"Қасым, Жомарт, Кемел": Түркістан облысының тұрғыны 33 жасында 10 баланың анасы атанды
Жарияланған күні:
Түркістан облысы Келес ауданының тұрғыны Гүлназ Мыңжасар үшем босанып, көп балалы ана атанды. Бір қызығы, бұған дейін екі рет егіздерді босанған екен, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Түркістан облысында 33 жастағы келіншек үшем босанып, он баланың анасы атанды. Абай ауылының тұрғыны бұған дейін жеті қызды дүниеге әкелген. Олардың үлкені 14 жаста. Бұл жолы үшем босанған ананың перзенттерінің екеуі ұл, біреуі қыз.
Гүлназ Мыңжасар – Түркістан облысы Келес ауданы Абай ауылының тұрғыны. 33 жастағы келіншек жетінші рет құрсақ көтеріп, үшем босанды. Көптен күткен ұлдары мен қызының есімін өзім қойдым дейді. Түсіне әкесі аян беріп, "Қасым, Жомарт, Кемел" деген жазуы бар қамшы ұстатқан екен.
"Түсімде әкем өзі аян берген. Қамшы беріп кірген. Қамшыны оңғарған кезімде, астында Қасым, Жомарт, Кемел деген жазу болды. Бір емес, екі рет түсіме кірді. Босанғанша айтпай жүрдім үшем екенін", - дейді көпбалалы ана Гүлназ Мыңжасар.
Гүлназды үйінде жеті қызы күтіп отыр. Оның үлкені 14 жаста. Алтыншы және жетіншісі – егіз. Күйеуі құрылыста жұмыс істесе, өзі үй шаруасында. Өз баспаналары жоқ жанұя пәтер жалдап тұрады екен. Көпбалалы отбасыға денсаулық сақтау басқармасы балалар арбасын сыйлап шығарып салды.
"Үшінші үшем орталықта туған. Келес ауданы, Абай ауылынан бізге жеткізілді. Қан қысымы көтеріліп кеткесін. Жағдайына қарап ота жасадық. Үшеуінің де салмағы екі келіге жетпейді. Бізде 22 күн жатты", - дейді №1 облыстық перенеталды орталықтың бас дәрігер міндетін атқарушы Салтанат Жабагиева.
Айта кетейік, Түркістан облысында соңғы жылдары үшемнің туылуы жиілеген. Бұл аймақты жыл басынан бері дүниеге келген сегізінші үшем. Өкінішітісі сол күнгейде ана мен бала өлімі де жоқ емес. Жыл басынан бері екі ана босану барысында жан тапсырып, 100 сәбидің жетеуі жан тапсырған.
Авторы: Назерке Еркінбекқызы
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2154033-qasym-zhomart-kemel-turkistan-oblysynyng-turgyny-33-zhasynda-10-balanyng-anasy-atandy/