"Өмірім төрт қабырғада өтеді деп ойладым": Атырауда арбаға таңылған жандар алғашқы драмасын сахналады
Жарияланған күні:
Атырауда биыл тұсауы кесілген "Талшын" инклюзив театры көрерменге алғаш рет қойылымын ұсынды. Арбаға таңылған мүгедектігі бар жандар драматург Әлімбек Оразбековтың пьесасы негізінде қойылған "Бір түп алма ағашы" отбасылық драмасын сахналады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Басты рөлдерді мүгедектігі бар адамдар сомдаған қойылымда отбасылық өмірдің қиындықтары мен қуаныштары көрініс тапты. Жарақат алғанға дейін әр түрлі салада жұмыс істеген әуесқой әртістер үш ай бойы кәсіби мамандардан дәріс алған. Солардың бірі - Жасұлан Қабдулов бұрын көлік жөндеу саласында қызмет еткенін айтады.
"Жол апатынан кейін менің өмірім төрт қабырғада өтеді деп ойладым. Бірақ "Біз де адамбыз" қорына келгеннен бастап өмірім күрт өзгерді. Апатқа дейін мен КЖО-да жұмыс істедім, сахнада өнер көрсетемін деп ешқашан ойламаппын. Бұл керемет тәжірибе болды. Біз осы қойылымда жанымызды салып жұмыс істедік. Біздің күш-жігеріміздің көрермендерге әсер еткенін көру – ең үлкен марапат", - дейді инклюзив театрдың әртісі Жасұлан Қабдулов.
"Талшын" инклюзив театры "Біз де адамбыз" қорының жобасы. Авторы - Гүлназ Қосмурзиева. Осы жылы жұмысын бастаған ұжым алдағы уақытта да көрерменді жаңа қойылымдармен қуантпақшы. Сондай-ақ жоба жетекшісі сахнаға шыққысы келетін мүгедектігі бар таланттарды қолдауға әзір екенін жеткізді.
"Театр қатысушылары кейіпкерлердің барлық эмоцияларын шынайы жеткізе алды. Халықтың көз жасы мен эмоциясын көріп, одан сайын қанаттана түстік. Мұндай жоба біз үшін, яғни мүгедектігі бар әртістерге басқа адамдармен қарым-қатынас жасауға, төрт қабырғаға қамалмай, уақытымызды тиімді өткізуге мүмкіндік береді",- дейді жоба авторы Гүлназ Қосмурзиева.
Авторы: Әйгерім Сайқын
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2153088-omirim-tort-qabyrgada-otedi-dep-oiladym-atyrauda-mugedek-arbasyna-tangylgan-zhandar-algashqy-dramasyn-sahnalady-foto/