Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақтөбеде мектеп бухгалтері ай сайын өзіне 3-5 млн теңге аударып отырған

Жарияланған күні:

теңге
Теңге. Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Қаржы министрлігі білім беру саласындағы аудит нәтижесін жариялады. Оған сәйкес, бірнеше айдың ішінде 36 білім беру ұйымында 1 млрд теңгеден астам сомаға ұрлық фактісі тіркелді.

Қаржы министрлігінің мәліметіне сүйенсек, жаз мезгілінде тәуекелдерді басқару және қаржылық бақылау жүйесі негізінде ішкі мемлекеттік аудит жүргізілген.

"Бірнеше айдың ішінде 36 білім беру ұйымында 1 млрд теңгеден астам сомаға ұрлық фактісі тіркелді", -делінген хабарламада.

Осылайша, күдікті операцияларды талдау тәсілі олардың ең көп таралған түрін анықтаған. Мәселен, қосарлы (екі түрлі) есепке алу мен еңбекақыны асыра бағалау деректері дәлелденген.

"Атап айтқанда, № 48 Ақтөбе орта мектебінің құжаттарында есепшінің жалақысы жылына 700 мың теңгеден сәл артық болғаны жазылса, іс жүзінде оның картадағы шотына ай сайын шамамен 3-5 млн теңгеге дейін аударылып келген", - делінген сайтта.

Екінші кең таралған алаяқтық – жалған қызметкерлерге ақша аудару. Құжаттар бойынша жалақы бірқатар адамға жіберіледі. Ал шындығында оны басқа тұлғалар кәдеге жаратып отырған.

"Мысалы, Қарағандының №33 балабақша кешен-мектебінде ондаған қызметкерге қаражат аударылғанымен жымысқы әрекетке сәйкес тиісті ақшаны екі есепші карталарына аударту арқылы иемденіп келген. Келтірілген шығын мөлшері – 207,4 млн теңге.

Үшінші заңсыз амал – бюджет қаражатын әдеттен тыс жоғары мөлшердегі сомамен аудартуды қайталау. Нақты айтсақ, Петропавл қаласының №42 орта мектебінің бас есепшісі мен информатика пәнінің мұғалімі 2023 жылы айына 3 реттен артық жалақы алып отырғаны әшкере болды. Бұдан келген шығын көлемі – 69 млн теңге", - деп жазылған хабарламада.

Бұл заңды белден басудың тек ең танымал жолдары  ғана. Осы ретте Қаржы министрлігі мемлекеттік органдардың бюджетін қалыптастыру және бухгалтерлік есеп жүргізу процестерін автоматтандыру есебінен нақты уақыт режімінде тиісті бақылауды күшейтіп жатқанын айта кетейік.

"Мемлекеттен бөлінетін қаражатты басқару саласындағы ашықтық пен айқындылықты арттыру, сондай-ақ аудитті күшейту, қаржылық есептіліктің неғұрлым қатаң және тиімді жүйелерін енгізу мемлекеттік бағдарламаларды жақсартып, әлеуметтік салаға арналған инвестицияларды ұлғайтуға мүмкіндік береді", - деп түйіндеді Қаржы министрлігінің баспасөз қызметінің өкілдері.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2153566-aqtobede-mektep-buhgalteri-ai-saiyn-ozine-3-5-mln-tengge-audaryp-otyrgan/