бірімен сәйкес келмейді.

"Жануарларды бірдейлендіру дерекқорына мал дәрігерлері күн, апта сайын жануарлар туралы деректерді енгізіп отырады. Ал әкімдіктің ауыл шаруашылығы туралы электронды кітабына ақпарат жылына екі рет енгізіледі. Бірінші қаңтар мен бірінші шілдеде. Сондықтан мұндағы мәліметтерде алшақтық бар", - дейді Төлеген Фазылханов Қостанай ауданы статистика басқармасының басшысы.

Садчиков ауылының тұрғыны Төлеген Қарымсақов соңғы кезде ауылда мал басы азайып кеткенін айтады. Жайылымдық жер аз, жем-шөбі қымбат. Мәселен бір орама шөп 12 мың теңге. Бір бас сиыр үшін қыстыққа соның 4-5-і қажет.

ауылшаруашылығы санағы
Ауыл шаруашылығы санағы. Фото: KAZ.NUR.KZ

"Мал басы соңғы 10 жылда 50 пайызға азайған шығар. Бұрын ауылда мал өте көп болатын. Соңғы 10 жылда біразы етке тапсырды, сатты, азайтты. Өйткені, 2-3 бас ұстайтындарға малдан келер пайда жоқ. Жем-шөбін ақтай алмайды. Пайда болмаған соң төрт түлікті ұстау да қиын", - дейді Садчиков ауылының тұрғыны Төлеген Қарымсақов.

Ауылдағы ағайынның ойынша, жағдай бұлай жалғаса берсе үй шаруашылығында мал ұстайтын адам қалмайды. Төрт түлікті тек жеке кәсіпорындар бағуы мүмкін. Ал мамандардың ойынша, бұл болжамның нақты жауабын 2025 жылы өтетін республикалық санақтан соң білуге болады. Жалпы елімізде соңғы рет ауыл шаруашылығы санағы 2007 жылы өткізілген екен.

Автор: Айнұр Нұрмағамбетова

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2151669-mal-qustarynyng-sanyn-neshe-tup-zhemis-agashy-baryn-bilemiz-elimizde-auyl-sharuashylygy-sanagy-bastaldy-foto/