Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақтөбедегі екі жасөспірімнің қазасы: прокурор айыпталушыларға қандай кінә тағылып отырғанын айтты

Жарияланған күні:

сот
Екі жасөспірімнің қазасына қатысты сот отырысы. Фото: KAZ.NUR.KZ

Ақтөбедегі қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына адам өлтіру бабымен айыпталған алты адам жеткізілді. Жасөспірімдер арасындағы жанжал әлеуметтік желіде басталған. Төбелеске қатысқандар арасында әскерден келгеніне екі-ақ күн болып, қамауға алынған айыпталушы да бар, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Бүгін Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандандырылған ауданаралық сотында екі спортшының өліміне қатысты іс бойынша айыптау актісі оқылды. Іс адам өлтіру, адам өлтіруге оқталу, бұзақылық баптарымен қаралып жатыр.

Оқиға биыл қаңтардың 2-нен 3-не қараған түні қаладағы Қызылжар тұрғын үй алабында "Алмаз" дүкенінің жанында болған еді.

Қайтыс болған екі жасөспірім де 17 жаста еді. Абзал Ақылжан мен Оңдасын Сұлтанби екеуі де кәсіби спортпен шұғылданып, республикалық сайыстарға қатысқан.

Прокурор оқыған айыптау актісіне сүйенсек, жанжал әлеуметтік желіде басталып, ушыққан.

"2024 жылы 1 қаңтарда сағат 17:00-де Ақжар елді мекенінің тұрғыны Ұ. мен Қызылжар елді мекенінің тұрғыны кәмелет жасқа толмаған О. екеуі Instagram әлеуметтік желісі арқылы Аққу есімді тұлғаның нөмірін алу үшін хат алмасу кезінде өзара сөзге келіп, бірін-бірі балағаттаған. Араларында туындаған түсініспеушілікті шешу үшін 2 қаңтар 2024 жылы сағат 23:00 шамасында Ақтөбе қаласы Алмаз бау-бақша ұжымында орналасқан "Алмаз" дүкенінің қасында кездесуді шешкен. Ұ. кәмелет жасқа толмаған О.-ның спортқа бейім дене бітімді және физикалық тұрғыдан арнайы машықтанғанын ұғынып және одан әлсіз екенін біле тұра Қызылжар елді мекенінің жігіттерімен өзара қақтығыс туындаған жағдайда пышақ қолдану арқылы соңғыларға қатысты түрлі дене жарақатын келтіруді жоспарлаған. Өзінің сенімді достарының қатарынан бір топ жігіттерді жинауды шешкен. Кейін Ұ. жоспарланған ойын жүзеге асыру мақсатында үйінен өзімен бірге сотқа дейінгі тергеп-тексерумен анықталмаған пышақпен қаруланып, бала кезінен сенімді досы Қ.-ға кәмелет жасқа толмаған О.-мен Instagram әлеуметтік желісінде хат алмасу кезінде туындаған жанжалдың мазмұнын көрсетіп, жоғарыда аталған өзінің жоспарын жеткізген. Өз кезегінде Қ. танысы Ұ.-ның ойындағы жоспарланған ұсынысын заңға қайшы келетінін анық біле тұра өз еркімен келісімін беріп, үйінен өзімен бірге алып шыққан сотқа дейінгі тергеп-тексерумен анықталмаған пышақпен қаруланған", - дейді прокурор Азамат Бақытжанов.

Айыптау актісіне сәйкес, әрі қарай бір-біріне хабарласып, Ұ., Қ., А., М., К., Т. есімді таныстар жиналып, асхана пышағымен қаруланған.

"Адамдар тобы болып, өзара сөз байласады. Олар екі таксимен Ақтөбе қаласы Алмаз бау бақша ұжымындағы дүкен алдына шамамен 23:00 шамасында келіп, Қызылжар елді мекенінде бір топ жігітпен кездескен. Сол кезде Қызылжар елді мекені жігіттері Б.-ның басқаруындағы қара түсті көлікпен келеді. Бірнеше жігіт көлікке отырған. Арада 5-10 минуттан кейін О. келіп, Ақжар елді мекенінен келіп тұрған бір топ жігітке барып, Ұ. екеуі жеке сөйлесу үшін дүкеннің оң жағына барған. Ұ. О.-мен сөйлесу барысында туындаған жанжалды сылтау етіп, пышақпен кәмелет жасқа толмаған Оңдасынға соққы жасауға дайындалып тұрған кезде Ш. өзінің досы О.-ны құтқару мақсатында Ұ.-ның қолындағы пышақты тартып алған. Ұ мен О. өзара жаға ұстасып жатқан кезде М. өзінің досы Ұ.-ның О.-мен төбелескенде жығылып жатқанын көріп, басынан бір рет аяғымен теуіп, құлатқан. Осы кезде Ұ. өзінен кіші О.-ның астында қалып қойғанына ызаланып, әлсіз екенін біле тұра, пышақтан айырылып қалғанын сезініп, 10 метр жерде тұрған Т.-ның қолындағы пышақты алып, қайта қаруланып, О.-ның жерде жатқанын көріп тұрып, сол жақ жамбасының артқы тұсынан екі рет соққы жасаған", - деді прокурор.

Жасөспірімдер арасындағы жанжалдан кәмелеттік жасқа толмаған екі бала мерт болды.

Сотталушылардың қорғаушылары тағылған айыппен келіспеді. Бірі қорғауындағы азаматты үйқамаққа шығаруды сұраса, екіншісі қорғауындағы айыпталушының төбелеске қатысқанымен адам өлтіру эпизодында жоғын алға тартты.

Мемлекеттік айыпталушы келіспеушіліктердің сот талқылауы кезінде анықталатынын айтты.

Автор: Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2154630-aqtobede-eki-adamnyng-olimine-akelgen-zhasospirimder-arasyndagy-zhanzhalga-qatysty-sot-bastaldy/