Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақтөбеде балалардың еміне жиналған қаржыны қалтасына басты деп айыпталған More Life директорының соты басталды

Жарияланған күні:

Мемлекеттік айыптаушы айыптау актісін оқып тұр
Сот залы. Фото: NUR.KZ/ Ардақ Ерубаева

Ақтөбе сотына қайырымдылық қордың директоры арнайы күзетпен жеткізілді. Оған баласын емдетуге мұқтаж жеті адамға 43 млн теңге шығын әкелді деген айып тағылды. Бірақ қор директоры айыптау актісін тыңдамай сот залынан шығаруды сұрады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Тақырып бойынша жаңа жарияланым:
"Интернетке шектеу, мигранттар": Мәскеудің бүгінгі келбеті қандай (фото)

Ақтөбе қаласының №2 сотында More Life қайырымдылық қорының директорына қатысты басты сот талқылауы өтті. Аса ірі мөлшердегі алаяқтық жасады деп айыпталған әйел адамның үстінен Қылмыстық кодекстің 190-бабымен іс қозғалған. Жеті жәбірленуші бар.

Сотталушы айыптау актісін тыңдаудан бас тартты. Сот рұқсатымен залдан шығарылды. Сотқа оның үш қорғаушысы қатысты.

Іс материалдарына сүйенсек, 37 жастағы айыпталушының жеті баласы бар. Бұрын алаяқтығы үшін жазаға тартылған, тұрақты табысы болмаған.

"2022 жылы Бибігүл Жулина More Life қоғамдық қорының директоры бола тұра науқас балалардың есебінен баюды ойлап, Жауғашқа өтініш айтады. Оның 2019 жылы туған баласы науқас. Эпелепцияға шалдыққан. Жауғаш танысы Б.Жулинаға келісім береді. Оның құқықтық сауаты жоқ екін пайдаланып, 16 млн теңгенің келісімшартына қол қояды. Сөйтіп қоғамдық қор директоры Instagram арқылы науқас балаға ақша жинай бастайды. Адамдардың сенімі кіру үшін Каспи банкте есепшот нөмірін жариялайды. Ақтөбеліктерден күн сайын есепшотқа ақша түседі. Жиналған қаржы – 4 800 527 теңге. Жулина Түркияға емге деп жинады. Ақшаны өз қажеттілігіне жұмсады. Ақша туралы сұрағанда қаржы жоқ екенін айтқан. Кейін сендіру үшін оның баласын Түркияға жіберді. Осы уақытта Жулина 4 800 527 теңге материалдық шығын келтірді.

2023 жылы Жулина алаяқтық жасау оймен Миллерлер отбасымен танысады. 2021 жылы туған балада жүрек ауруы анықталған. Оған да Түркияда ем қабылдауға ақша жинауға келіседі. Бұл кезде де Жулина Миллерлер отбасының құқықтық сауатсыздығын пайдаланып, белгілі бір соманы көрсетпей, ақша жинауға келісім береді. Өз кезегінде Жулина әлеуметтік желі арқылы ақша жинай бастайды. Адамдардың сеніміне кіру үшін И.Миллердің аты-жөні көрсетілген есепшотты көрсетеді. Олар өз кезегінде күн сайын ақшаны қорға аударуға уағдаласады. Жиналған қаржы – 3 253 208 теңге. Ол ақша толық жиналмаса да қоғамдық қор атынан Түркияға емге жіберуге келіскен. Жулина бұл туралы ойламай, ақшаны өз қажеттілігіне жұмсайды. Миллерлерді сендіру үшін насқасты Астана қаласына жібереді. Ол жүрекке ота жасау үшін квотадан бас тарту өтінішін жазу керек деп сендірді. Айыпталушы Миллердің Түркияға бара алмайтынын, баланың жол көтермейтінін айтып, Түркия елінің дәрігерлері келіп, ота жасайды деп сендірді. Ал жиналған 3 253 208 тг өз қажетіне жұмсаған", - деді мемлекеттік айыптаушы.

Осылайша, айыпталушы 7 жәбірленушіге 43 млн теңге материалдық шығын келтірген.

"Тергеу басталғаннан бастап көп жұмыс жүрді. Ұзақ уақыт қылмыстық іс қозғалмады. Қорғауымдағы азаматшаның баласының жағдайы нашарлай берді. Қазір де тұрақты емес. Прокуратураға, полиция басқармасына жеке қабылдауға кіргеннен кейін істе ілгерілеу болды. Айыпталушыға қатысты шара қолданылды. Бүгінгі күні ақша қайтарылған жоқ. Тергеу кезінде жиналған қаражаттың есепшотта жоқ екенін білдік. Қорғауымдағы жәбірленуші ақшаның қайтарылғанын, айыпталушының жазаланғанын талап етеді", - деді жәбірленушінің қорғаушысы Әсем Айдарбаева.

Ал қызына ем іздеп, алаяққа алданған ана қатаң жаза сұрайды. Басқа елге науқас баламен емделуге барған жәбірленуші көмексіз қалғанын айтты.

"2022 жылдан бастап үш жастағы қызымның екі бүйрегі істемей қалды. Елімізде квота бөлінбейтіндіктен, осы қайырымдылық қорға жүгіндім. Бүйрек алмастыру үшін ота құны – 30 миллион теңге. Донорлық ота тек Белорусь елінің Минск қаласында жасалатын болды. Туыстық донор қан тобына байланысты сәйкес келмеді. Қайырымдылық қоры мен Минск ауруанасымен арада келісімшарт болды. Қажетті қаржының 70 пайызын жинасақ, бара беруге болатынын білдік. Қалған ақшаны екі айдың ішінде жиналады деп ойладық. Қор арқылы 16,5 млн теңге жиналды. 70 пайызға жеткізу үшін 5 миллион теңге қаржыны өзіміз қостық.

Қор "бухгалтерияда қате кеткен, алаңдамай бара беріңіздер" деп бізді Минск қаласына жіберді. Минск қаласына жеткенде бірден ауруханаға бармағандықтан, қызымның денсаулығында асқынулар болды. Елшіліктен көмек сұрадық. Қор, аурухана, елшілік арасында ауызекі келісім болып, "бес күннің ішінде ақша төленеді" деген шартпен ауруханаға жатқызды. Бес күн өткен соң да ақша төленбеді. Бізді тексерістен өткізген еді. Қор оның ақшасын да төлемеген болып шықты. Біз елге келгенде де ол ақшаның түспегенін білдік. Сондықтан прокуратураға шағым түсірдік. Айыпталушының заң алдын жауап беруін талап етеміз", - деді жәбірленуші Алмира Аманғосова.

Сот отырысы 11 қыркүйекте жалғасады.

Автор: Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2156173-aqtobede-balalardyng-emine-zhinalgan-qarzhyny-qaltasyna-basqan-qaiyrymdylyq-qor-direktorynyng-soty-bastaldy/