Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ауыл балалары күрделі жөндеу жүріп жатқан мектепте білім алуға мәжбүр

Жарияланған күні:

Мектеп
Мектеп. Фото: KAZ.NUR.KZ / Айнұр Нұрмағамбетова

Қостанай облысында Новонежин ауылындағы 300-ден астам бала қауіпті аймақта білім алып жатыр деп ата-аналар шу көтерді. Құрылысшылар білім ордасының шатырын бұзып, терезелерін алып тастаған. Мектептің 2 және 3-қабаттарында күрделі жөндеу жүріп жатыр, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Маңызды тұстар
close
Бұл мәтін автоматты түрде ЖИ көмегімен жазылған және редактор тексермеген, сондықтан фактологиялық және грамматикалық қателер болуы мүмкін. Толығырақ жарияланымда.
  • Қостанай облысының Новонежин ауылындағы мектепте күрделі жөндеу жүріп жатқан кезде 300-ден астам бала білім алуда, бұл ата-аналардың наразылығын тудырды.
  • Динара Садуақасова атты тұрғын мен Базаркүл Ағзамова есімді ата-ананың айтуынша, мектептегі жағдай балалардың қауіпсіздігі мен білім алуына қолайсыз.
  • Мердігер компанияның бас директоры Анатолий Громченко мен Әулиекөл аудандық білім бөлімінің басшысы Досбол Құсайынов жөндеу жұмыстарының барысы мен аяқталу мерзімі туралы өз пікірлерін білдірді.

Әулиекөл ауданы Новонежин ауылындағы 3 қабатты мектептің 2, 3-қабаттарындағы шатыры мен терезелері жоқ мектепте сабақ жүріп жатыр.

"1 қыркүйекке балаларды қарсы алуға мүлдем дайын болған жоқ. Мына жерде жөндеу жұмыстары жүріп жатқанда сабақ оқу балалар үшін тым қауіпті. Баланың басына не үстіне бірдеңе құлап кетпесіне ешкім, мұғалім де, басқа да кепілдік бере алмайды", - дейді Новонежин ауылының тұрғыны Динара Сәдуақасова.

Ата-аналар балалардың білім алуына жағдай жасалмағанына наразы.

"11-сыныпта балам оқиды, қазір ол күреспен айналысатын залда оқып жатыр. Онда ешқандай білім алуға жағдай жоқ. Интернет істемейді, тар жерде тығылып отырады. 6-7 сағат мектепте болғанда тамақтана да алмайды", - дейді Базаркүл Ағзамова.

Ата-аналар
Ата-аналар. Фото: KAZ.NUR.KZ / Айнұр Нұрмағамбетова

Құрылыс жүріп жатқан жерде балалардың жүргеніне мердігер компания да қарсы болған. Алайда жергілікті биліктің айтқанынан шыға алмаған. Олар бірінші қабаттан бірнеше кабинетті 1 қыркүйекке дейін жөндеп беруді сұрапты. 5-9-сынып оқушылары сонда білім алып жатыр. Ал бастауыш сыныпты мектеп ауласындағы бала-бақшаға орналастырған.

"Біз үнемі салынып бітпеген нысанға балабақша, аурухана, мектептің орналасқанына қарсымыз. Бұл құрылыс алаңы, сондықтан мұндағы қауіпсіздікке ешкім кепілдік бере алмайды. Оның үстіне бұл – балалар. Әрине, қарсы болсақ та, сұрағандарын жасап бердік. Бір қанатын бөліп, дәлізді жаптық, бөлек кіретін есік жасадық", - дейді мердігер компанияның бас директоры Анатолий Громченко.

Мектептегі құрылыс жұмыстары
Мектептегі құрылыс жұмыстары: KAZ.NUR.KZ / Айнұр Нұрмағамбетова

Аумағы 4,5 мың шаршы мектепті еденінен бастап шатырына дейін, электр желілері мен жылу жүйесін жаңалауға 475 млн теңге бөлінген. Мердігер компания бүгінде соның 70 млн теңгесін игерді. Жоба бойынша жөндеуді 2025 жылы аяқтауға тиіс. Ал білім бөлімінің басшысы жөндеу жұмыстары жақында бітеді дейді.

"Мердігерлермен 15 қазанға дейін бәрін аяқтауға келісім бар. Олар жоспарды кешіктіріп жатыр. Қазір енді ата-аналар оқушыларды онлайн форматқа ауыстырсын деп өтініш жасап жатыр, біз бұл мәселені ата-ана ұсыныстарын қарастырып, шешімін айтамыз", - дейді Әулиекөл аудандық білім бөлімінің басшысы Досбол Құсайынов.

Қостанай облыстық білім басқармасының мәліметінше, мердігерге жұмыс қарқынын жеделдету қажеттілігі туралы бірнеше рет шағымдар жіберген. Қазіргі уақытта мердігерге 1 қыркүйектен бастап күн сайын өсімпұл есептелетіні туралы ескерту жасапты. Құрылыс компаниясын мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану үшін сотқа материалдар дайындалуда.

Ата-аналар шағымынан соң балалардың қауіпсіздігі үшін учаскелік полиция қызметкері және білім басқармасы қызметкерлерінің тұрақты кезекшілігі ұйымдастырылған. Сонымен қатар мердігерге жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан учаскелерге бөгде адамдардың кіруін шектейтін қоршаулар орнату туралы нұсқаулар берілді. Оқушылар мектепте болған кезде сыртқы жөндеу жұмыстары жүргізілмейді.

Автор: Айнұр Нұрмағамбетова

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2157825-auyl-balalary-kurdeli-zhondeu-zhurip-zhatqan-mektepte-bilim-aluga-mazhbur/