Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Атырауда бұзақылар 8 ай дайындалған жаңа арт-нысанды қиратып кеткен (фото)

Жарияланған күні:

Саябақтағы бүлінген мүсін
Саябақтағы бүлінген мүсін. Фото: "Каспийдормостострой" ЖШС

Атырауда бұзақылар 8 ай дайындалған жаңа арт-нысанды қиратып кеткен. "Туған жерге махаббатпен" деп аталатын мүсін қаланың ретро-саябағында бар-жоғы алты сағат қана тұрып үлгерген. Полиция арт-нысанды қиратып кеткен жасөспірімдерді анықтады, деп хабарлайды өңірдегі KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Мүсінді отандық компаниялардың бірі өз қаражатына тапсырыс беріп, қала саябағына тарту еткен. Алайда жасөспірімдер мүсіннің бетіндегі әріптерін жұлып, аяқтарымен езіп кеткен көрінеді. Атырау қаласын абаттандырумен айналысатын компания басшысының айтуынша, мүсінді шеберлерге тапсырыс беріп жасатқан. Авторлық туындыны дизайнер, архитектор, суретші бірігіп 8 ай бойы құрастырған.

"Біз тендер, конкурс өткізбедік, мемлекеттен қаржы сұрамадық. Өз қаражатымызға қалаға сыйға тарту еткіміз келді. Үлкен мегаполистердегідей қаламызға сән беріп тұрса, тұрғындар және қонақтан қасына суретке түссе деген ой болды.

Айналасын тірі гүлдермен әсемдедік. Бірақ ретро-саябаққа қойған күні бұзақылар сындырып кеткен. Осыған дейін де гүлдерді, газонды таптап кету, гүл ыдыстарын сындырып, гүлдерді жұлып алу сияқты адамдар арасында ұсақ бұзақылықтар жиі кездесетін",- дейді мүсінді орнатқан компания басшысы Леонид Задерный.

Саябақтағы мүсін. Дейін және кейін.
Саябақтағы мүсін. Дейін және кейін. Фото: "Каспийдормостострой" ЖШС

Атырау облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, саябақтағы көрнекілікті бүлдірген жасөспірім жауапқа тартылған.

"Әлеуметтік желіде қаладағы саябақтардың біріндегі көрнекілікті бүлдірді деген ақпарат таралды. Сол күні екі жасөспірім анықталып, ата-анасымен полиция бөлімшесіне жеткізілді. Олардың ата-анасының қатысуымен профилактикалық түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Саябақтағы көрнекілікті бүлдірген бір жасөпірім екені анықталып, ата-анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды",- деп жауап берді полиция департаменті.

Саябақтағы бүлінген мүсін
Саябақтағы бүлінген мүсін. Фото: "Каспийдормостострой" ЖШС

Полиция қала тұрғындарын қоғамдық тәртіпті бұзбауға шақырып, заңбұзушылықтар мен тұрғындар тыныштығы қатаң бақылауда екенін ескертті.

Әйгерім Сайқын

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2161512-atyrauda-buzaqylar-8-ai-daiyndalgan-zhanga-art-nysandy-qiratyp-ketken-foto/