Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Балаларды қауіпті косметикадан қалай қорғауға болады: ата-аналар үшін маңызды ақпарат

Жарияланған күні:

Тырнақ бояуы
Көрнекі фото: pixabay.com

"Маңғыстау облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамы" қоғамдық бірлестігі ("MOТҚҚҚ" ҚБ) балаларға арналған тауарларды алу кезінде ата-аналардың абай болу керегін тағы да еске салады. Өкінішке қарай, тіпті, ең сүйкімді де әдемі ойыншық қаптамасы сіздің балаңыздың денсаулығына кері әсер ететін қауіпті жасыруы мүмкін.

2024 жылдың маусым айында "MOТҚҚҚ" ҚБ өкілі жасырын сатып алушы әдісімен Тараз қаласындағы дүкендердің бірінен Қытайда шығарылған "CuteBeauty Children's Makeup" балаларға арналған косметикалық жиынтықты сатып алған. Сатушы тауардың сәйкестік сертификатын (декларациясын) ұсынбаған. Кейінгі сараптама барысында анықталғандай, бұл баланың қолына беруге болатын өнім емес.

Аталмыш тауардың қауіпсіздігі мен Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкестігін тексеру үшін Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің (ҚР ДСМ СЭБК) Жамбыл облысы бойынша "Ұлттық сараптама орталығы" ШЖҚ РМК филиалының аккредиттелген зертханасына жіберілді. Нәтижесі, өкінішке қарай, алаңдатарлықтай болды. 2024 жылдың 25 маусымындағы №РО-24-08168 зерттеу хаттамасына сәйкес, зертхана Кеден одағының техникалық регламентіне (КО "Парфюмерлік және косметикалық өнімдердің қауіпсіздігі туралы" ТР 009/2011) елеулі сәйкессіздіктерді анықтады:

1. Парфюмерлік-косметикалық өнімдердің мақсаты мен балаларға арналған пайдалану мақсаты жайында ақпараттар жоқ;

2. Өндірушінің атауы мен орналасқан жері, сондай-ақ өндіруші (немесе импорттаушы) шағымдарды қабылдауға уәкілеттік берген ұйым (заңды мекенжайы) көрсетілмеген;

3. Өнімнің номиналды саны (көлемі немесе салмағы) көрсетілмеген;

4. Жарамдылық мерзімі мен сақтау шарттары туралы деректер жоқ;

5. Парфюмерлік және косметикалық өнімдерді қолдану әдісі жоқ;

6. КО нарығында (ЕАС) айналымның бірыңғай белгісі жоқ;

7. Мемлекеттік тілде ақпарат жоқ.

"Cute Beauty Children' s Makeup " балалар косметикалық жинағы
Фото: Биятан Жанна

"MOТҚҚҚ" ҚБ өкілі Алия Алибекова анықталған сәйкессіздіктерге қатысты ықтималдар туралы сарапшылық пікірімен бөлісті:

"Кішкентай тұтынушыларға арналған косметика ерекше көзқарас-тәсілді қажет етеді. Өнімнің балалар терісі үшін қауіпсіз екендігіне қатысты нақты көрсеткіштің болмауы бұл тауар тітіркендіргіш немесе аллергенді заттарға қатысты сынамадан өтпегенін білдіреді. Ата-аналар мұндай өнімді сатып алу арқылы балаларының аллергиялық немесе тері реакциялары қаупін байқаусызда тудыруы мүмкін.

Бұл әдемі құтыларда не бар? Қаптамадағы нақты ақпаратсыз олардың балалар үшін қауіпсіз екенін түсіну мүмкін емес. Өйткені, зиянды химиялық заттардың болмашы көрінісінің өзі де улану немесе күйік сияқты ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін.

Егер қандай да бір келеңсіз жағдай болса, кімге шағымдану керек? Өндірушінің немесе уәкілетті өкілдің орналасқан жері көрсетілмеген ақпаратсыз ата-аналар өнімге кімнің жауапты екенін білмей, тығырыққа тіреледі.

Жарамдылық мерзімі мен сақтау шарттарына қатысты: сіздің балаңыз мерзімі өткен косметиканы пайдаланып жатыр деп елестетіңіз. Мұндай өнімдерде денсаулыққа қауіпті бактериялар мен саңырауқұлақтар болуы мүмкін. Ал сақтау шарттарының болмауы тауардың бүтіндігі мен қауіпсіздігіне күмән тудырады.

EAC белгісінің болуы өнімнің қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін және тиісті органдардан сынақтан өткенін растайды. Бұл белгінің болмауы өнімнің міндетті сынақтардан өтпегенін және жас тұтынушылардың денсаулығына қауіп төндіруі мүмкіндігін білдіреді.

Ал мемлекеттік тілдегі ақпараттың жоқтығы – ресми түрде орыс тілі қазақ тілімен қатар қолданылатын Қазақстанда тұтынушылар өнімдер туралы ақпаратты ана тілінде алуға заңды құқығы бар. Сонымен қатар, Заңның 25-бабының 7-тармағына сәйкес бір тілде немесе шет тілінде берілген мәліметтер – мәлімет ұсынылмаған болып саналады.

Балалар – біздің өміріміздегі ең қымбат жан, сондықтан ата-аналар балалары үшін мұндай өнімдерді сатып алуда ақшаларын аямайды. Алайда, жоғарыдағы келтірілген мысал бойынша, өз міндетін дұрыс орындамайтын өндірушілер мен сатушылар осындай мүмкіндікті пайдаланып, сапасы күмәнді өнімдерді ұсынып, тұтынушыларды әдемі қаптамасымен алдағысы келеді. Есіңізде болсын, балаңыздың қауіпсіздігін сақтау – сіздің не сатып алатыныңызды мұқият қарастыруыңыздан басталады", - Жанна Биятан, "MOТҚҚҚ" ҚБ адам құқықтары жөніндегі сарапшысы.

ҚР "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" заңына сәйкес, тұтынушы тауарлар мен оларды өндірушілерге қатысты толық, шынайы ақпаратты алуға құқылы.

Тұтынушыларға арналған жадынама: егер сіз осындай мәселемен бетпе-бет келсеңіз не істеу керек?

1. Қайда хабарласуға болады:

  • Өнім сатып алынған дүкенге жазбаша шағым жазыңыз.
  • Жауап болмаса немесе жауап сізді қанағаттандырмаса, жергілікті тұтынушыларды қорғау немесе реттеуші органдарға хабарласыңыз.

2. Жауап беру мерзімдері:

  • Сатушы сіздің шағымыңызды алғаннан кейін 10 күн ішінде жауап беруі керек.
  • Бақылау органдарына жүгінгенде жауап тексеру аяқталғаннан кейін, бірақ екі айдан кешіктірілмей беріледі.

3. Келесі қадамдар:

Қанағаттанарлық жауап алмасаңыз ісіңізді әрі қарай қарау үшін сотқа немесе Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетіне хабарласуыңызға болады.

"Ешқашан бей-жай қарамаңыз! Балаларыңыздың құқығын қорғаңыз, сапалы тауарларды талап етіп, ешкімнің балаңыздың денсаулығына қауіп төндіруіне жол бермеңіз", – деп қорытындылады сөздерін құқыққорғаушылар.

Бұл материалды әлеуметтік жобаның орындаушысы – "Маңғыстау облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамы" қоғамдық бірлестігі дайындады.

Тауарлардың (жұмыстардың, қызметтердің) сапасын зерттеу нәтижелері туралы "MOТҚҚҚ" ҚБ таратқан ақпараттар жарнама болып табылмайды және тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін іске асыруға ықпал етеді.

Осыған ұқсас сұрақтар бойынша байланыс нөмірі 87054222739 немесе Instagram парақшасы OZPP.KZ

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2157126-balalardy-qauipti-kosmetikadan-qalai-qorgauga-bolady-ata-analar-ushin-mangyzdy-aqparat/