Талғар ауданында аяғы сынып, төсек тартқан әйел үш жылдан бері неге мүгедектік рәсімдей алмай отыр
Жарияланған күні:
Үш жарым жыл бұрын Алматы облысында көлік жуатын әйелді жұмыс орнында машина қағып, қатты соққыдан аяғы жаншылып, тізе буындары, екі жамбасы сынған. Талғар ауданының тұрғыны Екатерина Мезерникова содан бері төсек тартып жатыр. Өзінің айтуынша, былтыр жеке куәлігін жоғалтып алған соң дәрігерлердің назарынан тыс қалған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
42 жастағы Екатерина Мезерникова Талғар ауданы Өстемір ауылында ағасымен бір шаңырақ астында тұрып жатыр. Тұрмыс құрмаған жалғызбасты әйелге қазір сол ағасы қарап отыр.
Екатерина оқиғадан кейін аяғына екі рет ота жасатқанын айтты. Бірақ жүре алмайды.
"Соңғы рет былтыр 20 тамызда ота жасаттым. Отбасым, балаларым жоқ. Ағаммен тұрамын. Анамыз былтыр қайтыс болды. Ағам түрлі уақытша жұмыс істеп жан бағады. Бірде бар, бірде жоқ. Маған тамақ пісіріп, қолынан келгенінше қарайды. Оның үстіне былтыр Есік қаласындағы ауруханада жеке куәлігімді жоғалттым. Ауруханадан анализдерің жақсы деп қайтарды. Көп жүруің керек деді. Болды. Негізі менің бір аяғым бір аяғымнан қысқа. Мүгедектік мәртебесін берген жоқ, көлік тауып, мені үйіме салып жіберді. Менімен жергілікті дәрігерлер айналысады деген, бірақ ешкім келмеді. Өйткені жеке куәлігім де, медсақтандыруым да жоқ", - дейді Екатерина Мезерникова.
Екатеринаның жағдайына алаңдаған блогер Мария Ткаченко бұл жайтқа қоғам назарын аударғысы келеді. Ол үкіметтен Екатерина Мезерниковаға көмек сұрады.
"Алматы облысы әкімдігінен Екатеринаға ең алдымен жеке куәлігін үйіне келіп, қалпына келтіруге көмек беруін сұраймын. Ал ең негізгі сұрақ Денсаулық сақтау министрлігіне, Талғар аудандық орталық ауруханасына қойылуы керек. Адамды қалайша тағдыр тәлкегіне тастай салуға болады? Емді соңына дейін жеткізбедіңіздер", - дейді блогер Instagram-дағы парақшасында.
Бұл жайтқа қатысты KAZ.NUR.KZ тілшісі Талғар аудандық ауруханасының баспасөз қызметіне сауал жолдады. Артынша дәрігерлер Екатерина Мезерникованың қашан жарақат алып, қандай ем қабылдағаны туралы мәлімет берді.
"Екатерина Мезерникова 2021 жылы жарақат алып, оған Еңбекшіқазақ аудандық ауруханасында компрессиялық сынық, атап айтқанда, екі жамбас сүйегінің сынуы бойынша екі жамбас сүйегінің экстрамедуллярлық остеосинтезі отасы жасалды", - дейді Талғар аудандық орталық ауруханасының өкілдері.
Кейін 2023 жылы 19 тамызда Екатерина тұрмыстық жарақатпен шұғыл түрде Талғар аудандық орталық ауруханасының травматология бөліміне сан сүйегінің сынуы, сол жақ сан сүйегінің ортаңғы үштен бір бөлігінің ығысуымен жабық түрде қайта сынуы, металл конструкциясының сынуы, сол жақ сан сүйегінің ортаңғы үштен бір бөлігінің жалған буыны диагнозымен түскен. 22 тамызда оған құлыптаушы интрамедуллярлық остеосинтез көмегімен ішкі бекіту арқылы сол жақ сан сүйегінің сүйек бөліктерін ашық редукциялау отасы жасалған.
Одан бөлек, дәрігерлер берген мәліметке сүйенсек, былтыр 17 қазанда Екатерина Талғар аудандық орталық ауруханасының травматология бөліміне тізе буыны шеміршегінің сынуы, сол жақ тізе буынының жабық жарақаты, сол жақ гемартроз, екі тізе буынының аралас контрактурасы диагнозымен қайтадан шұғыл түрде түскен.
Сондай-ақ дәрігерлер Екатеринаны қарау үшін үйіне бірнеше рет учаскелік дәрігер келгенін алға тартып отыр. Ал мүгедектікті рәсімдеу әзірге Екатеринаға мүмкін емес дейді.
"Мүгедектікті рәсімдеу және науқасты жоспарлы түрде оңалтуға жіберуге тексеру мүмкін емес, өйткені науқас сақтандырылмаған, науқастың жеке куәлігі Еңбекшіқазақ орталық аудандық ауруханасында болған кезде жоғалған. Бұл туралы учаскелік полиция қызметі жергілікті әкімдікке хабарлады; Қазіргі уақытта ағасымен бірге тұрады. Әрі қарай жоспарланған оңалту үшін міндетті медициналық сақтандыру қажет", - деп жауап берді аудандық аурухана мамандары.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2154289-talgar-audanynda-aiagy-synyp-tosek-tartqan-aiel-ush-zhyldan-beri-nege-mugedektik-rasimdei-almai-otyr/