Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

29 тамыз – Семей полигоны жабылған күн: бұл туралы не білуіміз керек

Жарияланған күні:

Жарылыс
Жойқын жарылыс. Көрнекі фото: e-history.kz

29 тамыз – еліміз үшін қасірет пен үміт астасқан тарихи күн. Осыдан 75 жыл бұрын дәл осы күні Семей жерінде алғашқы жарылыс болды. Араға 42 жыл салып, 1991 жылы 29 тамызда Семей ядролық полигонын жабу туралы жарлыққа қол қойылды. Семей полигонының зардабы қандай болды? Оны жабу үшін қандай жұмыстар атқарылды? Материалымыздан оқыңыздар.

Маңызды тұстар
close
Бұл мәтін автоматты түрде ЖИ көмегімен жазылған және редактор тексермеген, сондықтан фактологиялық және грамматикалық қателер болуы мүмкін. Толығырақ жарияланымда.
  • 29 тамыз – Семей ядролық полигоны жабылған күн, осыдан 75 жыл бұрын алғашқы жарылыс жасалып, 42 жыл өткен соң полигон жабылғаны туралы жарлыққа қол қойылған.
  • Семей полигонында 40 жыл ішінде 456 ядролық сынақ өткізіліп, 1,5 млн адамға зиян келтірілген, қатерлі ісік үш есе өскен және радиация әсері әлі де сақталуда.
  • Полигонды жабуға "Невада-Семей" қозғалысы мен Кешірім Бозтаев сияқты қоғам қайраткерлері үлкен үлес қосқан, бірақ зардабы әлі де сезілуде.

Қазақстанның ұсынысымен БҰҰ 2009 жылы 2 желтоқсанда Семей полигоны жабылған 29 тамызды Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы бірлескен іс-қимыл күні деп жариялаған.

Хронология

Тарихқа шегініс жасасақ, 1946 жылы ғалым Юлий Харитон алғашқы кеңестік атом бомбасын құрастыру мақсатында тактикалық-техникалық тапсырма әзірледі. Осы жылы үкімет шешімімен атом қаруын өңдеу және құрастыру жөніндегі алғашқы орталық ашылды.

  • Кеңес ядролық полигоны КСРО Министрлер кеңесінің шешімімен 1947 жылғы 21 тамызда Семей қаласының батысына қарай 170 км қашықтықта құрылды.
  • 1948 жылдың жазында алғашқы өндірістік атом реакторы құрылысы аяқталды.
  • 1949 жылғы 29 тамызда таңертеңгі сағат 6.30-да Абай және Абыралы аудандарында халыққа алдын ала ескертілместен, қуаты 22 килотонна болатын алғашқы жарылыс жасалды.
  • Мұнда 1951 жылы 18 қазанда уран бомбасы, 1953 жылы 12 тамызда жер үстінде дүние жүзінде алғаш рет қуаты 500 килотонна болатын сутек бомбасы сыналды.
  • 1962 жылға дейін сынақтар жер бетінде өткізілсе, 1963 жылдан бастап жер астына көшірілді.
  • Полигон аумағындағы соңғы жарылыс 1989 жылғы 19 қазанда өткізілді.
  • Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1991 жылы 29 тамызда халықтың қалауымен Семей ядролық полигонын жабу туралы жарлыққа қол қойып, бүкіл әлемге бейбітшілік пен адамзатты сақтауға жауапкершілік пен шешуші көзқарастың үлгісін көрсетті.

"Бұл шешім өте қиын уақытта қабылданды. Ол кезде Кеңес Одағының және жалпы биполярлық әлемдік тәртіптің күйреуі аясында жаңадан құрылған тәуелсіз елдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі өте өткір болды", - деп пікір білдіреді бұрынғы сыртқы істер министрі, мемлекеттік қайраткер Мұхтар Тілеуберді

Семей полигоны
Коллаж: egemen.kz
  • 1995 жылы соңғы ядролық құрылғы жойылды.
  • 1996 жылғы сәуірде Қазақстанның Ұлттық ядролық орталығы және АҚШ Қорғаныс министрлігі жанындағы Ядролық қауіпсіздік жөніндегі агенттік сынақтар өткізілген туннельдер мен ұңғымаларды жою туралы келісімге қол қойды.
  • Жоба 2000 жылғы 29 шілдеде Семей ядролық полигонының соңғы ұңғымасы жойылған кезде аяқталды.

Семей полигоны туралы жазылған мақалалардың бірінде мынандай дерек келтіріледі:

Семей полигонында 40 жыл ішінде барлығы 456 ядролық сынақ өткізілдi, оның 86-сы әуеде, 30-ы жер үстiнде, 340-ы жер астында жасалды. Полигон аумағы 18500 шаршы метр болды. Жылдам тараған улы радиация осы аумақта тұрған 1,5 млн адамға зиянын тигізді. Қазақ жерiндегi жарылыстар Хиросимаға тасталған бомбалардан 2,5 мың есе қуатты болды.

Полигонның зардабы

Радиациялық сәуле­ленудің ықпалына ұшыраған аумақ тұрғындары орасан зор қасірет шекті, 1,2 млн адам түрлі диапазондағы дозада радиациялық сәулеге ұшыраған, басқа ауру-сырқауларды алмағанның өзінде өңірде қатерлі ісік үш есе өскен.

"Семей полигонының қасіреті" мақаласында автор Семей ядролық полигонын­дағы сынақтардың адам денсаулығы мен қоршаған ортаға әсері туралы алғашқы жүйелі деректер Қазақ КСР Ғылым академиясы жүргізген кең ауқымды меди­ци­налық-экологиялық зерттеулер­ нәтижесінде алынғанын жазады. Зерт­теулерді, ғылыми экспедиция­ларды профессор Б. Атшабаров басқарған.

"Рак ісігі сынақтар бастал­ғалы бері үш есе өсті. Семей по­лигонына жақын аудандарда әртүрлі ауытқу, тәндік және есту кемшілігі бар әрқилы сәбилер дүниеге көп келеді. Мамандар­дың айтуынша, соны бәрі нақ қыс­қа­мерзімді және қалдықты радиа­цияның кесірінен бола­тын ге­нетикалық мутациямен бай­­ланысты.

Адамдар ғана емес, жер де азап шегеді. Жылма-жыл ра­дио­нуклидтердің жинала беруі жердің құнарлығын азайтады. Жердегі орасан зор микро­эле­мент­­тер: темір, мыс, магний және басқа металдар адам ор­ганизміне сіңеді", – дейді Б.Ат­ша­баров.

Семейде жарылыс болған жерлер
Семей полигоны. Фото: egemen.kz

Семей жерінде 50 жыл бойы ажал сепкен 470 (кей деректерде 498 ядролық сынақ өткен) дүркін жарылыстан – 2500 мегатонна энергия бөлінгені айтылады. Жапония жеріндегі жарылыста 30 мегатонна, ал Чернобыльдан 100 мегатонна қуат бөлінген екен. Осының өзінен-ақ Семей даласының қандай қасірет шеккенін бағамдауға болады.

Семей полигонына арналған мақалалардың бірінде БҰҰ жариялаған статистика негізінде Семей ядролық полигоны әлі де адамдар өміріне қауіпті екені, жарылыс кезінде қолданылған плутонийдің радиациялық белсенділігі әр 24 мың жылда жартылай ғана төмендейтіні айтылады.

БҰҰ өкілдерінің мәлімдеуінше, Семей полигоны жеріндегі радиация мөлшері тек миллион жылдан кейін ғана табиғи деңгейге жетеді екен.

"Невада – Семей" қозғалысы

Семей полигоны жылдарға созылған күрестің нәтижесінде жабылғаны мәлім. Сол күрестің ең басында 1950-60 жылдары белгілі жазушы Мұхтар Әуезов, ғалым Қаныш Сәтбаев, білікті профессор, дәрігер Бақия Атшабаров, сол кездегі денсаулық министрі Сибуғатулла Қарынбаев сынды азаматтар болды.

1989 жылдың ақпанында Семейдегі атом полигонын жабу мақсатында "Невада-Семей" қозғалысы құрылды. Оған белгілі қоғам қайраткері, ақын Олжас Сүлейменов басшылық жасады. Алғашқы митинг өткізілді.

1989 жылдың 6 тамызында Семейдің Қарауыл кентінде "Невада-Семей" антиядролық қозғалысының бейбіт шеруі өткен.

Қарауыл кентінде Олжас Сүлейменов ядролық қару-жарақтың сынағына қарсы жиналған адамдардың алдында сол кездегі Кеңес және АҚШ президенттеріне арналған үндеуді оқып берді. Үндеуде антиядролық қозғалысты құру себебі де айтылған:

"Невада-Семей" антиядролық қозғалысын құрған себебіміз – Қазақстанда ядролық сынақтарды тоқтату. Біз өз жерімізде қауіпсіздік пен тыныштық үшін күресуге құқығымыз бар. Бүгін біз ядролық сынақ полигонының маңына қазақтың Қарауыл кентіне жиналдық. Бұл жер Батыс пен Шығысты түйістіреді. Ядросыз қаруға күресетіндердің халықаралық ынтымақтастық күні біз сіздерден жер бетінде қауіпсіздік орнату үшін өзара мораторий орнатуларыңызды сұраймыз. Бұл күндері адамзат жер бетінен қырылып қалмауы үшін бұл мәселе шешілуге тиіс. "Невада-Семей" қозғалысы. Семей облысы Қарауыл ауылы. 6 тамыз 1989 жыл", - делінген үндеуде.

Олжас Сүлейменов және шерушілер
Олжас Сүлейменов және шеруге қатысушылар. Фото: rudnyi-altai.kz

Антиядролық қозғалыстың арқасында 1989 жылы жоспарланған 18 ядролық сынақ саны 7-ге дейін азайтылды. Ең соңғы ядролық сынақ осы жылдың 19 қазанында өткізілді.

"Семей полигоны қалай жабылды?" деген мақалада былай жазылады:

"Жарты ғасырға созылған ядролық сынақтардың зияны мен салған лаңы бұқаралық ақпараттары құралдарында ашық жариялана бастады. Мұндай хабарлар ұзамай ел аумағынан шығып, одақтас республикалар тіптен шет елдерде де талқыланып жатты. Осындай аса ұйымшылдықпен көтерілген бастамалардың арқасында КСРО Үкіметі алған бетінен қайтып, ядролық қаруды сынауға тыйым салу туралы шешім қабылдады". 

Кешірім Бозтаев Семей полигонын жабуға қандай үлес қосқан?

Кешірім Бозтаевтың есімі М.С.Горбачевқа ядролық қаруға қарсы құпия криптограмманы жіберуші ретінде белгілі, бұл Семей полигонында атом қаруын сынауға қарсылық білдірген алғашқы ашық мәлімдемелердің бірі болды.

Журналист Мырзан Кенжебайдың abai.kz порталында жарық көрген мақаласында Семей полигонын жабу туралы үн қосқан КПСС-тің сол кездегі Семей облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Кешірім Бозтаев екені айтылады.

Осы мақалада Қазақстан Компартиясы облыстық комитетінің бірінші хатшысы Кешірім Бозтаевтың 1989 жылғы 20 ақпанда "өте құпия" деген белгімен КПСС Орталық комитетінің бас хатшысы М.С.Горбачевке жолдаған хаты келтірілген.

Хатта ол Семейдегі сол кездегі полигонның зардабын жаза келе, жағдайға алаңдап отырған облыстық партия комитеті СОКП ОК-дан бұл жарылыстарды тоқтатуды сұраған.

"Қазақстан Компартиясы Семей облыстық комитеті СОКП ОК-не мына жағдайды хабарлайды: 340 мың тұрғыны бар Семипалатинск қаласына таяу жатқан сынақ алаңында 1949 жылдан бері ядролық қару сынақтары жүргізілуде. Бұл сынақтар әуелі – ауада, сосын 1963 жылдан бастап жер астында жүргізілуде.

Қазір арада 40 жыл өткенде бұл полигонның айналасындағы жағдай мүлде өзгерді. Яғни, полигон қалың ел орналасқан аймақтың қақ ортасында қалды. Ал бұл жағдай сынақтар жасау барысында еш ескерілмеуде. Бұл маңда жылына 14-18 ядролық жарылыстар жасалады, олар осы жердегі ғимараттар мен инженерлік желілерді істен шығарып, жүздеген, мыңдаған адам, басқа да жан-жануарлар ауырып, су ішетін құдықтар бұзылуда. Сонымен қатар полигон аймағындағы топырақ қабаты қатты өзгеріске ұшырауда, әрбір үшінші жарылыс сайын жер бетіне радий белсенділігі жоғары газ тарайды, оны тоқтату іс жүзінде мүлде мүмкін емес.

Ядролық сынақтар туралы жұртшылық арасында әртүрлі пікір таратылып, тұрғындар арасында моральдық-психологиялық күйзеліс байқалуда және олардың осының бәрін сынақ тудырған кесел, дерттермен байланысты деуі де негізсіз емес.

Осындай ауыртпалық жағдайға алаңдап отырған облыстық партия комитеті СОКП ОК бұл жарылыстарды тоқтатуды немесе оның қуатын кемітіп, жарылыс аралықтарын сиретуді, одан әрі жарылыстарды басқа бір қолайлы жақтарда өткізуді тиісті министрліктер мен мекемелерге тапсыруын өтінеді".

Мырзан Кежебайдың жазуынша, хат дәл сол күні М. Горбачевтің үстелінің үстінде жатады. Көп ұзамай КСРО Министрлер Кеңесінің төрағасының орынбасары, әскери-өнеркәсіп комиссиясының төрағасы И.С. Белоусов бастаған үкімет комиссиясы да келіп жетеді.

Кешірім Бозтаев – Қазақстан Республикасының 1992 жылғы 18 желтоқсанда қабылданған "Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтар салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау" туралы Заңының, ядролық сынақтар салдарынан зардап шеккен тұрғындарды медициналық оңалту бағдарламасының авторы.

Оның "Семей полигоны" атты еңбегі жарық көрген.

Семей полигоны жабылғанына отыз жылдан астам уақыт өтсе де, ел мен жер радиацияның зардабын әлі күнге дейін тартып келе жатқаны анық.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2153163-29-tamyz-semei-poligony-zhabylgan-kun-bul-turaly-ne-biluimiz-kerek/