Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Экологиялық апат": Атырауда балық жаппай қырылып жатыр (видео)

Жарияланған күні:

Балық шабақтары
Балық шабақтары. Видеодан кадр: facebook.com / Виктор Сутягин

Атырауда көктемгі су тасқыны салдарынан қала маңындағы су арналарында балық қырылып қалған. Су бетіне қалқып шыққан өлекселерді атыраулықтар көріп, дабыл қақты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Тақырып бойынша жаңа жарияланым:
140 мың қадам: Астана тұрғыны бір тәулікте 105 шақырым жаяу жүрді

Көктемгі су тасқыны кезінде салынған бөгеттер балықтардың жаппай қырылуына себеп болған көрінеді. Миллиондаған шабақтың өлексесі бөгеттердің астымен жүргізілген құбыр арқылы ағыспен келіп жатыр. Шабақтардың өлексесі Сарыөзек арнасынан, Талдыкөл ауылы тұсынан және Атырау мұнай өңдеу зауыты маңынан анықталған. Әлеуметтік желіде тұрғындар аянышты халге түскен су маржандарының видеосын таратып жатыр.

"Бұл экологиялық апат. Қаншама шабақ өмір үшін күресіп жатыр. Соколок каналы қалаға ағынды жібермеу үшін қолданылды. Биліктегілер сол арқылы мол су теңізге құйылады деп сендірді. Бірақ космостан түсірілген бейнежазбаны көріп, судың теңізге жетпей, далаға кетіп қалғанын байқадық. Міне, салдарынан жер-жерде су маржандары қырылып жатыр. Бұл жағдай туралы белсенділер алдын ала дабыл қақты. Бірақ оны естіп жатқан ешкім жоқ. Төтенше жағдай кезінде осы шабақтарды құтқаруға неге қаражат қарастырылмаған", - дейді белсенді, өлкетанушы Виктор Сутягин.

Мамандар су маржандарының қырылуы су тасқынынан кейін каналдың таяз болуына байланысты оттегінің жетіспеушілігінен болуы мүмкін деген болжам жасап отыр. Қазіргі кезде шабақтарды құтқару жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтады.

"Атырау облысында 1,3 млннан астам балық шабағы құтқарылды. Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, Индер ауданындағы бөлініп қалған сулардан 1 млн 280 мың дана балық шабақтарын құтқарды. "Маломокрый" арнасынан 37 мың дана балық шабақтары құтқарылып, Жайық өзеніне тірі күйінде жіберілді. Жұмыстар жалғасып жатыр", - дейді Жайық-Каспий облысаралық бассейні балық шаруашылығы бөлімінің бас маманы Алмас Жұмашев.

Әлеуметтік желіде тұрғындар балықтың қырылуы экологиялық апат екенін жазып, биліктің неліктен амалын таппай отырғанына ызалы.

"30 жылда бірінші рет үлкен су келді, бірақ әттең, дұрыстап ағысымен жібере алмадық", "Сөзім жоқ, обал", "Билік басында осыған жауапты қаншама мекеме отыр. Мұндай экологиялық апатта ештеңе істей алмаса, олардың қажеті қанша?", "Балықтың отанымыз, бірақ балығымыз жоқ, өйткені қырылып жатыр. Біздің көрсеткен мәселемізді неге билік шешпейді? Әлде бәрі де уақытша отырғандар ма", - деп жазған желі қолданушылары.

Авторы: Әйгерім Сайқын

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2156493-ekologiialyq-apat-atyrauda-balyq-zhappai-qyrylyp-zhatyr-video/