"Отпен ойнайтын бала емеспін": 3200 метр биіктікте 9 орындықпен трюк жасаған қазақ жігіті жайлы не білеміз
Жарияланған күні:
Шымбұлақта 3200 метр шыңды тоғыз орындықпен бағындырған Ғалымжан Әуесбай желі қолданушыларын таңдай қақтырды. Экстремалды өнерімен ел аузына іліккен акробат KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұқбат беріп, ерекше дарыны жайлы ой бөлісті.
Өзінің шексіз мүмкіндіктерін көрсетуді мақсат еткен акробат Ғалымжан Әуесбайдың осы өнермен айналысып келе жатқанына 11 жыл болыпты. Әлемге танымал бірнеше шоуда жеңімпаз атанған ол қазір желі қолданушыларын таңғалдырып жатыр.
"Рақмет! Биіктен көріне бер! Аллам қолдасын", " Лайк баспау күнә ғой", "Денем тітіркеніп кетті" "Керемет, не деген өнер", "Сөзім жоқ", - дейді желідегі видеоға пікір қалдырғандар.
Бәрі "қолмен жүруден" басталды
Ғалымжанның айтуынша, акробатика өнеріне деген құштарлық академияда 2-курс оқып жүрген кезде басталды.
"Өзімді осы кезде ерекше көрсеткім келді. Сол үшін жаңа бағыттағы бірдеңе іздеп, осындай трюктер жасасам деп шештім. Жалпы өзім бала кезден спортпен айналысқаннан кейін акробатиканы үйрену аса қиынға соққан жоқ. Балалық шағымда еркін күреске қатысқам. Бірақ бұл қызығушылық ретінде ғана болды. Ол кезде кермеге тартылып, қолмен қадам жасайтынмын. Менің бұл саладағы ең алғашқы қадамым "қолмен тұру" болды. Бұрындары қолмен жерде жүре алғаныммен, өзімді бір орында ұстап тұра алмайтынмын", - дейді ол.
Сөйтіп акробат бір күні желіден 1-2 орындықпен жасалған трюк көріп қалғанын айтады. Ғалымжан оны қайталап, одан әрі жетілдіру үшін біраз еңбектенген.
"Соны өзім әрі қарай жалғастырып, құрастырып кеттім. Кейін барлық орындығымның сызбасын салдырып, арнайы дайындаттым. Өйткені мұны басқа орындықпен жасауға болмайды. Жалпы бұл трюкті дайындау үшін ұзақ уақыт жаттығу қажет болды. Мен жасаған трюктардың ешбірі маған қиын болған жоқ. Тек Шымбұлақтың басына орындықты алып шығу қиын болған шығар. Ал трюктарды жасауда еш қиналмадым. Себебі ол менің істеп жүрген жұмысым. Сондықтан үйреніп қалғам", - дейді акробат.
Акробат соңғы үш жылда Англияда жұмыс істеп келген. Ол алдағы уақытта қандай жоспары барын айтты.
"Экстремалды видеолар түсіру бұрыннан ойда бар еді. Алғашында өзім түсіріп жүрдім, бірақ кейін қойып кеттім. Өйткені соңғы үш жылдықта Қазақстанда болмай, Англияда жұмыс істедім. Осы жақта циркте жұмыс істедім. Батыс елінде өнер көрсеттім. Енді қазір елге оралып, экстремалды видеолар түсіруді жалғастырып жатырмын.
Орындықпен жасалатын трюкты әлемнің танымал жерлерінде жасап, видеоға түсіру ойда бар. Қайда түсіретінімізді жоспарлап, келісіп қойдық. Бірақ қазір нақты қай жерлер екенін жариялай алмаймын. Жуырда видеолардан көре аласыздар. Бұл тек бастамасы. Әлі талай экстрим болады", - дейді ол.
Ғалымжанның басты мақсаты адамның қолынан бәрі келетінін дәлелдеу. Оны халықтың қошеметі мен алғысы шабыттандырады екен.
"Мен әр трюк жасаған сайын бойымдағы бар өнерді, өз мүмкіндігімді көрсетуге тырысамын. Қолымнан келетін дүниелер іште қалып кетпей, баршаға көріну керек деп ойлаймын. Көрерменге тек әдемілік сыйлағым келеді. Адамның қолынан келмейтін нәрсе жоқ екенін дәлелдегім келеді. Мен өзімнің әр жасаған әрекетіме саналы түрде, мың есеппен барамын. Отпен ойнайтын бала емеспін. Өзіме сеніп, жүз пайыз дайын кезімде ғана өз өнерімді көрсетемін. Жақындарым мен үшін қатты уайымдайтын. Басында бұл ісіме түбегейлі қарсы болды. Қазір үйреніп те қалды", - дейді ол.
Ғалымжан Әуесбай Т.Жүргенов атындағы өнер академиясын актерлік шеберлік мамандығы бойынша тәмамдаған. Бұған дейін Қытайдағы таланттар шоуының финалына шыққан. Италияда өткен халықаралық сайыста гран-при жеңіп алды. Азия таланттарының ішінде оза шауып, бірінші орын иеленген.
Ескерту: Сайттағы эксклюзив материалдарды көшіріп басу үшін редакцияның жазбаша рұқсатын (editor@corp.nur.kz электронды поштасы арқылы) алу керек! Сондай-ақ материалдың бірінші не екінші сөйлемінде KAZ.NUR.KZ порталына гиперсілтеме беру міндетті.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2153878-shymbulaqta-9-oryndyqpen-ekstremaldy-triuk-zhasagan-aktrobat-otpen-oinaityn-bala-emespin/