Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Түркістан облысында оқушылар мектепке сыймай дәлізде сабақ оқуға мәжбүр

Жарияланған күні:

Дәліздегі қолдан жасалған сынып
Дәліздегі қолдан жасалған сынып. Фото: KAZ.NUR.KZ / Назерке Еркінбекқызы

Түркістан облысындағы үш ауысымда оқитын Қазығұрт ауданындағы орта мектепте тіпті кей кабинеттерді мұғалімдер өз қолымен салған. Өйткені жергілікті биліктен алты жылдан бері қайыр жоқ дейді тұрғындар. Ал білім бөлімі болса бұған дейін бюджеттен ақша күткенін алға тартады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Түркістан облысы, Қазығұрт ауданы, Шарбұлақ ауылында жалғыз мектеп бар. Оның өзінің жартысы қалған. Өйткені 1961 жылы салынған білім ұясының бір бөлігі 6 жыл бұрын жарамсыз деп танылыпты. Содан бері мыңнан аса оқушы 42 жыл бұрын салынған бөлігінде үш, кейде төрт ауысымда оқуға мәжбүр.

"Ауданның, ауылдың әкімдерінің бес-алтауы ауысты. Содан бері қарай міне ендігі жылы, міне биыл, міне келесі жылы деп сағызша созылып келе жатыр. Балалар үш ауысым емес, төрт ауысымға дейін жетті. Бірінің үстіне бірі шығып, мектепте оқып жатыр", - дейді ауыл тұрғыны Жүнісбек Құранбеков.

Мыңнан аса бала оқып жатқан 600 орындық мектепте мұғалімдер тек сабақ өтпейді. Қала берді бос жерінен кабинет құрастыруды үйренген. Өйткені баланы аспан астында оқыта алмаймыз дейді амалы таусылған ұстаздар.

Дәліздегі қолдан жасалған сынып
Дәліздегі қолдан жасалған сынып. Фото: KAZ.NUR.KZ / Назерке Еркінбекқызы

"Оқушы санының көптігіне байланысты біз оқушыларды қайда апарарымызды білмей, мына дәліздеріміз үлкен еді соған байланысты мына оқу кабинеттерін ашып едік. Өйткені оқушыларды далаға оқытпаймыз ғой. Қазір алты класс дәлізде ашылған кабинетте оқиды", дейді мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Мұхитжан Батырбек.

Шарбұлақ ауылындағы мектеп жайынан жергілікті білім бөлімінің басшылары хабардармыз дейді. Алайда осы күнге дейін құжаттар реттеліп, бюджеттен бөлінетін ақшаны күткенін айтады.

"21 жылы жобалау сметалық құжаттары сараптамадан шықты. 1 млрд 600 млн теңге болып. Бірақ облысқа өткеннен кейін облыстық құрылыс басқармасы қайта өзгерту енгізді. Ол 2023 жылы шықты сараптамадан. Қазіргі таңда конкурстық құны 1 млрд 965 млн теңге", - дейді Түркістан облысы, Қазығұрт аудандық білім бөлімінің бас маманы Әмірхан Мамытбеков.

Мектеп іші
Мектеп іші. Фото: KAZ.NUR.KZ / Назерке Еркінбекқызы

Мектепті салуға биылға 10 миллион теңге бөлінген екен. Ал құрылыс жұмыстары 2025 жылы аяқталып, қолданысқа беріледі деп жоспарланған. Оған дейін оқушыларға дәлізде білім алудан басқа шарасы жоқ.

Автор: Назерке Еркінбекқызы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2160946-turkistan-oblysynda-oqushylar-mektepke-syimai-dalizde-sabaq-oquga-mazhbur/