Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Бір отбасынан 5 адам қаза тапқан: Ақтөбедегі жол апатына қатысты тың дерек шықты (видео)

Жарияланған күні:

Оқиға орны
Оқиға орны. Видеодан кадр: KAZ.NUR.KZ

Ақтөбедегі жантүршігерлік жол апатынан бір отбасынан бес адам қаза тапты. Қайғылы жағдайға қатысты тың деректі өңірдегі KAZ.NUR.KZ тілшісі ұсынды.

Қайғылы жол апаты 26 тамыз күні сағат 18:45 шамасында Ақтөбе облысы Қобда ауданы Әлия ауылы маңында тіркелді. Жергілікті полиция департаменті Самара-Шымкент тас жолы бойында Merсedes жүк көлігі мен Volkswagen Polo көлігінің соқтығысқанын хабарлады.

Ресми мәліметке сүйенсек, жеңіл көліктегі төрт жолаушы оқиға орнында көз жұмған. Төрт жасар бала аудандық ауруханада қайтыс болған. Полиция департаменті жол-көлік оқиғасы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.

"Жол-көлік оқиғасы Самара-Шымкент халықаралық маңызы бар тас жолының 648-шақырымында тіркелді. Салдарынан оқиға орнында төрт адам қаза болды. Ер адам мен кәмелеттік жасқа толмаған бала медициналық мекемеге жеткізілді. Қазіргі таңда Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігі бойынша іс қозғалды",- деді Қобда ауданы ПБ бастығының орынбасары Аслан Шотанов.

Ал Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі аудандық ауруханаға жеткізілген баланың өмірін аман алып қалу мүмкін болмағанын хабарлады.

"Полижарақат алған 4 жасар бала қаза болды. 30 минут бойы реанимациялық шаралар жүргізілді. Ал аудандық ауруханаға жеткізілген жүргізушінің жағдайы тұрақталды. Есін жиды, жағдайы ауыр. Жол-көлік оқиғасы кезінде 50 жастағы әйел адам, 35-40 жас шамасындағы ер адам, 14 және 12 жас шамасындағы екі жасөспірім жедел жәрдем жеткенше қайтыс болды. Бәрі бір отбасының адамдары", - деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2153589-bir-otbasynan-5-adam-qaza-tapqan-aqtobedegi-zhol-apatyna-qatysty-tyng-derek-shyqty-video/