Қазақстанда қоғамдағы стереотиптер тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қалай әсер етеді: сарапшы жауап берді
Жарияланған күні:
Қазақстанда гендерлік стереотиптер әлі де күшті. Қоғам көбіне әйел өмірін үй шаруасымен байланыстырса, ерлер тек ақша табу керек дейді. Ал зорлық-зомбылықтың себебі не? Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі гендер мәселесіне қатысты зерттеу жүргізетін сарапшы Арна Дүйсеновадан сұрап көрді.
Қоғамдық даму институтының сарапшысы Арна Дүйсенова қоғамда гендерлік стереотиптер әлі де мықты екенін, алайда уақыт өте біртіндеп жойылып жатқанын айтты. Бұл 2023 жылы өткен "Заманауи Қазақстан қоғамындағы гендерлік саясат" атты зерттеуде анықталған. Стереотиптер мәселесі ақпараттандыру мен түсіндіру жұмыстары арқылы шешіледі дейді ол.
"Отбасындағы міндеттер қалай бөлінеді?" деген сұраққа әйелдер көбіне ыдыс жуу, үй жинау, тамақ дайындау, балалармен сабақ оқу, серуендеу, үй тапсырмасын тексеремін деп жауап берген. Ал ерлер отбасын материалдық жағынан қамтамасыз етіп, үйде кішігірім жөндеу жасап тұратыны анықталды. Отбасы бюджетін екеуі де бірдей басқарады.
2021 жылғы зерттеуімізде де осы сұрақтар болатын. Екеуін салыстырып позитивті тенденцияны байқауға болады. Мысалы 2021 жылы үй жинауды респонденттердің 0,9 пайызы ерлер міндеті деп санаса, 2023 жылы мұндай көзқарас 2,5 пайызға артқан. Басқа көрсеткіштерде де оң үрдіс байқалады", - деді ол.
Арна Дүйсенова зерттеуде тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың себептері анықталып көргенін айтты. Ал елде зорлықтың құрбаны болатындардың көбі – әйелдер мен балалар. Мысалы 74 пайыз адам зорлық-зомбылықтың құрбаны көбіне әйел десе, 52 пайызы балалар деді. Сондай-ақ жауап бергендердің 22 пайызының ойынша, тұрмыстағы зорлық-зомбылық егде жастағы адамдарға әсер етеді.
"Былтыр бізде зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы ұлттық баяндама жарық көрді. Мұнда зорлықтың негізгі себебі көбіне әлеуметтік-мәдени аспектілер болды. Мысалы маскүнемдік, нашақорлық, құмар ойындар сияқты зиян әдеттер.
Агрессор өз отбасында зорлық-зомбылық көріп өскенінен солай істейді, отбасын құруды дұрыс жоспарламаудан болды деп есептейтіндер де көп. Кейін қаржылық проблемалар да себептер ішіне кірді. Бұдан басқа, туыстардың отбасы өміріне араласуы әсер етеді деп санайтындар бар. Ал Ішкі Істер министрлігі зорлық-зомбылықтың 60 пайызы мас күйде жасалатынын айтады.
Тұрмыстағы зорлық-зомбылық құрбандарының татуласуы немесе арыздарын қайтарып алуына да стереотиптер әсер етеді. Зерттеу көрсеткендей, адамдар туыстарының, таныстарының сөз қылуынан қорқады. Агрессордан үрейленеді. Жәбірленушілер өзін-өзі бағаламайды, жақындарынан да қолдау таппайды", - деді Арна Дүйсенова.
Сарапшы тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың салдарынан бала психологиялық ауруларға ұшырауы мүмкін екенін айтты. Тіпті суицидтік мінез-құлық көрсетуі ықтимал.
"Респонденттер атап өткендей, бірінші кезекте, отбасыдағы зорлық-зомбылық психологиялық және физикалық денсаулық проблемаларына және экономикалық қиындықтарға әкеп соғады.
Сарапшылардың пікірінше, балаға ең үлкен салдары – "трансгенерациялық берілу". Бұл дегеніміз – адам көргенін ұрпақтан ұрпаққа бейсаналы түрде жасау. Отбасында агрессия көрген бала өз ортасындағы әлсіздерге әлімжеттік жасауы мүмкін. Немесе өзі буллинг құрбанына айналуы ықтимал", - деді сарапшы.
Арна Дүйсенованың айтуынша, елде зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсететін орталықтар жетіспейді. Тіпті болса да, әдетте халық мұндайға сеніммен қарамайды. Салдарынан мәселе әрі қарай ушығады.
"Елімізде көмек көрсететін орталықтар әр облыс орталығында бар. Төсек орындарының саны елді мекеннің көлеміне және тұтынушы санына байланысты 5-тен 55-ке дейінгі аралықта. Бірақ халықтың дағдарыс орталықтарына қолжетімділігі небәрі 15 пайызды құрайды. Көмек көрсететін орталықтар қалада, әсіресе ауылдарда жетіспейді.
Сауалнама бойынша, қоғам халықаралық ұйымдардың, қоғамдық бірлестіктердің, дағдарыс орталықтарының, психологтардың, сенім телефондарының қызметіне аса сенбейді. Бұл қазақстандықтардың мұндай қызметтерден хабары аз екенін көрсетеді", - деді Арна Дүйсенова.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2154823-qazaqstanda-qogamdagy-stereotipter-turmystyq-zorlyq-zombylyqqa-qalai-aser-etedi-sarapshy-zhauap-berdi/