Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Бейсен Құранбек, Амангелді Сейітхан, Бейбіт Құсанбек: аз ғұмырында елге еңбегі сіңген танымал журналистер

Жарияланған күні:

Танымал журналистер
Бейбіт Құсанбек, Бейсен Құранбек, Амангелді Сейтхан. Көрнекі сурет: NUR.KZ

Олар көгілдір экран арқылы халықтың жүрегінен орын алған тұлғалар. Олардың ұраны адалдық, мақсаты ел игілігі үшін еңбек ету болатын. Үшеуінің де ғұмыры қысқа болды. Алайда азғантай ғана ғұмырында ел есінде мәңгі сақталатын, кейінгі ұрпаққа өнеге боп қалатын игі істерді атқарып кетті. Бұл жазбамызда телевизия саласының жасындай жарқ еткен жұлдыздары Бейсен Құранбек, Амангелді Сейітхан, Бейбіт Құсанбектің еңбектері жайлы жаздық.

Маңызды тұстар
close
Бұл мәтін автоматты түрде ЖИ көмегімен жазылған және редактор тексермеген, сондықтан фактологиялық және грамматикалық қателер болуы мүмкін. Толығырақ жарияланымда.
  • Мақала Бейсен Құранбек, Амангелді Сейітхан және Бейбіт Құсанбек сияқты қазақстандық танымал журналистердің өмірі мен еңбек жолы туралы баяндайды.
  • Бұл үш журналист қысқа ғұмырында телевизия саласында елеулі із қалдырып, көрермендердің жүрегінен орын алған.
  • Олардың әрқайсысы өзіндік бағдарламалар жүргізіп, қоғамдық мәселелерді көтеріп, спорт журналистикасын дамытып, мәдени-әдеби хабарлар арқылы халыққа қызмет еткен.

Бейсен Құранбек

Ол тағдырдан теперіш көрген жандарға қолғанат бола білді. Жылағанның жасын сүртті, сүрінгеннің маңдайынан сипап, дем берді. Өзі жүргізген бадарламалары арқылы қиын жағдайда жүрген жандарға жігер беріп, қарекет етуге шақырды. Әр қазақ баласының саналы, бақытты ғұмыр кешкенін қалады. Қамшының сабындай қысқа ғана ғұмырында атақ-даңқ, рейтинг қуған жоқ. Керісінше өзгеге бір пайдасын тигізуді көздеді.

Бейсен Абайұлы 1971 жылдың 9 желтоқсанында Алматы облысы Кербұлақ ауданы Қызылжар ауылында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген. Еңбек жолын республикалық "Спорт" газетінде тілші, жауапты хатшы қызметінен бастаған. Одан кейінгі жылдарын қазақ телевидениесімен байланыстырып, "Рахат", "31 арна", "Хабар" арналарында, Президенттің телерадиокешенінде қызмет атқарған.

  • 2007-2012 жылдары Алматы облыстық "Жетісу" телеарнасының бас директоры болды.
  • 2013-2017 жылдары "Қазақстан" телеарнасындағы жалпақ жұртқа танымал «Айтуға оңай» әлеуметтік-тұрмыстық ток-шоуының жүргізушісі болды.
  • 2014 жылдың қазан айында Алматы облыстық "Жетісу" телеарнасының бас директоры болып қайта тағайындалды.

2017 жылдың қыркүйек айынан бастап ұлттық арнадағы "Қарекет" бағдарламасын жүргізді. "Айтуға оңай" бағдарламасы жабылғаннан кейін Бейсен Құранбек командасымен бірге "Қарекет" бағдарламасын ашты. Көптің көкейінде жүрген сұрақтарға жауап іздеген бұл бағдарлама 2018 жылы "Тұмар" ұлттық телевизиялық додасында "Үздік әлеуметтік жоба" атағын алды.

Бейсен Құранбек әр түрлі тақырыптағы ой-пікірін әлеуметтік желідегі парақшасында жариялап тұратын:

"Меніңше, қазіргі қоғамда өз орныңды табу үшін, таңдаған салаңда бір жетістікке жету үшін адамға кемінде екі нәрсе қажет. Біріншісі - кәсіби біліктілік. Яғни, өз ісіңнің қыр-сырын жақсы білу, ұңғыл-шұңғылын жетік игеру. Екіншісі - айналаңдағы адамдармен, әріптестермен, басшылармен, қарамағыңдағы қызметкерлермен, тіпті, отбасыңның мүшелерімен (олар да жұмысқа қатты әсер етеді) жақсы тіл табысу. Қандай да бір келіспеушілік, кедергі болған жағдайда оны ушықтырмай тез шеше білу".

Тележүргізуші бір жылдан аса уақыт бойы қатерлі ісік дертімен күресті. Бейсен Құранбек 2020 жылдың 18 мамырында 49 жасқа қараған шағында дүниеден өтті.

"Халқымыздың "басты байлық - денсаулық" деп бір ауыз сөзбен айта салған даналығына бас идім. Ұйқы тыныш, тәбетің жақсы боп, ертеңгісін еш жерің ауырмай оянудың өзі жарты бақыт екенін ұқтым", - деген еді тележүргізуші.

Амангелді Сейітхан

"Жеңісті күндерде жүздескенше" деген сөзімен ел есінде қалған Амангелді Сейітхановтың журналистика саласында өзіндік қолтаңбасы бар. Ол спорт додаларын қазақша сөйлеткен коментатор ретінде халықтың жүрегінен орын алды, кейінгі жас журналистерге үлгі бола білді.

Амангелді Муатқанұлы Сейітханов 1969 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Мақаншы ауданы (қазіргі Үржар), Мақаншы ауылында дүниеге келген.

1994 жылы ҚазМУ-дің журналистика факультетін бітірген. Айтыс ақыны ретінде танымал болып, бірнеше жыр додасына қатысқан.

1995 жылы Ұлы Абайдың 150 жылдық тойында Семей облысының бас ақыны ретінде сынға түскен. Амангелді Сейітханов Үржарда өткен республикалық айтыста бас жүлдеге, жыр алыбы Жамбыл, Көкшетаудағы Ақан сері тойларында жүлделі орын алды.

Журналистика саласы бойынша баспасөз бен телеарнада еңбек еткен:

  • 1991-1994 жылдары "Спорт" газетінде жұмыс істеген.
  • 1994 жылы "Қазақстан" телерадиокорпорациясында "Тұғыр" атты бағдарлама ашып, жүргізушісі болған.
  • 1997 жылы "Хабар" арнасына ауысып, өмірінің соңына дейін агенттікте жұмыс істеді. Ол телеарнадағы спорт бөлімінде бас редактордың орынбасары қызметін де қатар атқарды.

pushkinlibrary.kz ұсынған мәліметті негізге алсақ, спорт жаңалықтарына арналған ақпараттық "Құмсағат", футболды насихаттайтын "Футбол, футбол..." бағдарламалары бірнеше байқауларда жүлде алған.

Амангелді Сейітханов 1998 жылы футболдан Франциядағы Әлем чемпионатында қазақ тілінде комментатор болды. Одан кейін 1999 жылы Бангоктегі Азия ойындарын, 2002 жылы Сиднейдегі Олимпиада ойындарын, 2002 жылы Солт-Лейк-Ситидегі ақ Олимпиаданы "Хабар" арнасының эфирінде қазақша сөйлетті.

2000 жылы еліміздегі спорт жүргізушілеріне берілетін Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты атанды. Сонымен бірге "Қазақ спортына сіңірген еңбегі үшін" медалімен марапатталған.

Танымал тележурналист, спорт комментаторы 2021 жылы коронавирус салдарынан қайтыс болды.

Бейбіт Құсанбек

Бейбіт Құсанбек 1962 жылы 12 тамызда Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз қаласында дүниеге келген. Белгілі тележурналист, ақын. С.М.Киров атындағы ҚазМУ-ді (қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) 1984 жылы тәмамдаған. Сондай-ақ 1988 жылы Мәскеу қаласындағы КСРО Мемлекеттік телерадио біліктілік көтеру институтының телекомментаторлар курсын бітірген.

Қызмет жолы:

  • 1984-1997 жылдары Қазақ теледидарының жастар, әдеби-драмалық хабарлар бас редакциясында редактор, саяси шолушы, бас редактор,
  • 1997-1999 жылдары "Алатау" телеарнасының директоры,
  • 1999-2000 жылдары әдеби-мәдени хабарлар шығармашылық бірлестігінің жетекшісі,
  • 2000-2007 жылдары "Хабар" агенттігінде продюсер, тележүргізуші қызметтерін атқарған.

Бейбіт Құсанбектің әр жылдары "Арай", "Құрдастар", "Мұхиттың арғы жағы – Америка", "Омбыдағы қазақтар", "Жадыра", "Көкпар", "ХХ ғасырдың жиырма сәті", "Кездесу", "Үркер", "Ойталас", "Дәуірнама", "Тіл", "Дидар", "Ел ағалары", "Бір сәт және бүкіл ғұмыр" сынды хабарлары жарық көрді.

Шығармалары:

  • "Махаббат маусымы" (1996);
  • "Өлең-өзім" (2007);
  • "Ғұмырдария" (2008);
  • "Ел ағалары" (2009).

Бейбіт Құсанбектің репрессияға ұшырап, қайта ақталған Алаш арыстарына арналған "Халық зердесі" және өнер саңлақтары туралы жасаған "Алты арыс" бағдарламасы ел есінде. Бейбіт Құсанбектің аймақтық, облыстық, республикалық телеарналарда бұдан басқа да көптеген авторлық бағдарламалары көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Танымал журналист 2007 жылдың 6 ақпанында небәрі 45 жасында жол көлік оқиғасынан қаза тапты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2155476-beisen-quranbek-amangeldi-seiithan-beibit-qusanbek-az-gumyrynda-elge-engbegi-singgen-tanymal-zhurnalister/