Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қонаевтың жеке күзетін басқарған генерал-лейтенант туралы не білеміз

Жарияланған күні:

Дінмұхаммед Қонаев, Амангелді Шабдарбаев
Дінмұхаммед Қонаев, Амангелді Шабдарбаев. Фото: exclusive.kz

Бұл мақалада Қазақстанға басшылық еткен Дінмұхаммед Қонаевтың, кейін Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке күзетін, Ұлттық қауіпсіздік қызметін басқарған генерал-лейтенат Амангелді Шабдарбаевтың өмірі мен қызметіне тоқталдық.

Маңызды тұстар
close
Бұл мәтін автоматты түрде ЖИ көмегімен жазылған және редактор тексермеген, сондықтан фактологиялық және грамматикалық қателер болуы мүмкін. Толығырақ жарияланымда.
  • Мақалада Қазақстан басшылары Дінмұхаммед Қонаев пен Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке күзетін, кейін Ұлттық қауіпсіздік қызметін басқарған генерал-лейтенант Амангелді Шабдарбаевтың өмірі мен қызметі баяндалады.
  • Шабдарбаев Қонаевпен жақын қарым-қатынаста болғанын, оның адамгершілік қасиеттерін үлгі еткенін айтады. Ол Қонаевтың қызметінен кеткеннен кейін де қасында болғанын және Назарбаевтың күзет қызметіне шақырғанда Қонаевтан рұқсат сұрағанын баяндайды.
  • Мақалада Шабдарбаевтың әскери қызметтен бастап, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы қызметіне дейінгі мансабы, сондай-ақ оның басшылығы кезіндегі маңызды оқиғалар мен шешімдер туралы айтылады.

Бұрынғы чекист Амангелді Шабдарбаев Қонаев туралы әлі күнге дейін жылы естеліктер айтып, оның адамгершілік қасиеттерін бойына сіңіргенін, саяси аренадан кеткеннен кейін де қасынан табыла білгенін айтады:

"Қонаев Қазақстанды басқарған 25 жыл ішінде оның көптеген комиссары, көмекшісі, басқарушысы болды. Солардың ішінде мен ең жасы болдым және тарихта оның соңғы комиссары ретінде қалдым, бұл қызметті төрт жылдан сәл астам уақыт атқардым, шындап келгенде, тым қысқа мерзім, Қонаев саяси аренадан кеткеннен кейін де мен оның жанында болдым".

Шабдарбаев естеліктерінде Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің Қонаевтың қауіпсіздігіне жауап беретін арнайы бөліміне 1982 жылдың күзінде қабылданғанын, оның бұл қызметке қабылдануына Зухра Шәріпқызының да ықпалы болғанын жазады. Қонаев қызметінен алынғаннан кейін Шабдарбаев та жұмыссыз қалып, басқа салаға кетеді.

Кейін Президент күзеті қызметі құрылып, Шабдарбаев қызметке шақырылғанда, Қонаевпен ақылдасып, рұқсатын алып барған.

Бұл жағдайды қаламгер Ораз Қауғабай Амангелді Шабдарбаев Дінмұхаммед Қонаевқа баласындай болғанын жаза келе, былай сипаттайды:

"Екеуі әкелі-баладай сыйласып, өте жақсы қарым-қатынаста жүрді. Сөйтіп жүргенде ойламаған жерден Амангелдіні елбасы өзіне қызметке шақырды. Әбекең не істерін білмей қиналды. Ойлануға мұрсат сұрады. Туған әкесіндей болып кеткен Димекеңе мұны айтуға мәжбүр болды. Өйткені немере ағасы оған "алдымен ағамен ақылдас" деген еді. Амангелді бір күні Димекеңе жоғары жаққа қызметке шақырып жатқанын айтты. Бұған Димекең бек қуанды. "Қызметте өсу керек. Сәті түсіп тұрғанда балам бағынды, байлама" деп рұқсатын берді. Арада бір-екі күн өткенде ол Димекеңмен қоштасуға келді. Біраз әңгімелесіп, енді қол алысып қоштасар сәтте Димекең Амангелдіге қарап оны қимай елжіреп: "Қарағым, қамкөңіл қарияны ұмытпай, есіңе алып жүргейсің" деп неге екені белгісіз көзіне ыстық жас алып, егіліп кетті. Өйткені құдай қосқан қосағынан айырылып жалғыз қалған қарт шынында қамкөңіл еді. Мына жағдай Амангелдіні де еріксіз елжіретіп, ол да іштей егілді".

Амангелді Шабдарбаевты күні бүгінге дейін Қонаевтың есімін дәріптеп жүрген жан ретінде білеміз. Өзі естеліктерінде Қонаевтың көп қасиетін бойына сіңіріп, адамгершілігін үлгі ететінін айтады.

Дінмұхаммед Қонаев, Зухра Шәріпқызы, Амангелді Шабдарбаев
Дінмұхаммед Қонаев, Зухра Шәріпқызы, Амангелді Шабдарбаев. Фото: www.youtube.com/@AS-tx5oi

Өмірі, қызметі

Амангелді Смағұлұлы Шабдарбаев 1950 жылғы 1 тамызда Алматы облысының Қаскелең ауданында (қазіргі Қарасай ауданы) дүниеге келген.

Журналист Аман Тасығанға берген сұқбатында әкесінен 4 жасында қалғанын, бес баланы анасы жалғыз жүріп аяқтан тұрғызғанын, өмірде жеткен жетістігінің барлығын анасына арнағанын айтады.

Амангелді Шабдарбаев Қазақ дене шынықтыру институтын, Мәскеу қаласындағы КСРО МҚК Жоғары курстарын бітіріп, оқытушы-жаттықтырушы, заңгер мамандықтарының иесі атанған.

Оқуын тәмамдаған соң сол оқу орнында сабақ беріп, кейін әскери қызметке шақырылған.

Әскерден кейін оның тағдыры түбегейлі өзгереді: 1976 жылдан бастап Шабдарбаев Қазақ КСР Мемлекеттік қауіпсіздік комитетіне қызметке ауысады, жедел уәкіл және аға жедел уәкіл қызметтерін атқарды. 1986 жылғы белгілі Желтоқсан оқиғасынан кейін қызметінен кетеді де, "Қазмұнайжолқұрылысы" тресінде бастапқыда шебер, кейін бастықтың орынбасары болып еңбек етеді.

Тәуелсіздік алғаннан кейін еліміздің алдында көптеген міндеттер, соның ішінде ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі туындайды. Қазақстанның жоғары лауазымды тұлғаларын қорғау да күн тәртібінде тұрады. Сөйтіп 1992 жылы Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті базасында Президенттің күзет қызметі құрылады. Амангелді Шабдарбаев сол қызметті құруға ұйытқы болып, бөлімше бастығы, кейін бөлім бастығының орынбасары қызметтерін атқарады. 1993 жылғы мамырдан бастап қызмет басшысының орынбасары дәрежесінде Президент күзет қызметінің бірінші бөлімін басқарады, ал сәуірде Президент күзет қызметі басшысының бірінші орынбасары болып тағайындалады.

  • 1995 жылдың күзінде Президен күзет қызметі мемлекет басшысына тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік орган мәртебесін алды, бұған Амангелді Шабдарбаевтың сіңірген еңбегі зор болған. Алайда Шабдарбаев 1995 жылдың қарашасында құрылған Мемлекеттік тергеу комитеті төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалады.
  • 1997 жылы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің "А" қызметінің басшы болып барады. Орталық мемлекеттік органдарды жаңа астанаға көшіру кезеңінде А.С.Шабдарбаев Президенттің Күзет қызметі бастығының орынбасары болып қайта оралады.
  • 2002 жылы қаңтарда Президент күзет қызметінің бастығы атанады.
  • 2006 жылы наурызда Қазақстан Республикасы президентінің жарлығымен генерал-лейтенант Амангелді Шабдарбаев Ұлттық қауіпсіздік комиетітінің төрағасы болып тағайындалды.

"Амангелді Шабдарбаев бұрын-соңды саясатпен айналыспаса да, түрлі сауалнамаларға сәйкес, еліміздегі ең ықпалды жиырма саясаткердің бірі ретінде саналғаны да заңды еді. Президенттің оны Ұлттық қауіпсіздік комитеті басшысы лауазымына кандидатурасын таңдауына осы жағдай ықпал етті", - деп жазады Сүйіндік Бахтияров.

  • 2009 жылғы 7 желтоқсанда Қазақстан Республикасы президентінің жарлығымен Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы қызметінен босатылып, Қазақстан Республикасы президентінің кеңесшісі болып тағайындалды.
  • 2012 жылғы 23 қаңтарда Қазақстан Республикасы президентінің жарлығымен Республикалық ұланның қолбасшысы болып тағайындалды.
  • 2013 жылғы 7 наурызда әскери қызметте болудың шекті жасына жетуіне байланысты қызметінен босатылды.
  • II дәрежелі "Даңқ" орденімен және көптеген наградамен марапатталған.
Амангелді Шабдарбаев
Амангелді Шабдарбаев. Фото: veteransgo.kz
Мен таңдаған мамандық менің өміріме көпшілік қауым үшін жабық, көзге көп көріне бермеу талабын қойды. Отан сақшыларының үлесіне ел мүддесін қорғау, саясаткерлердің қабылдаған шешімдерінің орындалуын қамтамасыз ету, демек, саясаттан тыс, көпшілікке көріне бермей, қоғам мүддесінің фокусынан тыс өмір сүру бұйырған. А. Шабдарбаев. 

Журналист Динара Мыңжасар Амангелді Шабдарбаев елді дүр сілкіндірген қылмыстық оқиғалар кезінде, яғни 2006-2009 жылдары Ұлттық қауіпсіздік комитетінде төраға болғанын, оған Алтынбек Сәрсенбайұлына жасалған қастандық пен Заманбек Нұрқаділовтің жұмбақ өліміне қатысты қылмыс та, тергеу материалдары да таныс екенін жазады.

Амангелді Шабдарбаев Ұлттық қауіпсіздік қызметінде төрағалық еткен жылдары бірде-бір террористік актіге жол берілмегенін, арнайы қызметтер ұйымдасқан террористердің үш қылмыстық тобын анықтап, залалсыздандырғанын еске алады.

Сондай-ақ ол төрағалық еткен жылдары Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиев пен онымен жақын байланыста болғандар қуғындала бастаған. Бұрынғы ҰҚК төрағасы сұқбаттарында оның үстінен іс қозғауға өзі түрткі болғанын айтады.

Шабдарбаевтың басқаруындағы ҰҚК араласқан тағы бір атышулы іс – қорғаныс министрлігінің бұрынғы орынбасары Қажымұрат Мейірмановтың ісі. ҰҚК оған жемқорлық қылмысқа қатысты айып тақты.

Амангелді Шабдарбаев 2010 жылы Нұрсұлтан Назарбаевпен қоштасқан кезде бір-біріне ауыр сөздер айтып, алдына арызын лақтырып тастап, есігін теуіп кетіп қалғанын айтады.

Қаңды Қаңтардан кейін Шабдарбаев журналистерге берген сұқбаттарында Қаңтарға дейін Кәрім Мәсімовпен кездескенін, Мәсімов оған Жаңа жылдан кейін үлкен өзгеріс болатынын айтқанын жасырмайды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2161278-qonaevtyng-zheke-kuzetin-basqargan-general-leitenant-turaly-ne-bilemiz/