Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Шымкентте әкім өткізген жиналыста қолына кісен салынған экс-шенеунікке сот үкімі шықты

Жарияланған күні:

судья
Сот үкімін оқыған судья. Фото: KAZ.NUR.KZ

Шымкентте тұрғын үй басқармасы басшысының бұрынғы міндетін атқарушы 9 жылға, ал оның сыбайласы деп көрсетілген жеке кәсіпкер 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасын арқалады. Олар қаладағы тұрғын үйлердің жер сілкінісіне қаншалықты шыдас беретінін тексеруге бөлінген ақшаны қалтаға басты деп айыпталған еді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Шымкентте әкім аппаратының жиналысы кезінде қолына кісен салынған шенеунік М. адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша аса ірі мөлшердегі бюджет қаражатын жымқыру (Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы) және қылмыстық жолмен алынған ірі мөлшердегі ақшаны заңдастыру (Қылмыстық кодекстің 218-бабы 3-бөлігінің 1), 3) тармақтары) бойынша айыпталған.

Ал жеке кәсіпкер О. алдын ала сөз байласуы бойынша аса ірі мөлшердегі бюджет қаражатын жымқыру бабымен (Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігінің 2) тармағы) айыпталған.

Сотта экс-шенеунік тағылған кінәні мойындамағаны айтылды.

"Екеуі ауылдас, таныс. Түркия мен Сирия елінде жер сілкінісі қатты болды ғой. Сол уақытта Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Шымкент қаласындағы коммуналдық тұрғын үйлердің жер сілкінісіне тұрақтылығын анықтау туралы тапсырма берген. Бірінші 7 коммуналдық тұрғын үйді жөндеу жұмыстары жоспарланып, кейін 216 тұрғын үйдің сейсмикалық тұрақтылығын айқындау тапсырылған.

Бұған мемлекеттен 400 млн теңгеден астам қаржы бөлінді. Алайда бөлінген қаржыға өткен ғасырда салынған көпқабатты үйлер мен "Нұрсат" шағын ауданындағы тұрғын үйлердің ешқайсысы тексерістен өтпеген. Олардың жер сілкінісіне қаншалықты қауқарлы екенін білу үшін бөлінген қаржыға сотталушы монша салған", - дейді Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі аудан аралық сотының төрағасы Айнель Орақбаева.

Судьяның айтуынша, жеке кәсіпкер іс жүзінде директор болғанымен мүлде белгісіз тұлғалардың атына 5 құрылыс компаниясын рәсімдейді.

"Тұрғын үй басқармасының бұрынғы міндетін атқарушы мемлекеттік сатып алуда өзі төраға болып, өзімен бірге сотталған сол кездегі жеке кәсіпкерге конкурстан ұту жолдарын көрсетеді. Олар ең төменгі бағаны ұсынып, жөндеу жұмыстары танысының компаниясына тапсырылады. Бірақ оның ешқайсысы іс жүзінде жөнделмеген", - дейді Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі аудан аралық сотының төрағасы Айнель Орақбаева.

Сөйтіп сот М. Шымкент қаласының тұрғын үй басқармасы басшының орынбасары бола тұра, 2023 жылы көпқабатты тұрғын үйлердің сейсмикалық тұрақтылығы бойынша техникалық зерттеу жүргізуге қатысты мемлекеттік сатып алу шарттары бойынша орындалмаған жұмыстарды және көпқабатты тұрғын үйлердің жөндеу жұмыстарына қатысты орындалмаған жұмыстарды қабылдап, бюджеттің жалпы 367 млн теңгеден астам ақшаны сотталушы – жеке кәсіпкер О.-ның көмегімен жымқырғанын анықтады.

Сот шешімімен М. Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағымен, 218-бабы 3-бөлігінің 1, 3-тармақтарымен кінәлі деп танылып, оған түпкілікті мүлкін тәркілеп, 9 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Ал О. Қылмыстық кодекстің 28-бабы 5-бөлігінің, 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағымен кінәлі деп танылып, оған 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Алайда сотталған экс-шенеуніктің адвокаты сот барысында ешқандай кінә дәлелденген жоқ дейді.

"Кімге керек болғанын білмеймін. Егер де қала әкімінің алдында ұстап алып кететін болса, кейінгі соттың нәтижесі белгілі болады деп есептеймін. 15-тен астам өтініш хат жібердім. Бірақ оның біреуі де қанағаттандырылмады. Жымқырылды деген 367 млн теңгеге монша кешенін салды дейді. Бұл монша қылмыстық оқиға болғанға дейін 2023 жылдың 13 шілдесінде қолданысқа беріліп қойған. Ал жарияланған құқықбұзушылық осы оқиғадан кейін болған", - дейді сотталған шенеуніктің адвокаты Шымырбай Ағабеков.

Айта кетейік, биыл 6 ақпанда Шымкент қаласының әкім аппаратындағы жиналыс кезінде шенеунік ұсталған еді. Ол сол кезде тұрғын үй басқармасы басшысының міндетін атқарушы болған.

Кейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі превенция қызметінің басшысы Саян Ахметжанов Антикор қызметкерлері не себепті шенеунікті Шымкент әкімдігінде әкімнің қатысуымен өтіп жатқан жиналыс үстінде ұстап әкеткенін түсіндірді.

Автор: Назерке Еркінбекқызы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2153949-shymkentte-zhinalys-kezinde-qolyna-kisen-salyngan-sheneunikke-sot-ukimi-shyqty/