Түркістан облысында 300-ге жуық оқушы көрші ауылға барып оқуға мәжбүр
Жарияланған күні:
300-ге жуық оқушы көрші ауылға қатынап оқуға мәжбүр. Төлеби ауданы Кеңесарық елді мекеніндегі мектепте күрделі жөндеу жұмысы жүріп жатыр. Салдарынан оқушылар 22 шақырым қашықтықта орналасқан Қостөбе ауылында білім алып жүр, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Ontustiktv.kz-ке сілтеме жасап.
Телеарнаның ресми сайтында хабарланғандай, алыс жолға қатынау үшін арнайы автобус қарастырылыпты. Қасқасу ауылдық округіне қарасты Кеңесаарық елдімекенінің оқушылары биыл алғашқы қоңырауды өз мектебінде соқпады. Оған 1 маусымнан бастап мектепте күрделі жұмыстың жүруі себеп болған. Қазіргі таңда ауылдағы оқушылар 22 шақырымдағы Қостөбе ауылындағы мектепте білім алуға мәжбүр болып отыр.
уыл орталығына таңғы 11:00 де алдымен бастауыш сынып балалары жиналады. 117 оқушыны көрші ауылға жеткізу үшін 4 автобус қарастырылған. Ал қатынап оқитын үлкен сыныптағы 163 шәкірт 12:30-да сап түзеп тұрады. Балалардың бұлай сабылып жүргеніне ата-аналар алаңдаулы. Олар мектептегі жөндеу біткенше шыдаудан басқа амал жоқ деп отыр.
"Қараңғы батқанда қайтады, осы жерге келеді. Көшеде жарық бар. Амалдап жатырмыз мектеп біткенше. Бір айда бітіреміз деген. Мектебіміз бітпей қалса, қыс түсіп кетсе, біздің ауылды білесіздер, қыр-сай. Көше тайғанақ болуы мүмкін. Сол кезде қауіп көп болады", - дейді ауыл тұрғыны Сатқұл Қамбаров.
Оқушылармен қатар көрші ауылға 40 ұстаз қатынап сабақ беріп жүр. Олар үшін арнайы көлік қарастырылмаған. Бірі балаларға арналған автобуспен жүрсе, енді бірі көршілердің көлігіне мінгеседі. Ал білім ошағының өкілдері оқушыларды іргелес елді мекеннен ерте қайтару үшін бірқатар сабақтың уақытын қысқартуға мәжбүр.
"Бір автокөліктің бұзылуына байланысты қазір бір автокөлікпен оқушыларымызды ол жақтан жібереміз. Бір автокөлік екі мәрте ауылға барып келіп жатыр. Шыны керек, дене шынықтыру, көркем еңбек деген сабақтардан бес-он минутқа ерте босатып, тасымалдап жатырмыз", - дейді Б. Биболатұлы атындағы орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Бекен Маткаримов.
Ал шағын ауылдағы жалғыз мектеп 1 маусымнан бастап жөндеуге жабылған. Құрылыстың желтоқсан айында қолданысқа беріледі деп жоспарланған. Алайда мердігер мекеме өкілі жөндеуді ерте аяқтап, мемлекеттік нысанды тапсыруды көздеп отыр. Аудандық білім бөліміндегілер жөндеу жұмысының біарз уақыт тоқтап қалғанын айтады. Оған техникалық қадағалаушылардың өзара соттасуы себеп болған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2160793-turkistan-oblysynda-300-ge-zhuyq-oqushy-korshi-auylga-baryp-oquga-mazhbur/