Ахмет Байтұрсынұлы еңбек жолын бастаған Ақтөбе облысындағы алақандай ауыл туралы не білеміз (фото)
Жарияланған күні:
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов алғаш еңбек жолын Ақтөбе өңірінде бастаған деген дерек бар. ХІХ ғасырда ауыл балаларына арналып салынған мектептің бүгінде орны ғана жатыр. Десек те, қазақ арысының табаны тиіп, маңдай тері сіңген жер туралы ауыл халқы мақтанышпен айтады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Ақтөбе облысы Алға ауданы Қарағаш ауылында Ахмет Байтұрсынов атындағы мектеп бар. Ширек ғасырдан бері жұмыс істеп тұрған ауыл мектебіне ұлт ұстазының есімі берілуі кездейсоқ емес.
"Ахмет Байтұрсыновтың біздің ауылда тұрып, бала оқытқаны – біз үшін үлкен мақтаныш. Ауылымыз алаш баласы үшін ардақты тұлға еңбек еткен жер. Сол кездегі мектеп сақталмаған. Бірақ тарихи деректерде тайға тасқа басқандай сақталған мәлімет бар. 1857-1924 жылдары өмір сүрген Ахметкерей Қосуақов есімді азамат біздің ауылда болыс болған. Осы ауылға мектеп салып, Ахмет Байтұрсыновты ұстаздық етуге шақырған. Ахметкерей атамыздың өзі де Орынбордағы мұғалімдік училищені бітіреді. Сол жақта Ахмет Байтұрсыновпен танысқан. Ол заманда бай, ауқатты адамдар қазақ зиялыларын жанына жинаған. Мектеп ашып беріп, қазақ ауылдарындағы жастарды білімге тартқан. 1895-1897 жылдар аралығында Ахмет Байтұрсынов Қостанай, Қарқаралы, Ақтөбе, Әулие ата жерлерінде мұғалімдік еңбек еткен деген мәлімет бар. Сол кезде ең бірінші болып Ахметкерей Қосуақов атамыз шақырған. Оған әртүрлі нақты дерек бар. Танымал филолог Рабиға Сыздықова апамыздың деректерінде Ахмет атамыздың Батпақты ауылында еңбек еткені айтылады. Батпақты- біздің ауылдың бұрынғы атауы. Сол жерде Батпақты болысында Ахметкерей Қосуақовтың қасында Ахмет Байтұрсынов қызмет атқарды деген дерек айтады. Нақты дерек соңғы үш-төрт жылдықта табылды. Онда Ахмет атамыздың өзі Орынбордағы "Торғай" газетіне мақала берген. Сонда өзі біздің ауылда мұғалімдік қызмет атқарғаны туралы жазған", - дейді Ахмет Байтұрсынов атындағы мектептің тарих пәні мұғалімі Ерлан Аманғалиев.
Қарағаштағы 200 бала білім алатын ауыл мектебіне 1988 жылы Ахмет Байтұрсыновтың есімі берілген. Мектепте Ахметтану курсы, "Ұлт ұстазы -Ахмет" атты шағын мұражай бар. Мұражай ұстаздар күшімен жабдықталған. Онда ұлт ұстазының алақандай ауылда еңбек еткені туралы тарихи құжаттар сақталған.
Ахмет Байтұрсыновтың ауылдағы өзен жағасына салынған там үйде бала оқытқанын ауылдың үлкендері ғана біледі.
"Әкем Әшім Ахмет Байтұрсынов сабақ беріп жатқанда там үйден сығалап қарап жүретін болған. Кейін оны шақырып алып қолына бір жапырақ қағаз беріп "осымен Орынборға оқуға бар" деген. Әкем сол жаққа аяғым жетпеді деп жиі айтып отыратын. Қазір сол Ахмет атамыз салған мектептің ауылда орны ғана қалды. Құмның бетінде іргетасының тасы жатыр", - дейді ауыл тұрғыны Жангелді Сейітов.
Ауыл тұрғындары бұл тарихи дерек туралы майын тамызып айтуға бар.
"Осы ауылда туып-өстім. Бұл жер тұнып тұрған тарих. Кезінде бұлақтың түбіне орналасқан 50 шақты үй болған. Колхоз құрылғаннан кейін Батпақты ауылын Ақметкерей Қосуақов басқарған. Ахметкерей атамыз 4-5 жасында анасынан айрылып, әкесі Орынборда тұратын күйеу баласының қасына білім алсын деп жібереді.Ақметкерей атамыз сонда оқып, Ақтөбедегі губернатордың тілмашы боп жүргенде осы жерге болыс қылып алып келеді. Ол кісі ауылға келіп, жұмысын халықты сауаттандырудан бастаған. Ауылға мектеп салдырады. Сол мектепке мұғалім қылып Ахмет Байтұрсыновты шақыртқан", - дейді ауыл тұрғыны Гүлайым Қасенқалиқызы.
Қазірде Қарағаш ауылдық округінің халқы мыңнан асады. Жері ылғалды, шөбі құнарлы. Ауыл әкімінің айтуынша, мұндағы халық негізінен мал шаруашылығымен отыр. Ал тұрғындардың 30 пайызы егінмен айналысады.
"Ауыл жанында Мұғалжар жылқысын баптап отырған шаруа қожалығы бар. Негізінен тұрғындарымыз мал өсіреді. Ауылда мәдениет үйі жұмыс істеп тұр. Өнер көрсететін әжелеріміз бар", - дейді Қарағаш ауылдық округінің әкімі Абылай Жұбаев.
Ауыл тұрғындары болашақта Ахмет Байтұрсынов еңбек еткен ескі мектептің орнына белгі қоюды жоспарлап отыр.
Автор: Ардақ Ерубаева
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2153799-ahmet-baitursynuly-engbek-zholyn-bastagan-aqtobe-oblysyndagy-alaqandai-auyl-turaly-ne-bilemiz-foto/