Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Дана Әтешованы үйден күштеп шығаруға қатысты жанжал: Әйтеновтің бұрынғы әйелі үй иесін тістеп алғаны үшін жазаланды

Жарияланған күні:

Дана Әтешова
Дана Әтешова. Фото: instagram.com/dana_ateshova

23 тамызда Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіргені үшін Дана Әтешоваға 20 АЕК көлемінде айыппұл салды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Астана соттарына сілтеме жасап хабарлайды.

2024 жылғы 23 тамызда Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіргені үшін А.-ға қатысты Қылмыстық кодекстің 108-1-бабының 1-бөлігі үкім шығарды.

"А. оны мәжбүрлеп шығару процесі барысында үй иесіне қарсылық көрсетіп, М.-ны үйге кіргізбей, жәбірленушіні қасақана ұялы телефонымен соғып, оны тістеп алған. Нәтижесінде М.-ге дене жарақаты келтірілген.

Сотталушының кінәсі жәбірленушінің, куәгерлердің айғақтарымен, сот-медициналық сараптама қорытындысымен және іс материалдарымен дәлелденді", - делінген сот хабарламасында.

Прокурор 30 АЕК мөлшерінде айыппұл түрінде жаза тағайындауды сұрады.

Қорғаушы тарап оқиға мен қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты іс бойынша іс жүргізуді тоқтатуды сұрады.

Қылмыстық кодекстің 108-1-бабы 1-бөлігінің санкциясы 200 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салу не сол мөлшерде түзеу жұмыстары, не 200 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту, не 50 тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алу түріндегі жазаны көздейді.

Сот қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде жас балалардың болуын және соттылығының болмауын таныды.

Жасалған теріс қылықтың мән-жайларын және оның ауырлығын ескере отырып, сондай-ақ сотталушының жеке кәсіпкер болып табылатынын, оның асырауында 3 жас баласының бар екенін және жазаның өзге түрін тағайындау оның балаларының өмірі мен тәрбиесі жағдайларына әсер етуі мүмкін екенін ескере отырып, сот сотталушы А.-ға 20 АЕК мөлшерінде айыппұл түріндегі жаза тағайындады.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін қазақстандық Дана Әтешова 12 шілдеде Шымкент қаласының экс-әкімі Мұрат Әйтеновтің ағасы – бұрынғы күйеуі оны үйінен күштеп шығармақ болғанын мәлімдеген еді.

Бұл жағдайға полицейлер түсініктеме берді. Құқық қорғау органдары жеке сот орындаушыларының тұрғын үйден шығару туралы сот шешімін орындау барысында бұрынғы ерлі-зайыптылардың арасында жанжал туындағанын хабарлады.

Ер адамның үстінен күш қолданғаны үшін іс қозғалды. Оқиға туралы Қазақстандағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева да пікір білдірді.

Кейін Марат Әйтеновтің бес тәулікке қамауға алынғаны белгілі болды. Сондай-ақ оның үстінен бұрынғы әйелінің денсаулығына зиян келтіргені үшін қылмыстық іс қозғалды. Өз кезегінде Әйтенов бұрынғы әйелінің үстінен қарсы арыз жазды.

Ал 2 тамызда өткен сот отырысында прокурор Әйтеновті 12 тәулікке қамауға алуды сұраған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2152578-dana-ateshovany-uiden-kushtep-shygaruga-qatysty-zhanzhal-aitenovting-buryngy-aieli-ui-iesin-tistep-algany-ushin-zhazalandy/