Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Маңғыстау облысында балалардың жаппай улануы: зертханалық зерттеу қорытындысы шықты

Жарияланған күні:

мектеп асханасындағы оқушылар
Мектеп асханасындағы оқушылар. Фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Маңғыстау облысында оқушылардың тамақтан улану дерегі бойынша зертханалық зерттеу қорытындысы шықты. Бұл туралы Маңғыстау облысының Қоғамдық коммуникация орталығы хабарлады.

Маңғыстау облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті өкілдерінің мәліметінше, 7-13 қыркүйек аралығында Мұнайлы ауданы Бесшоқы тұрғын массивінде орналасқан №8 жалпы білім беру мектебінде "тағамнан улану" дерегі тіркелді.

Маңғыстау облысының ұлттық сараптау орталығының зертхана мамандары жоспардан тыс эпидемиологиялық тексеру жүргізді.

Зертханаға дайын тамақ өнімдерінен, су және асхана қызметкерлерінен бактериологиялық тексеруге сынамалар алынған.

"Қорытындыға сәйкес, мектеп асханасын санитариялық-эпидемиологиялық тексеру барысында өрескел санитарлық бұзылушылықтар анықталды:

1. Піскен тамақ өнімдерінен патогенді бактериялар зертханалық түрде дәлелденді; (картоп езбесінен, құс етінен әзірленген котлеттен, соустан және компоттан);

2. Алынған сүртінді сынамаларының 20 пайызынан ішек бактериялары дәлелденді;

3. Мектеп асханасында жұмыс істейтін 10 қызметкерден, 1 медициналық қызметкерден және 1 жеке кәсіпкерден алынған бактериологиялық тексеру нәтижесінде 6 маманнан стафилакок таяқшалары анықталды;

4. Мектеп асханасы қызметкері (ыдыс жуушы) дизентерия бактериясын тасымалдаушы екені зертханалық түрде дәлелденді, сонымен қатар осы қызметкердің балаларға ас таратушыда болып қызмет арқарып, тамақты ластағаны дәлел болды;

5. Жеке медициналық кітапшаларын тексеру барысында 4 асхана қызметкері жалған медициналық тексерістен өткендігі анықталды, бұл жөнінде облыстық прокуратураға және облыстық ішкі істер департаментіне хат жолданды;

6. Қазіргі таңда осы жағдай бойынша Мұнайлы аудандық полиция басқармасы Қылмыстық кодекстің 304-бабының 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғап, сотқа дейінгі тергеу басталды", - делінген ведомство хабарламасында.

Маңғыстау облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мамандары бұл жағдайлар топтасқан бактериялық жұқпалы ішек ауруларының туындауына әкеп соқтырғанын мәлім етті.

Айта кетейік, бұған дейін осы облыстың Мұнайлы ауданы Бесшоқы ауылындағы мектептердің бірінде жалпы 460 бала уланғанын хабарлаған едік. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Facebook-тегі парақшасында балалардың жаппай улануына қатысты пікір білдірген еді.

Кейіннен уланған оқушылар саны 140 адамнан асқанын олардың 82-сі емханада емделіп жатқанын хабарладық.

9 қыркүйекте үкімет балалардың жаппай улануына қатысты жағдайды бақылауына алды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2161996-manggystau-oblysynda-balalardyng-zhappai-ulanuy-tekseris-qorytyndysy-shyqty/