Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Бас прокуратура өкілдері референдумға байланысты қазақстандықтарға үндеу жасады

Жарияланған күні:

Бас прокуратура кеңсесі
Бас прокуратура кеңсесі. Фото: gov.kz

Бас прокуратура өкілдері АЭС салу бойынша референдумға байланысты қазақстандықтарға үндеу жасады. Бұл туралы қадағалаушы органға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

ҚР Бас прокуратурасының Telegram-дағы ресми арнасында жарияланған ақпарат бойынша, референдумды әзірлеу мен өткізу тәртібі "Республикалық референдум туралы" және референдум туралы заңнамаға қайшы келмейтін бөлігінде "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" конституциялық заңдарымен реттеледі.

"Атап айтқанда, республикалық референдумға байланысты қоғамдық пікірге сауал салу "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Қазақстан Республикасының конституциялық заңында белгіленген талаптарға сәйкес оған дайындық пен өткізу кезеңінде жүргізілуге тиіс ("Республикалық референдум туралы" конституциялық заңының 7-1-бабы).

Қоғамдық пікірге сауал салуды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тіркелген, қоғамдық пікірге сауал салуды жүргізу бойынша кемінде 5 жыл тәжірибесі бар заңды тұлғалар тиісті құжаттардың көшірмелерін қоса беріп, бұл туралы Орталық сайлау комиссиясын жазбаша түрде алдын ала хабардар ете отырып жүргізуге құқылы", - делінген прокуратура хабарламасында.

Орталық сайлау комиссиясына жіберілетін хабарламада сауал салуды жүргізуге қатысатын және осы салада жұмыс тәжірибесі бар мамандар туралы, қоғамдық пікірге сауал салу жүргізілетін өңірлер туралы, қолданылатын талдау әдістері туралы мәліметтер көрсетіледі.

Қоғамдық пікірге сауал салу нәтижелерiн дауыс берiлетін күннің алдындағы 5 күн ішінде және дауыс берiлетiн күні бұқаралық ақпарат құралдарында, онлайн-платформаларда жариялауға жол берілмейдi.

Сондай-ақ сайлау күнi дауыс беруге арналған үй-жайда немесе пунктте қоғамдық пiкiрге сауал салуды жүргізуге тыйым салынады ("Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" ҚР конституциялық заңының 28-бабының 9-тармағы). Бұл талаптарды бұзғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 120-бабына сәйкес әкімшілік жауаптылық көзделген.

"Сонымен бірге дайындықтың алғашқы күндерінен бастап прокуратура органдары аталған заңнамалық актілерінің талаптары бұзылған фактілерді анықтады.

Бүгінге республикалық референдумға қатысты заңсыз қоғамдық пікірге сауал салуды жүргізудің 8 фактісі анықталды. Алты жағдайда оларды жеке тұлғалар, ал екеуінде заңды тұлғалар Орталық референдум комиссиясын алдын ала хабардар етуінсіз жүргізген", - дейді прокуратура өкілдері.

Бұл фактілер бойынша прокуратура органдары төрт азамат пен екі заңды тұлғаны Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 120-бабының 3-бөлігі бойынша әкімшілік жауаптылыққа тартып, оларға айыппұл салған. Қалғандары бойынша оларды көзделген жауаптылыққа тарту жөнінде жұмыстар жүргізілуде.

"Референдумға қойылған мәселе бойынша азаматтар мен қоғамдық бірлестіктер үгіткезінде жиналыстарда, митингілерде, азаматтардың жиындарында, бұқаралық ақпарат құралдарында өз пікірлерін білдіруге құқылы екенін назар аудартамыз ("Республикалық референдум туралы" конституциялық заңның 7-бабы)", - делінген хабарламада.

Үгіт кезеңі 3 қыркүйекте басталды және 2024 жылғы 4 қазанға дейін жалғасады (сағат 24:00-ге дейін). Референдумның қарсаңындағы және референдум күндері, яғни 2024 жылғы 5 және 6 қазанында үгіт жүргізуге тыйым салынады.

Бұқпантай үгiт материалдарын таратуға тыйым салынады.

"Үгiт материалдарын ескерткiштерге, ескерткіш тұғырларға, тарихи, мәдени немесе сәулеттiк құндылығы бар үйлер мен ғимараттарға, сондай-ақ дауыс беруге арналған үй-жайларға iліп қоюға рұқсат етілмейді", - дейді қадағалаушы орган өкілдері.

Оларды сақтамау Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің тиісінше 102, 113 және124-баптары бойынша жауаптылыққа әкеп соғады.

"Сондай-ақ Республиканың конституциялық құрылысын күштеп өзгертуге, тұтастығын бұзуға, мемлекет қауiпсiздiгiне нұқсан келтiруге, соғысқа, әлеуметтiк, нәсiлдiк, ұлттық, дiни, тектiк-топтық және рулық астамшылыққа, сондай-ақ қатыгездiк пен зомбылыққа табынуға үгiттеуге тыйым салынған.

Бас прокуратура азаматтарды, қоғамдық ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарын республикалық референдумға дайындық және оны өткізу кезінде қолданыстағы заңнаманы қатаң сақтауға шақырады", - дейді Бас прокуратура өкілдері.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2160493-bas-prokuratura-okilderi-referendumga-bailanysty-qazaqstandyqtarga-undeu-zhasady/