"Халық өмір сүріп жатқан әлемдегі жалғыз полигон": ғалым Семей ядролық сынақ алаңы 2005 жылы ғана қоршала бастағанын айтты
Жарияланған күні:
Осыдан 33 жыл бұрын 29 тамызда Семей ядролық полигоны жабылды. Бұл полигонда 40 жыл бойы ядролық қару сыналған. Полигон аймағына жақын елді мекендердің тұрғындары полигон сәулеленуі әсерінен болған дертпен әлі де күресіп келеді. KAZ.NUR.KZ тілшісі осы турасында ғалым, Семей медицина университетінің Консультативтік диагностика бөлімінің меңгерушісі Гүлнәр Ажмұратовамен сұқбат құрды.
- Гүлнәр Қадырқызы, ядролық полигонның зардабын зерттеген ғалымдардың бірісіз. Полигонның салдарынан аймақ халқы қандай дертке душар болды? Полигон аймағына барып, мыс үңгіріне түскен төрт адам көз жұмды, оның денесін алып шығуға түскендер кейін есінен адасып кетті деп айтып жатады. Жалпы радиацияның адамға зияны қандай?
- 1949 жылы 29 тамызда Семей ядролық полигонында алғашқы сынақ жүргізілді. 40 жыл ішінде 1949-1989 жылдар аралығында Семей полигонында 473 ядролық жарылыс жасалды, оның ішінде 90-ы әуеде, 26-сы жерде және 354-і жер астында. Мұнда ядролық сынақтардан басқа химиялық заттарды қолданып, 175 жарылыс жасалды, оның 44-і – 10 тоннадан астам зарядты ядролық жарылыс.
Қазақстан аумағында жүргізілген барлық ядролық жарылыстың жалпы қуаты 50 мегатоннадан асады. Радиоактивті төгінділер 304 мың шаршы метр аумаққа тарады, онда 1,7 млн-нан астам адам өмір сүрді. Радиацияның адам денсаулығына қандай әсер ететінін әлі де зерттеп жатырмыз.
1957 жылы алматылық медицина ғалымдары полигон маңында тұратын тұрғындарға алғашқы рет зерттеу жүргізген кезде организмге иондаушы сәулеленудің әсер етуіне байланысты патологиялық белгілердің белгілі бір жиынтығы анықталды, нәтижесінде биохимиялық процестер болып жатқаны анықталды, ағзадағы зат алмасу мен басқа да процестер бұзылды.
Кейіннен 1992 жылы КСРО Денсаулық сақтау министрлігі Биофизика институтының кешенді экспедициясы Семей облысының Абай, Жаңасемей, Бесқарағай аудандарында жұмыс істеді. Ғалымдар ядролық полигон маңында тұратын адамдарда бұрын анықталған жаңа ерекше белгілердің бар екенін растады. Барлық өмірлік маңызды органдардағы өзгерістермен сипатталатын кешен – тері аймақтарының зақымдануы, шаштың түсуі, жүрек-тамыр жүйесіндегі патологиялық өзгерістер, иммундық жүйенің әлсіреуі. Ең қауіптісі – иондалатын радиацияның ықпалы гендік кодты дауасыз өзгерістерге алып баруы мүмкін екендігі.
1949 жылғы алғашқы жер бетіндегі жарылыстан бастап Семей және Павлодар облыстарының радиациялық сәулеленудің ықпалына ұшыраған басқа аумақтардың тұрғындарының арасында сырқат санының ұдайы өсіп келе жатқаны байқалады.
Семей полигонының зардабын тартқан адамдарда жүрек-тамыр аурулары, қатерлі ісік аурулары, қан аурулары, қалқанша без аурулары, әртүрлі ауытқулар көп. Ядролық сынақтардың әсерінен жүрек-қан тамырлары ауруларының ерте дамуы байқалады, кейбір адамдарда ерте қартаю, физикалық кемістік белгілері байқалды және қатерлі ісік ауруларының саны артты.
Қатерлі ісікпен сырқаттану құрылымында сүт безі обыры бірінші орында, тоқ ішек обыры екінші орында , өкпе обыры үшінші орында. Облыста Семей полигонындағы әрекеттердің салдарын, олардың қоршаған ортаға және халық өміріне тигізетін әсерін зерттеу жалғасып жатыр.
- Радиация зардабын тартқандардан туған екінші, үшінші ұрпақ денсаулығына кері әсері бар ма?
- Радиация аумағында тұрғандардың екінші, үшінші ұрпақтары денсаулығынан кері әсері байқалды. Бірқатар клиникалық зерттеулер зиянды сәулеге ұшыраған ата-анадан туған балалар арасында дүниеге кемтар болып келгендер жиі екенін анықтаған. Семей іргесіндегі ядролық сынақ полигоны төңірегіндегі аудан тұрғындарының денсаулығына орны толмас зиян келтірді. Балалар өлі туды немесе физикалық ауытқулары бар нәрестелер дүниеге келді. Облыста аутизммен ауыратын балалар дүниеге келген. Екінші, үшінші ұрпақта жүрек-қан тамырлары ауруларының ерте дамуы байқалады және қатерлі ісік ауруларына жиі шалдығады. Туа біткен ақаулар дүние жүзінде шамамен 1,5-2 пайыз кездеседі. Семей облысында ядролық сынақ полигоны болғанынан атом және сутегі бомбаларының әсерінен мұндай ауытқулар басқа аймақтармен салыстырғанда, екі-үш есе жиі кездеседі.
- Денсаулыққа залалын азайту үшін зардап шеккен адамдар не істеу керек?
Аурудың алдын алу мақсатында адамдарды медициналық тексеруге немесе профилактикалық медициналық қызметке тарту керек. Аурудың алдын алу мақсатына иммундау, дұрыс тамақтану, жаттығу және темекі шегуден бас тарту жатады. Бар ауруды оның белгілері пайда болғанға дейін анықтауға және жоюға тырысу қажет.
- Қазір полигон аумағында тұру денсаулыққа қауіпті ме?
Семей ядролық сынақ полигоны – әлемдегі көптеген ядролық полигонның ішінде халық өмір сүріп жатқан және оны ауылшаруашылық мақсатында пайдаланып отырған жалғыз полигон. Басқа мұндай полигондарда адамдар өмір сүрмейді. 2005 жылы ғана қоғамның қысымымен және Қазақстан Республикасы парламентінің ұсынысымен полигон шекарасын бетон тіректермен қоршау жұмыстары басталды. Жұртшылық пен Қазақстан Республикасы Ұлттық ядролық орталығы ғалымдарының күш-жігерінің арқасында 2008 жылы полигонның кейбір ең ластанған учаскелері үшін инженерлік-қорғаныс құрылыстарын құру жұмыстары басталды. Халық пен мал кіре алмайды. 2009 жылы Дегелең полигоны үшін әскер қауіпсіздігі ұйымдастырылды. Қазір ең қауіпті полигон ошағында адамдар тұрмайды.
- Шетелдік ғалымдар Семей полигоны әсері туралы не дейді, не деп жазып жатыр?
Шетелдік ғалымдар Семей ядролық сынақ полигонына іргелес Қазақстан аумақтарында қалыптасқан радиациялық жағдайдың әлемде теңдесі жоқ екенін, Семей полигонының аумағы радиоэкология, радиоактивті элементтердің геохимиясы, радиобиология салаларында тәжірибелік зерттеулер жүргізу мүмкіндіктері жағынан бірегей болып қала беретінін айтады.
Ескерту: Сайттағы эксклюзив материалдарды көшіріп басу үшін редакцияның жазбаша рұқсатын (mailto:editor@corp.nur.kz электронды поштасы арқылы) алу керек! Сондай-ақ материалдың бірінші не екінші сөйлемінде KAZ.NUR.KZ порталына гиперсілтеме беру міндетті.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2154273-halyq-omir-surip-zhatqan-alemdegi-zhalgyz-poligon-galym-semei-iadrolyq-synaq-alangy-2005-zhyly-gana-qorshala-bastaganyn-aitty/