"Бірінші рет емес": Маңғыстауда оқушылардың жаппай улануына қатысты жаңа дерек шықты (видео)
Жарияланған күні:
Маңғыстау облысында мектеп оқушыларының жаппай улануына қатысты жаңа мәліметтер анықталды. Балалар бұған дейін тамақтың сапасына шағымданған болып шықты, деп хабарлайды КТК телеарнасына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Айта кетсек, Мұнайлы ауданы Бесшоқы ауылындағы мектептердің бірінде жалпы 460 бала уланған. Телеарна тілшілері зардап шеккен мектеп оқушыларының ата-аналарымен тілдесті.
"Қазір екі балам қатты ауырып жатыр. Бірінші үлкен қызымның қызуы көтеріліп, кешке қарай кенже қызым да ауырып, құсты. Ауруханаға үш рет бардық, ол жерде орын жоқ. Мектепте не болғаны туралы нақты жауап берілмей жатыр", - дейді Светлана Масатаева.
Оқушылардың ата-аналары бұған дейін жаппай улану фактілері болмағанымен, балалар тағам сапасына шағымданған кезі болған дейді.
"Бұл бірінші рет қайталанып тұрған жоқ. Өткен жылы бұл мәселе үшін мен жалғыз дабыл қаққан болатынмын. Балам мектептегі ботқаның ашып кеткенін айтып келді. Көптеген ата-анадан: "Балаларыңыз шағымдана ма? Балаларыңыздан мектепте не жейсің деп сұрайсыздар ма?", - деп сұрадым. Олар: "Иә, балаларымыз шағымданып келді", - деді. Бәріміз барып, балаларымыз не жеп жатқанын көрейік десем де, ешкім барып көрген емес", - деді оқушының анасы Дариға Аманова.
Журналистер дәл осы компания тоғыз жылдан бері балаларды тамақтандыруға жауапты екенін анықтады. Улануға нақты не себеп болғаны белгісіз. Бірақ сол күні барлығына котлетпен картоп пюресі берілген.
Зардап шеккен 460 адамның 83-і ауруханаға жатқызылды, тіпті жансақтау бөліміне де түскендері бар. Қуанышқа қарай, қазір балалардың беті бері қарады.
"Жансақтау бөлімінде болған екі бала бүгінде жағдайының жақсаруына байланысты жалпы бөлімшеге ауыстырылды. Қазіргі уақытта балаларға барлық қажетті көмек толық көлемде көрсетіледі", - деді Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бекболат Ізбасаров.
Ішкі істер министрлігі балалардың жаппай улануы дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Ал алдағы бір айда еліміздегі барлық мектеп асханаларында санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуына тексеру жүргізіледі.
Дереккөз: КТК
Еске салсақ, бұған дейін Маңғыстаудағы мектептердің бірінде балалар жаппай уланып қалғанын хабарлаған едік. Олардың ата-аналары шағым түсірген. Жағдайға облыстық денсаулық сақтау басқармасы түсініктеме берген еді.
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Facebook-тегі парақшасында балалардың жаппай улануына қатысты пікір білдірген еді.
Кейіннен уланған оқушылар саны 140 адамнан асқанын олардың 82-сі емханада емделіп жатқанын хабарладық.
9 қыркүйекте үкімет балалардың жаппай улануына қатысты жағдайды бақылауына алды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/2159395-birinshi-ret-emes-manggystauda-oqushylardyng-zhappai-ulanuyna-qatysty-zhanga-derek-shyqty-video/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.