Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Түркістан облысында қоғамдық қор 17 отбасыға баспана сыйлады

Жарияланған күні:

Баспана кілтін табыстау
Баспана кілтін табыстау сәті. Фото: gov.kz

Бүгін, 28 тамызда, жетісайлық азаматтар Конституция күні қарсаңында қайырымдылық қорының көмегімен 17 отбасыға баспаналы болу бақытын сыйлады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Түркістан облысы әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

"Бүгін тамаша сәттің куәсі болып отырмыз. Қазақ жетімі мен жесірін жылатпаған текті халық екені белгілі. Тәуелсіз елдің бүгінгі азаматтарының ішінде қанға сіңген қасиетті, ата дәстүрді жалғастырып, дәріптеп келе жатқандары да баршылық. Көптің көмегімен мереке қарсаңында баспанаға шын мұқтаж отбасылар қуанышқа кенеліп отыр. Қоныс құтты болсын!" - деді Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Дәулетұлы.

"Жаннат сарайы" деп аталатын қос қабатты 16 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы 2022 жылы басталған. 16 пәтердің 12-сі екі бөлмелі болса, 4-і үш бөлмелі. Құны 350 млн теңге. 2015 жылдан бері жұмыс жүргізіп келе жатқан қайырымдылық қоры 9 жылда 29 отбасыны үйлі еткен.

Қор мүшелері баспананың ішін қажетті жиһаздармен, азық-түлікпен және күнделікті тұтыну заттарымен, отбасы мүшелерін киім-кешекпен қамтамасыз еткен. Баспаналы болған жандар жомарт жандарға алғысын жеткізді. Аталған қор жергілікті әкімдікпен және тұрғындардың қолдауымен тағы да баспана құрылысын жалғастыруды жоспарлап отыр.

Айта кетейік, халқы тығыз орналасқан Жетісай ауданында баспанаға мұқтаж жандардың, соның ішінде жас мемлекеттік қызметкерлермен қатар мүмкіндігі шектеулі жандар мен жетім балалар, әлеуметтік қолдауды қажет ететін аз қамтамасыз етілген отбасылар мен жалғызбасты, көпбалалы аналардың әлеуметтік мәселелерін шешеуге айқын бетбұрыс жасалып отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2154487-turkistan-oblysynda-qogamdyq-qor-17-otbasyga-baspana-syilady/