Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қызым талып қалды": Атырау вокзалының перронында тұрып қалған жолаушылар шу шығарды

Жарияланған күні:

Пойыз
Пойыз. Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

22 тамыз күні Атырау вокзалында екінші жолға тоқтаған Алматы-Атырау бағыты пойызының жолаушылары перроннан ұзақ уақыт шыға алмай тұрып қалған. Аптап ыстықта тар жерде демала алмай қалған жолаушылар ақыры шу шығарды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Анасын күтіп алуға келген Айнаш Жеңісовананың айтуынша, Атырау вокзалында Алматыдан түскен жолаушылардың қол жүктеріне тексеріс жүргізген көрінеді. Кезегін күткен халық тар жерде қысылып, ауа жетпей, ақыры соңы айқай-шуға ұласқан көрінеді. 

"Ол жерде үлкен кісілер, ДЦП диагнозы бар балалар болды. Біршама уақыт тап-тар, қараңғы перронда тұрдық. Күн ыстық, халық көп. Неліктен Алматыда тексерілген жүктерді қайта тексерістен өткізіп жатқаны белгісіз. Вокзалдың ішінде ешқандай жағдай жасалмағаны белгілі ғой. Шыдамай халық ақыры шу шығардық", - дейді қала тұрғыны Айнаш Жеңісова. 

Әлеуметтік желі қолданушылары мұндай жағдай Атырау вокзалында жиі болып тұратынын алға тартты.

"Вокзалға тексеріс жасау керек", "Перронның іші бұрыннан осылай, қашан да өте алмай тұрасың, толық жөндеу керек", "Осы жерде қызым талып қалды", "Мұнайлы астананың сиқы осындай, төбесі басыңа тиіп тұрады", - деп жазған халық. 

"Қазақстан темір жолы" АҚ Атырау вокзалында болған жағдайға байланысты түсінік берді. 

"Қазіргі кезде Атырау вокзалындағы бірінші жолға құрамында вагондары аз пойыздар ғана тоқтайды. Вокзал перроны толық жөндеуді талап етеді. Ондай жұмыстар 2025-2026 жылдарға жоспарланған. 22 тамыз күні #29 "Алматы-Атырау" пойызы екінші жолға тоқтады. Жолаушылар қалаға қарай перрон арқылы шығады. Халық саны көп болғандықтан, ыңғайсыздықтар туындады", - деп жауап берді "Қазақстан темір жолы" АҚ өкілі. 

Авторы: Ләззат Салимова

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2152312-qyzym-talyp-qaldy-atyrau-vokzalynyng-perronynda-turyp-qalgan-zholaushylar-shu-shygardy/