Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Астанада ата-аналар балаларын фильмге түсіргені үшін қомақты ақша алған киностудияға ренішін білдірді

Жарияланған күні:

түсірілім
Түсірілім. Көрнекі фото: pixabay.com

Астаналық ата-аналар әр балаға 1 млн теңгеге жуық ақша төлеп, олардың киноға түсу арманын орындаған. Алайда сапасыз дүниеге алданып қалдық дейді. Ал киностудия өкілдері ата-аналардың айыптауымен келіспейді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Тақырып бойынша жаңа жарияланым:
140 мың қадам: Астана тұрғыны бір тәулікте 105 шақырым жаяу жүрді

Лаура Нұртазинаның 8 жастағы қызы киноға түсуді армандағанын айтады. Әлеуметтік желіден "Мейрам" киностудиясының жарнамасын көріп, кастингке кішкентай қызын апарған.

"Үйге келгеннен кейін ұйымдастырушылар бізге "Құттықтаймыз, сіздің балаңыз кастингтен өтті, басты рөлді сомдауға дайын" деп хабарласты. Келісімшарт жасау үшін ойын-сауық орталығына шақырды. Сол жерде фильмге түсу тегін емес екенін, басты рөлді сомдау үшін 660 000 теңге төлеу қажет екенін айтты. Баланың болашағы үшін бұл жоба таптырмас мүмкіндік екенін де алға тартты. Біз бір аптадай ойланып, ақыры "бала үшін ғой" деп арманын орындаймыз деп шештік. Ақшамызды аудардық. Алайда түсірілім басталғаннан бастап бір шикілікті байқадым. Бәрі де аяқ астынан, атүсті жасалды. Жөнді дайындық та жүрмеді", - дейді Лаура Нұртазина.

Айтуынша, түсірілім санитарлық нормаға қайшы, лас жалдамалы пәтерде өткен. Одан бөлек, түсірілім тобының мүшелері балалар жүрген пәтерде дөрекі сөйлеп, шылым шеккен көрінеді.

"Балалар сол кішкентай пәтерге күн сайын таңнан кешке дейін барып жүрді. Ата-аналарға түсірілімге қатысуға болмайды деді. Біз бірақ сезіктеніп бір ата-ананың сонда болуын талап еттік. Балаларымызды алып кетуге барған кезде пәтерде шылымның иісі мүңкіп тұрады, әжетхана өте лас күйде. Тіпті сол жердегі түсірілім тобының мүшелері балаларға дөрекі сөйлейтін көрінеді. Біз солай болуы керек шығар деп соңына дейін үндемедік, ең бастысы фильм жақсы шықса екен деген үміт болды. Бірақ еш көңілімізден шықпады. Балаларымызды Алматыға, Шымкентке түсірілімге шақырамыз деп уәдені төкті. Ештеңе де жоқ", - дейді ата-ана.

"Мейрам" киностудиясына 9 жасар қызын әкелген Жұлдыз Сәрсенғалиева да фильмнің мүлдем көңілінен шықпағанын, құйған ақшасына тұрмайтынын айтады.

"Балалардың ата-әжесінің рөлін ойнайды деп сырттан кино әлеміне түк қатысы жоқ әлдекімдерді әкелді. Актерлік қабілеті жоқ, ежіктеп әрең сөйлеп тұр. Киноның сценариінде еш мән-мағына жоқ. Фильм басынан аяғына дейін бір пәтердің ішінде түсірілді, түк идея жоқ. Киноның премьерасы кезінде де біз күткен дүние болмады. Желіге салды, бірақ оның сілтемесін тіпті туыстарға жіберуге ұят. Ақша алған кезде айтқаны басқа, жасаған дүниелері басқа болып шықты. Көңілімізден шықпағанын айттық. Олар балаларымызды тағы басқа жобаларға қатыстырамыз деп сендірді. Бірақ алты айдан бері өтірік уәдемен аузымызды жауып келеді. Шыдамның да шегі бар. Мақсаттары - сенімімізге кіріп, баламыз арқылы ақша табу екенін ұқтық. Басқа ата-аналар алданып қалмаса екен дейміз", - дейді Жұлдыз Сәрсенғалиева.

"Мейрам" киностудиясының өкілімін деп таныстырған маман фильм Астана қаласында ақпан айында түсірілгенін растады. Компания өкілінің айтуынша, олар ата-аналардың айыптауымен келіспейді, өйткені барлық жұмыс келісімшарт аясында жасалған.

"Егер біз ол кісілерді алдаған болсақ, қазіргі кезге дейін байланыста болмас едік. Ортақ чатымыз бар, сол жерде барлығын талқыладық. Ата-аналардың ұсыныстарын ескеріп, алдағы уақытта түсірілетін фильмдерге балаларын қосамыз. Әзірге екі балаға рөл бердік, қалғандарын кезекпен шақырамыз. Өйткені біз бір айда бір фильм түсіреміз. Кейде балалардың жастары сай келмей қалып жатады. Ал ата-аналардың төлеген ақшалары қайтарылмайды", - деп жауап берді компания өкілі.

Ал алданып қалдық деген ата-аналар киностудия талаптарын орындамаса құзырлы органдарға арыздануға мәжбүр екенін жеткізді. Сонымен қатар олар басқа ата-аналардың сақ болуын ескертті.

Автор: Әйгерім Сайқын

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2154646-astanada-ata-analar-balalaryn-filmge-tusirgeni-ushin-qomaqty-aqsha-algan-kinostudiiaga-renishin-bildirdi/