"Не үй жоқ, не ақша жоқ": Атырауда баспаналы боламыз деген үлескерлер алданып қалған
Жарияланған күні:
Атырау қаласының тұрғындары баспаналы боламыз деп JMcapital холдингіне миллиондап ақшасын салған. Алайда үйдің құрылысы бір жыл бұрын тоқтап қалып, салымшылар ақшасын қайтара алмай жүр, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Атырау қаласының тұрғыны Динара Бақаева 2022 жылы пәтер алмақ болып компанияға 16 миллион теңгесін салған. 2023 жылы пәтердің кілтін алуы тиіс еді. Бірақ үйдің құрылысы бір жыл бұрын тоқтап қалған. Қазір ол уәделі үйін алмақ түгіл, салған ақшасын қайтара алмай жүр.
"Жаңа үйден 3- бөлмелі пәтер аламыз деген мақсатпен компанияға бастапқыда 16 миллион теңге салдым, қалған ақшасын әр айға бөліп берді, яғни кілтті қолымызға алғанға дейін төлеуім қажет. Алайда былтыр үйдің құрылысы тоқтап қалды. Сол күйі тұр, басшылар байланысқа шықпайды. Не үй жоқ, не ақша жоқ. Компания тіпті өз қызметкерлеріне еңбекақысын төлемей жүрген көріреді. Өзім пәтер жалдап жүрмін, екі балам бар. Сотқа бердік, қазір сот отырысын күтіп отырмыз", - дейді тұрғын Динара Бақаева.
Тұрғынның айтуынша, JMcapital холдингі Әбілхайыр хан көшесінде 16 және 9 қатарлы бірнеше үйдің құрылысын бастаған, салымшылардың нақты саны белгісіз көрінеді. Қазіргі уақытта ортақ чаты бар 10 адам сотқа жүгінген.
"Басқа тұрғындарды танымаймыз, бірақ олар көп. Бізге дейін де сотқа бергендер процессті жеңіп шыққан. Қазір біз өз ақшамызға адвокат жалдауға мәжбүр болып отырмыз", - дейді тұрғын.
Атырау облысының Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы Әбілхайыр хан, 85 мекенжайы бойынша үй салып жатқан "New Real Estate" ЖШС құрылыс жүргізуге рұқсаты бар екенін растады.
"Құрылыс нысаны 67 пайызға аяқталған. Алайда, бұл компанияның үлескерлер тартуға тиісті рұқсаты жоқ", - деп жауап берді ведомство маманы.
Мамандар Атырау қаласы бойынша үлескерлер тартуға тиісті рұқсаты жоқ 29 нысанды анықтаған. Ал, тиісті рұқсатсыз үлескерлерден қаражат тартуға Қазақстан Республикасының "Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы" заңымен тыйым салынғанын ескертеді.
JMcapital холдингі өкілінің айтуынша, үйдің құрылысы жүріп жатыр, бірақ берілетін уақыты кейінге шегерілген.
"Towers тұрғын-үй кешені 2023 жылы берілуі тиіс еді. Қосымша келісім-шарт жасалып, уақыты 2025 жылға ауысты. Үйлер кезең кезеңімен беріледі. Сотқа жүгінген тұрғындардың мәселесінен басшылық хабардар. Қазіргі уақытта шешіліп жатыр", - деп жауап берді JMcapital холдингінің сату бөлімінің менеджері Эльмира Досымова.
Авторы Әйгерім Сайқын
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2157252-ne-ui-zhoq-ne-aqsha-zhoq-atyrauda-baspanaly-bolamyz-degen-uleskerler-aldanyp-qalgan/